Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтарға алданатындар көп

Алаяқтарға алданатындар көп

Қазір БАҚ құралдары мен әлеуметтік желілерде қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтан сақтану жөнінде аз айтылып жатқан жоқ. Жұртшылықтың маңдай термен тапқан ақ­шасын «жылпостар», «әккі айлакерлер» алдап-арбау арқылы жымқырып алуды әдетке айналдырған. Бүгінде екі күннің бірінде осындай интернет алаяқтықтың құрбаны болып жатқандар же­терлік.

Мемлекет басшысы биылғы жаңа Жолдауында интернет алаяқтыққа ерекше мән беру керектігін атады. Президент «Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әре­кеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық және қаржылық са­уатын жүйелі түрде арттырған жөн» деп, нақты тапсырма жүктеді. Осы ретте, халық алаяқтықпен оңай ақша тауып жүрген қылмыс­керлердің торына түсіп қалмас үшін құқықтық және қаржылық тұрғыдан сауатты болуы тиіс. Осыған байланысты аудандық ішкі саясат бө­лімінде кездесу өтіп, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын жүр­гізді.

Кездесуде аталған департаменттің аса ма­ңыз­­ды істер жөніндегі тергеушісі М.Оралбаева қаржы пирамидасы мен алаяқ­тыққа қатысты ел аумағында қылмыстар көбейгенін жеткізіп, статистикалық мәлімет­терге назарға ұсынды.

– Қазіргі таңда қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтық өте өзекті мәселе болып тұр. Өйткені, жұртшылықтың тапқан табы­сының бі­раз бөлігін алаяқтар оңай жолмен жымқы­руда. Бүгінде республиканың барлық өңірінде әртүрлі форматтағы алаяқтық жобалар көбейіп барады. Жыл басынан бері ел аумағында 37 қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қа­тысты ҚР ҚК-нің 217 бабымен 45 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде, 7 қылмыстық іс сотпен қа­ралып, 11 адам 3 жылдан жоғары мерзімге жазаға тартылды. Барлығы 6,5 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынып отыр. Қазіргі кезде бұл саладағы қылмыспен күресудің жаңа әдістерін басшылыққа алудамыз. Яғни, талдау жасау ар­қылы оларды басталу кезеңінде тыйып тастау қолға алынды, – деді М.Оралбаева.

Департаменттің аса маңызды істер жөнін­дегі тергеушісі әлеуметтік желі арқылы оңай олжа ұсынатын жарнамалық сайттар мен сілтемелерді анықтау мақсатында тұрақты түрде арнайы ақ­параттық жүйемен мониторинг жасалатынын жеткізді. Соның нәтижесінде, бүгінгі таңда департамент мамандары заңсыз ойын белгілерімен 1178, оның ішінде 747 заң­сыз ойын бизнесі және қаржы пирамидасына қатысты 431 сайт пен сілтеменің белсенді жұ­мысын тоқтатқан.

– Департамент қызметкерлерінің жедел­ іздестіру шаралары нәтижесінде аймақта ала­яқ­тық белгісімен «ROGNEDA» және «Не рабо­та» компаниялары анықталды. Азаматтардан «Каспи голд» арқылы аударым қабылдау жолымен жиналған қаржы көлемі 89,6 млн теңгеге жеткен. Тіркелген 2 іс материалы құзырлы ор­гандарға жолданды. Осындай күмәнді жобалардан азаматтарды сақтандыру және алдын алу үшін бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Десе де «ақшамды еселеп аламын» деген сеніммен мыңдаған адам алданып жатыр. Көпшілік оңай жолмен табылған ақшаның берекесі болмайтынын, жақсылыққа әкелмейтінін ұғынғаны абзал. Қазір ұялы телефон арқылы күмәнді сұрақтарға жауап бермей, алаяқтардан сақ болу керек, – деді департамент қызметкері.

Өз кезегінде департаменттің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Қ.Ахметов бүгін­гідей ақпараттық және нарықтық кезең­де әрбір адам сауатты болу керектігін айтты. Әсіресе, қаржылық сауаттылыққа аса ұқыптылықпен қарауды атап, қаржылық пирамида мен интернет алаяқтықтан сақтануды ескертті.

Кездесу барысында қатысушылар аталған мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. Департамент қызметкерлері тиісті жауаптарын берді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ
24 қыркүйек 2022 ж. 323 0