Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәһрді мәселеге айналдырмайық

Мәһрді мәселеге айналдырмайық

Соңғы уақытта мәһр тақырыбы қоғамдағы негізгі мә­селелердің біріне айналғандай. Әлеуметтік желіні аша қал­саң, «мәһрге қымбат дүние сұрапты», «мәһрге не сұрау керек?», «мәһрге қымбат көлік сұраған қызды күйеу жігіт тастап кетіпті» деген «жаңалықтардан» көз сүрінеді. Бұ­рын­дары көп қозғала бермейтін бұл тақырып бүгінгі күні жиі талқыланып жүр.

Әлеуметтік желіні «әлекке» салған мәһр мәселесі кей жағдайда «Атың шықпаса жер өртенің» керіне көбірек ұқсайтындай. Әйтпесе, діни тұрғыда тәпсірленген мәселені әркім өзінше айтып, топшылау жасауы дұрыс бола қоймас. Үлкендер жағы кезінде некелерін қидырғанда мәһр сыйының бар екенін тіпті білмегенін айтса, жастар болашақ күйеуінен мәһрге қандай сыйлық сұрау керектігін талқылап пікірлер екіге бөлінген. Сонымен, ең алдымен «мәһр деген не?» деген сұраққа жауап беріп алайық.

«Үш нәрсемен қалжыңдап ойнауға болмайды: неке, талақ және ант» деген жолдар кездеседі хадисте. Демек, мұсылман баласы үшін ақ некенің мәні мен маңызы зор. Сондай-ақ, некесіз екі жастың қосылуына қатаң тыйым салынады. Некесіз отбасы, отбасынсыз неке болмайды. Асыл дінімізде отбасы құрудың алғашқы шарты неке қидыру болса, некені қиюдың да өз шарттары бар. Ең біріншісі – екі тараптың өзара келісімі. Яғни неке қидыруға ниет етіп, бір шаңырақ астында тұра алатындығын түсініп, отбасы құруға бел буған екі адамның жүрек қалауымен келісуі маңызды. Екіншіден, қос куәгердің болуы. Куә болатын адам – осы екі адамның отбасын құрып, бірге тұра алатынына кепілдік беретін адам. Бұл жерде куәлік етушіге де артылар жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Себебі, жалған яки ықылассыз куәлік етуге болмайды. Үшінші шарт – ер адамның алғалы отырған жарына сұраған сыйын беруі. Қыздың өзіне ғана тиесілі әрі неке қию кезінде уәделенетін бұл сыйлық – мәһр сыйы деп аталады.

Мәһр сыйын ер азамат дәл неке қию үстінде берсе де немесе араға уақыт салып, келісілген мерзімде алып берсе де болады. Ол жағынан нақты уақыты белгілебеген. Бірақ, мәһр сыйы кейінге қалған жағдайда да ер адамның мойнындағы қарыз болып есептелетінін ескерсек, шамасы келсе, қарыздан неғұрлым ертерек құтылған абзалырақ.

Мәһрдің мәні қандай да бір жағдайда әйел адам сол мәһрді сатып, өзін және балаларын асырай алуына негізделеді. Мәһр сыйы тек қана сол әйелге тиесілі делінуінің себебі де осы. Мәһрдің мөлшеріне келетін болсақ, ең аз дегенде он күміс дирхам болуы керек. Бір дирхамның салмағы шамамен 3-3,5 грамм болса, мәһр ретінде берілетін күмістің мөлшері ең аз дегенде 30-35 грамм болуы шарт. Бұл жерде күмістей беру міндетті емес. Тек 30-35 грамм күмістің бағасынан кем болмауға тиіс. Ал ең көбі шексіз мал-мүлікке дейін беруге болады. Бірақ, бұл жерде ер азаматтың жағдайына қарау маңызды.

Ақшалай немесе киім-кешек, бағалы дү­ние-мүліктің кез келгенін мәһр сыйы ретінде сұрауға рұқсат етілген. Бірақ әйел адам бассыздық пен ашкөздікке салынбай, болашақ күйеуінің жағдайына қарауы керек. Келісілген мәһрдің мөлшерін азайту, сұраған затының орнына басқа дүние сұрау яки түбегейлі бас тарту қыздың өз ықтиярында. Осы тұрғыда «Ең хайырлы әйел – мәһрі жеңіл болған әйел» деген хадис бар. Яғни, мұсылман әйел кісі мәһрін шарықтатпағаны абзал.

Қыз балалар мәһрге түрлі зат сұрап жатады. Қоғамда көп кездесетіндері алтын, күміс әшекей-бұйымдармен қатар, ұялы телефон, киім-кешек сияқты заттарды сұрау да жиі кездеседі екен. Тіпті кітап яки кәсіп бастауға керекті құрал-жабдықтар сұрайтындар да бар. Тақырыбымызды толық тәпсірлеу барысында әлеуметтік желідегі оқырманға ортақ сауал жолдадық. Келіп түскен жауаптар әртүрлі. Бірнешеуін назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.

– «Жолдасыңа бір жағдай болса немесе сапарға аттанып, қайта оралмай қалса, сол талап еткен затыңды сатып күн көру үшін» деген мәһр сыйының негізгі мақсатынан хабарым бар болатын. Бірақ сонда да ең аз мөлшерде сыйлық сұрағанды жөн көрдім. Себебі имамдардан мәһрге сұраған затыңды жолдасың міндетті түрде алып беруі керек және ол үшін күйеуің арғы дүниеде де сұралады деп естігенім бар. Мен қымбат зат сұрасам, оны алуға жолдасымның аяқ астынан шамасы келмей қалса, ол үшін жолдасымның Алла алдында сұралғанын, әрине, мен қаламаймын. Одан да ең аз мөлшерде, тез арада алып бере алатындай зат сұрағанды жөн көрдім. Біз неке қидырғанда имам ең аз мәһр сыйлығы 50 мың теңгеден басталатынын айтты. Тұрмысқа шығуды алдын ала жоспарласам да, «мәһрге не сұраймын» деген ойыма да келмепті. Сол жерде тез ойланып, керегімді айтуыма тура келді. Сосын мен имамнан «мен мәһр сыйлығын алған соң өзгелерге таратсам болады ма, әлде міндетті түрде өзім үшін жаратуым керек па» деп сұрадым. Молда «Мәһр сыйы тек сіздің қалауыңызда. Таратып тастасаңыз да, тек өзіңіз пайдалансаңыз да болады. Сіздің сыйлығыңыз, оған ешкімнің қалай, қайда жұмсайтыныңызға араласуына құқығы жоқ» деп жауап берді. Содан мен не сұрады дейсіз ғой, мен 1 қой сұрадым. Иә, кәдімгі қой және оны құрбандыққа шалып мұқтаж жандарға таратып беруін қоса талап еттім. Имам да, күйеуім да бұныма таң қалғанын байқадым. Бірақ, «мәһр болмаса, жолдасыңнан сыйлық алмайсың» деген қағида жоқ қой. Сондықтан тек сол мәһрге келгенде қымбат зат сұрау мақсат емес. Өмірлік жолдас деген бірге болсаңдар, қолынан келсе екеуің үшін барлығын жасап, қалағаныңды алып беретін адам ғой. Сондықтан күйеуіңнің мойнына қарыз болатын мәһр мәселесінде ақылға салған жөн деп ойлаймын. Қазіргі кезде әлеуметтік желіден неше түрлі жағдайларды естіп, таң қаламын. Тіпті мәһр үшін ажырасып жатқандарды естігенде, еріксіз жаға ұстайсың. Дінімізде бар, некенің шарты екені түсінікті. Бірақ оның да өз әдебі бар, – деп пікір білдірді Алтынай есімді құрбым.

Ал үлкендер жағы кезінде мәһр дегеннің не екенін тіпті білмегенін айтса, атын жарияламауды сұраған кейіпкеріміз:

– Мешітте неке қиғанда имам «мәһрге не сұрайсың» деп сұрады. Бірақ, қазіргі таңда осы мәһр тақырыбына қатысты түрлі дау орын алып жатыр ғой. Сол себепті де мен мәһр сұрауды құптамаймын. Бізде қалың мал, ана сүті, ата күші деген жоралғылар бар. Екі жақ құдаласқанда, қос тарап та бір-біріне үйіп-төгіп сый жасап жатады. Осының барлығы сыйлық қой. Жастар жағы қазір «мәһр» дегенді сәнге айналдырып алғандай. Дінімізде бар болғанымен, оның өз сұралу әдебі, мөлшері бар, – деп өз пікірін ортаға салды.

– Мәһрді бас-көзсіз сұрау дұрыс емес. Өзің таңдаған адаммен бірге бақытты болу үшін некелесесің. Күйеуіңнің үйі – өзіңнің бола­шақта баратын мекенің ғой. Сондықтан оны да шығынға батыратындай нәрсе болмауын назарға алу керек сияқты. Шынымен, әлеуметтік желіден неше түрлі сұмдық жайттарды оқимыз. Мен күйеуімнің жағдайына қарай алтын алқа сыйлауын сұрағанмын. Некеміз қиылғаннан төрт жыл өткен соң сыйлықты алып берді. Қазір отбасын құрға­нымызға сегіз жылға жуықтады. Үш баламыз бар, – деді ортақ сауал­ға жауап беріп, өз пікірін білдірген тағы бір кейіпкеріміз.

Пікірлерден көріп отырғанымыздай мәһр сыйына келгенде қыз балалар әдеп пен күйеуінің жағдайын ескергені жөн. Сондай-ақ, ер азаматтар да мәһр сыйының мәні мен маңызын түсінгені абзал.


Аружан МҰҚАНБЕТҚАЛИ
27 қыркүйек 2022 ж. 356 0