Шетелдік көліктерді заңдастыру келер жылдан басталады
Осы уақытқа дейін елімізге шетелден кіргізілген көліктерге қатысты көптеген мәселе туындаған болатын. Оның қатарында алыс-жақын мемлекеттерден әкелінген көліктерді заңдастыруда айтарлықтай қиындықтардың болуы қоғамның наразылығын да тудырып жатты. Өзекті мәселеге айналған соң нақты шешімді Мемлекет басшысы Жолдауда атап, тапсырма берген еді. Осыған байланысты біз аудандық полиция бөлімі Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі С.Кеукеновпен сұқбаттасқан болатынбыз.
– Сейілхан Темірбекұлы, көптен талқыға түскен шетелдік көліктерді заңдастырудың тиімді жүйесі жүзеге аспақ. Мұны жұртшылық күтіп жүргені анық. Заңдастыру жұмыстары қашан басталады?
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жаңа Жолдауында осы түйткілді мәселенің түйінін тарқатып берді. Президент «Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара» деп нақты тапсырма жүктеді. Міне, осыған орай бүгінде мемлекеттік органдар барлық қажетті заңнамалық және ұйымдастырушылық іс-шараларды қабылдауда. Қазіргі таңда ҚР Экологиялық және Салық кодекстеріне түзетулер әзірленді. Кодекстерге түзетулер келесі жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сол себепті де шетелдік көліктерді заңдастыру келер жылдан басталады.
– Заңдастыру 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастау алса, сол кезеңде өтініштің көп болатыны белгілі. Оны жылдам жүзеге асыру үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылуда?
– Бүгінгі таңда ІІМ және басқа да мемлекеттік органдар автокөліктерді заңдастыруды барынша қарапайым және түсінікті ету тәсілдерін әзірлеуде. Бұл тұста, автокөліктерді заңдастыру үшін полицияға онлайн-өтініш беру мүмкіндігі пысықталуда. Мұның тиімділігі зор екені анық. Осыған байланысты полициямен байланыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылады. Тіркелген көліктерге қарапайым ақ нөмірлер беріледі және полиция тарапынан қандай да бір шектеулер қойылмайды. Заңдастыруды өткізудің барлық шарттары әзірленгеннен кейін Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданбақ. Айта кететіні, Еуразиялық экономикалық одақтың тауары болып табылмайтын автокөліктер кедендік баждарды төлеуі тиіс. Бұл үшін Қаржы министрлігі азаматтарға қолайлы кедендік декларациялау тетіктерін әзірлеуде.
– Халыққа түсінікті болу үшін шетелдік автокөліктерді заңдастыруда қандай талаптар болады?
– Жолдауда айтылғандай, азаматтар бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңге көлемінде ғана алым төлейтін болады. Ал заңдастыру кезінде утиль алым төленбейді. Сондай-ақ осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген автокөліктердің тізімі жасалып, солар ғана заңдастырылатын болады. Сырдария ауданы бойынша шетелдік нөмірмен жүрген 350 автокөлік бар екенін айта кетейін. Ал кейінірек кіргізілген көліктер заңдастыруға жатпайды және жалпы негізде тіркеледі. Айта кету керек, заңдастыруға қылмыстық және кедендік бақылаудан өтпеген автокөліктер кірмейді. Одан бөлек, заңдастыру барысында автокөліктердің шығарылған жылына және экологиялық санаттарына қарай талаптар жоқ. Қалған талаптар бойынша шешім ұлттық және халықаралық заңнаманы ескере отырып қабылдануда.
– Бүгінде шетелдік автокөліктерді заңдастыру жүзеге асамын дегенше сол көліктерді тексеру жиілегендігі жөнінде пікір көп. Осыған тоқталып өтсеңіз.
– Әрине, полиция қызметкерлері жол қозғалысын қадағалау кезінде шетелдік автокөліктерді заңдастыру қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағдарланатын болады. Яғни, жаңа талаптарды жүзеге асырудың алдында шетелдік көлікті тізгіндеген жүргізушілерге талаптар түсіндіріледі. Мұны көпшілік дұрыс түсінбеуі мүмкін. Осы ретте, шетелдік көліктерді сақтандыру немесе автокөлік иелерін қудалау мәселелері бойынша әлеуметтік желілерде түрлі шындыққа жанаспайтын ақпарат таралуда. Сондықтан жұртшылық тек қана мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сенуі тиіс. Сондай-ақ жол ережесін бұзудың кейбір түрлері бойынша жауапкершілікті күшейту болғанымен, полиция қызметкерлері шетелдік автокөліктер бойынша ешқандай арнайы рейдтік іс-шаралар жүргізбейтінін еске сала кеткен жөн. Жалпы, келер жылдан бастап заңдастыру жұмыстары жүргізіледі. Мұның қарапайым әрі түсінікті жүйесі әзірленуде. Осы ретте, барлық автокөлік иелерінен жол қозғалысы ережелері мен жолдардағы қауіпсіздік шараларын сақтау үнемі назарда болу керектігін назарға саламыз.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан
Ердос БЕРКІНБАЕВ
Ердос БЕРКІНБАЕВ