Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік желі әлекке салмасын

Әлеуметтік желі әлекке салмасын

Әлеуметтік желінің «заманы» болып тұр. Сатамын десең де, аламын десең де, көремін десең де, үйренемін, тіпті үйретемін десең де мүмкіндік мол. Алыс-беріс пен жарнама жасау үшін әсіресе «Meta» компаниясының «Instagram» әлеуметтік желісі өте ыңғайлы. Бұл желінің о бастағы мақсаты да осы еді.

Ал «Facebook» әлеуметтік медиа нарығында басым­дыққа ие. Сол бірлестіктің негізін салушы Марк Цукерберг 2012 жылы «Instagram» қосымшасын сатып алған. Дәл сол кезеңде адамдардың жаңа модельдегі смартфондарды пайдалана бастауына байланысты «Instagram» жиі қолданылатын бағдарламаға айналып, танымалдығы арта түскен. «Facebook»-тің әуелгі жоспары басқаша болатын. Бастапқыда «Facebook» бағдарламадағы фото жүктеу қызметтерін жетілдіріп, «Instagram» желісімен бәсекелес болуды көздеген. Кейін корпорация жетекшісі ірі әлеуметтік желімен сынға түскенше, оны сатып алған жөн деп есептеген. Қазіргі таңда миллиардтаған қолданушысы бар танымал әлеуметтік желілерден 38 жастағы американдыққа есепсіз ақша түсіп отырады.

Иә, күнделікті бір ашып қарап шықпасаңыз, өзіңізді жаңалықтан құр қалғандай сезінетін «Instagram» әлеуметтік желісі осылайша 2012 жылдың сәуірінен бастап «Facebook»-тің құрамына қосылған.

«Instagram» қосымшасы 2010 жылдың қазан айынан бастап күнделікті өмірін фото арқылы өзгелерге жариялағанды жаны сүйетіндер үшін қызмет көрсетіп келеді. Яғни, бағдарлама мобильді фотосуреттерді бөлісуге арналған. Бұл қосымша халық арасында кеңінен тарап, 2012 жылдың наурызында «Instagram» қолданушыларының саны 30 млн-ға жеткен.

Бағдарлама «Facebook» құрамына қосылғалы он жыл уақыт өтті. Осы кезеңде «Instagram»-ға көптеген жаңартулар енгізілген. Атап айтар болсақ, қосымша қолданушыларына өз парақшаларында тек фото емес, бейнетүсірілімдер жүктеуге де жағдай жасалды. Алғашқыда бір минуттық видео қосу қолжетімді болса, тоқтаусыз даму нәтижесінде IGTV қосымшасы құрылды. Оның көмегімен желі қолданушылары ұзақ видеоларын өз оқырмандарымен бөлісе алады. Сонымен қатар, «Instagram» арқылы жеке кәсібіңді жарнамалау өте тиімді. Бүгінгі таңда танымал әрі халықтың сұранысындағы кез келген орталықтың жұмысымен осы қосымша арқылы оңай танысуға болады. Қосымшаның қырағы қолданушылары бұған дейін бұл жаңаруларды байқаған болар, енді хабарламалар хронологиялық тәртіппен емес, сіздің қызығушылығыңызға қарай жаңарып отырады. Яғни, «іздеу» бөлімін бассаңыз кез келген фото емес, нақ сіз іздеген, сіз қызыққан дүниелер жарқ ете қалады. Ал, лентаны жаңартса, тіркелушінің жиі «ұнайды» белгісін қалдырған аккаунты бөліскен суреттер көрінеді. Бұл мүмкіндік қолданушыларға керекті парақшаларын бақылап отыру үшін жасалған. Яғни, көпшілік «ұнайды» белгісін қалдырған жазба парақша тіркелушілеріне бірден көрінеді. Осыдан кейін лайықсыз болса да «лайк» сұраушылар көбейді.

«Instagram» кейбіреулерге өзіне қажетті ақпарат іздеу немесе жай уақыт өткізу үшін болса, кәсібін дөңгелетушілер үшін «жарнама жарысына» айналды. Нәтижесінде қосымшаны қолданушылар саны күн санап артып, 500 миллионға дейін жетті. «Bloomberg» сарапшылары 2018 жылдың өзінде компанияны 100 млрд долларға бағалаған. Айтпақшы үлкен де, кіші де еркін қолданатын «WhatsApp» мессенджер де Марк Цукербергтің еншісінде. Ал компанияның негізін салушы әлемдегі ең бай бес адамның тізімінен бой көрсетеді.

АҚЫЛЫ КУРСТАР АҚЫЛДАН АДАСТЫРМАСЫН

Айтайын дегеніміз, адамдарға жан-жақты қолжетімді әлеуметтік желілер арқылы әркім өз кәсібін дөңгелетіп, жарнаманы еркін жасай алады. Онда өнімнің сапасы, ашылған курстардың не үйретіп жатқаны сараптаудан өтпейді. Оны ешкім бақыламайды. Сондықтан да әлеуметтік желідегі алаяқтарға алданып қалу оқиғалары жиі кездеседі. Тіпті не болса соны сататындар бар.

Екінің бірі «ұстаз», екінің бірі «үйретуші» болған. Байқайсыз ба, әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, үйретемін деген ақылы курстар толып жатыр. Жақында «Жылдам үй жинауды үйретемін» деген курсты көзім шалды. Япырау, оны да сабақ қылып, ақылы курс қылып қоятын несі бар?! «Сатылымда жүргеніне қарағанда, соны да сатып алатындар бар болып тұрғаны шығар» дедім де қойдым. Келесі бір ақылы курс «Қарыздан құтылудың жолдарын үйретемін» дейді. Қарыздан құтылудың, біздіңше, бір-ақ жолы бар. Ол – қарызды қайтару. Бұл жерде қиындататын ештеңе жоқ. Осындай бір мәнсіз курстарды сатып алып, не айтатынын тыңдап көргім келіп еді. Бірақ оған салған ақша мен кеткен жүйкенің «обалына» қалмайын дедім. Өз отбасын сақтай алмағандар «бақытты өмірдің құпиясын үйретемін» дегенде, келін болып түскеніне екі ай болмаған біреу «келіндік өмірдің қыр-сырын игертемін» дегенде таң қаласың. Таң қалмайсың, жағаңды ұстайсың. «Аңқауға – арамза молда» деген, ондайлар қызыл сөзбен миға әсер етіп, қалталарды қағуды ғана ойлайды.

Расында онлайн сауда жасау дүкен аралауға уақыты бола бермейтіндер үшін тиімді болса, кейбір курстар расында да талай адамның өміріне оң ықпалын беріп жатыр. Мысалы тіл үйрену курстары немесе тиімді онлайн форматтағы курстар өте ыңғайлы. Көп нәрсені үйренуге болады. Бұл ғаламтордың пайдалы жағы. Пайдасы болғанымен зияны да өз алдына. Тек кім көрінгенге сене бермей, бәрін ой елегінен өткізіп, саралап, сараптап барып пайымдаған, ақылға салған абзалырақ.

ҒАЛАМТОР АЛАЯҚТАР АЛАҢЫНА АЙНАЛМАСЫН

Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы алаяқтық көп жасалады. Кейбіреулер қызыл сөзге еріп, «сауданың қызығына» еніп кетеді. Солай жоқ нәрсе үшін қалтасынан жырып тұрып, жүздеген мың ақша аударады. Ақырында сатушының созбақтап, әңгімені көбейтіп, кейін жоқ болғанында барып санын соғып жатады. «Жылы-жылы сөйлесең...» дейтін әдісті алаяқтар да жақсы біліп алған. Адамның тамырын басып, оңтайлы тұстан келуді де жақсы біледі. Алаяқтықтың құрбаны болып, соңғы ақшасын алдап соғушыларға өз еркімен аударып берген талайды көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Бірақ олар алданғанын ешкімге дәлелдей және қолды болған ақшаны ешқалай қайтарып ала алмайды. Себебі, алданған – өзі, ақшаны өз еркімен аударған.

Байқасаңыз, әлеуметтік желіні аша қалсақ, негативті жаңалықтар мен пікірлер көптеп кездеседі. «Ұрып кетіпті», «жығып кетіпті», «алып кетіпті», «өртеп кетіпті», тағысын тағы... «Жаман жаңалық тез тарайды» дейді ғой, бұндай жайсыз хабарламалар бір дегенде мыңдаған қаралым жинайтыны анық. Қаралым мен тіркелушілер санын табысқа айналдырып отырған әлеуметтік желі қолданушысы үшін бұл тіпті «тамаша». Содан келіп, көбіне жайсыз хабар таратуды құп көреді. Бірақ, бұндай мәтіндерді ұдайы оқи беру адам психологиясына кері ықпал етеді. Жаңалықтарға күйінген үлкен кісілердің қан қысымы көтерілсе, жастар жағы ашушаңдыққа бел алдырып жатады. Бұның бәрі ми мен миға қабылданатын ақпараттың адам психологиясына әсерімен түсіндіріледі.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

Кейінгі мәселе – жалған ақпарат таратудың көптігі. Аузым бар деп, екі сөздің басын құрай алса-ақ, ойына келгенді жазып, халық арасында жалған ақпарат таратушылар көп. Әсіресе, елдегі саяси ахуал кезеңдерінде немесе жұлдыздар өміріне қатысты мұндай жаңалықтардың көп тарайтыны анық. Еске салсақ, жалған ақпарат таратушыларға қарсы арнайы заң бар. Ол бойынша өтірік ақпар таратқандарға арнайы жаза қолданылады.

Одан қалса бұрын-соңды естімеген «кибербуллинг» терминін жиі қолданып жүрміз. «Буллинг» сөзі «қорлау», «қудалау» деген мағынаны берсе, «кибер» сөзі «ақпараттық технологиялар арқылы» деген мағынаға саяды. Жыл сайын бұндай ақпараттардың бірнеше жүздеген дерегі тіркеледі. Бүгінде әлеуметтік желінің әлегіне тап болған жасөспірімдер де, балалар да аз емес. Құрығы ұзын бұ пәлекет ересек адамдардың өзін торға түсіруі мүмкін.

Кез келген әлеуметтік желіде жарияланымдарға пікір қалдыру қызметі бар. «Пікірлер алаңын» аша қалсаңыз, бір-бірін танымайтын біреулердің экранның ар жағында отырып бет жыртысып жатқанын байқауға болады. Босқа кеткен уақыттан бұрын телефонға телміріп, айналасын ұмытып кету де – аурудың бір түрі секілді. Жақында бір танысымнан кішкентай баланың ыстық сорпа ішіп, күйіп қалғанын естідім. Ол уақытта балаға жауапты анасы ұялы телефонға телміріп отырып, баланы бақылауды естен шығарған көрінеді. Кінәні кімнен іздейміз? Әлеуметтік желі артық болып, баланың болашағына балта шапқан жауапсыз үлкен адамнан ба, әлде қызылды-жасылды дүниемен көзді қыздырған әлеуметтік желіден бе? Не десе де, жапа шеккен – жазықсыз сәби. Жұтқыншағы күйіп, зардап шеккен кішкентай ендігі қалаған асын ішіп-жей алмайды. Ең өкініштісі, бұл бір ғана жағдай емес, бұндай оқиға қоғамда көптеп кездесіп жүр.

ТҮЙІН

Айтпағымыз, балаңызды, өзіңізді телефонның арғы жағында не және кім тәрбиелеп жатқанына абай болыңыз. Көлденең көк аттығы сеніп, сан соғып қалып жүрмеңіз. Күдікті көрінген кез келген ақылы қызметтен бас тартыңыз. Банктегі арнайы счет нөмірін өзге біреуге хабарламаңыз. Ақылы курстар ақылдан адастырып, әлеуметтік желі әлекке салмасын десеңіз, жақыныңыздың және өзіңіздің әлеуметтік желідегі әр адымыңызды абайлағаныңыз абзал.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
11 қазан 2022 ж. 290 0