Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Есепте жоқ автокөліктерді басқаруға тыйым салынады

Есепте жоқ автокөліктерді басқаруға тыйым салынады

Республика көлемінде 8-17 қараша аралығында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. 2 тәулік ішінде 28 автокөлік ҚР әкімшілік құқық бұзушылық талаптарына сәйкес айып алаңына қойылған. Жүргізушілерге құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, айыппұлдар төленген соң, көліктері айып алаңынан шығарылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айбек Құлмағанбетов мәлімдеді.

«Жалпы, ҚР Ішкі істер министрлігімен жүргізілген талдау нәтижесінде республика бойынша Ресей Федерациясынан әкелінген автокөліктердің 88 мыңы есептен шығарылған. Яғни, не РФ-да, не Қазақстанда тіркеуде жоқ. Олардың ішінде іздеуде жүрген, ұрланған, жалпы «қылмыстық автокөлік» санатына енгізілген көліктер де бар. Осы автокөліктердің 6288-і Қызылорда облысы тұрғындарының пайдалануында екен. Сондықтан, заң аясында ешкімнің атында жоқ көліктерді басқаруға тыйым салынады», - деді Айбек Қалдыбекұлы.

Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүрген 606 көлікке іздеу жарияланғаны туралы ақпарат берді. Бұл көліктердің белгілі бір қылмысқа қатысы бар, я болмаса, сол қылмыс нысаны болып саналады. Осы уақытқа дейін 200 көлік табылған. Іздеуде жүрген 606 көліктің 11-і Қызылорда облысынан іздестірілуде.

Жалпы алғанда, ешкімнің атында жоқ көліктерді басқаруға тыйым салынған талап Жол жүрісі туралы Заңының 63-бабында көрсетілген. Яғни ҚР-на әкелінген автотехникалық құралдар міндетті мемлекеттік тіркеуге алынуы тиіс, ал халықаралық қозғалысқа қатысты мемлекеттердің құзырлы органдарында тіркелген көліктерге 1 жыл көлемінде жүруге рұқсат етілген.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экспорттық бақылау басқармасының басшысы Қайырбек Дүрменбаевтың айтуынша, мемлекеттік көліктерді алғаш тіркеу құны 729 тг, 2 жылдан 3 жыл аралығындағы көліктер үшін 145 850 тг, 3 жылдан жоғары жеңіл көліктерді тіркеу 1 458 500 тг.
10 қараша 2021 ж. 269 0