Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Армения көліктерін тіркеу басталды

Армения көліктерін тіркеу басталды

2020 жылдың 1 маусымынан бастап Армения Республикасынан әкелінген көліктерді тіркеу басталды. Бұл ретте Армениядан тек 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автомобильдер ғана тіркеуден өткізіледі. Көліктерді есепке қою осы жылдың 1 маусымынан 1 қыркүйегіне дейін жүргізілуде. Тіркеуге тек басқару жүйесі сол жаққа орналасқан автокөліктер жатады.
Аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция ма­йоры Сейілхан Кеукеновтің айтуы бо­йынша автокөлік иелері үш түрлі төлем жасау керек. Бұл тіркеу жарнасы – 695 теңге, тіркеу куәлігі үшін төлем – 3 473 теңге, нөмір үшін төлем – 7 778 теңге (барлығы 11 946 теңге). Сондай-ақ уақытша тіркеу үшін көлік иесінің жеке басын куәландыратын құжат, 0,25 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бажды және мемлекеттік бажды төлегені туралы түбіртектер, көлік құралы және мемлекеттік тіркеу нөмір белгісін тіркеу туралы армян куәлігі және басқару құралы оңнан солға ауыстырылған жағдайда автомобильдің қа­уіп­сіздік сертификаты (СБКТС) болуы тиіс.
Мемлекеттік немесе орыс тілдерінен басқа тілде жасалған құжаттар аударылып, нотариустың немесе осындай әрекеттерді жасауға уәкілеттік берілген басқа адамның қолымен куәландырылуы керек.
Армян автомобильдеріне сары нөмірлер беріледі. Құжатта уақытша тіркелген көлікке тіркеу куәлігін берген кезде «Арнайы таңбалар» бөлімінде «бұл басқа адамға тіркеуге жатпайды» деп жазылған.
– Қазіргі таңда аудан бойынша Армениядан әкелінген 7 автокөлік иесіне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, көлік­терді есепке қою тәртібі түсіндірілді, – дейді полиция майоры С.Кеукенов.

Е.БЕРКІНБАЕВ
13 маусым 2020 ж. 670 0