Ана – мейірім иесі
2013 жылдан бері елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні ретінде аталып келеді. Қашанда рухани және мәдени салт-дәстүрдің сақтаушысы әрі жалғастырушысы болған отбасыларды насихаттау ұлттық құндылығымызды арттырады. Өнегелі отбасы иелерін, берекелі қарттардың өмірі туралы айту арқылы ізгі қасиетімізді одан сайын нығайта түсеміз.
Кентке қарасты О.Мәлібаев елді мекенінде ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін, өзінің өмірлік ұстанымымен ұрпақ тәрбиелеп отырған аналар көп. Бірі үйдегі ерінің, перзенттерінің жағдайын жасап Батыр ана атанса, бірі еңбектің көрігін қыздырып қара жұмыс істеген. Тағы бірі егін даласында ерлермен қатар жүріп диқаншылықпен айналысқан. Бүгінгі кейіпкеріміз Сәрсенкүл Тәженова – бұрынғы «Үлгі» колхозында дүниеге келіп, бар ғұмыры осы ауылда өтіп, отбасылық ғұмырды мағыналы кешкен асыл ана. Өмірі өнегелі жан ел басқарып атқа мінбесе де, салихалы қарттыққа еселі еңбек еткеннің арқасында жетіп отыр.
Бұрынғының көзі бейнеттің ыстығына күйіп, суығына тоңғанымен берекелі тірліктен әлі күнге дейін қол үзген емес. Салт-дәстүрді берік ұстанып, ауылдың қыз-келіншектеріне ұлағатты, ақылшы ана атанған. Ізгіліктің жолымен мейман келсе шәй-суын беріп, құрметпен күту – ана үшін қанға сіңген қасиет. Өзінің аналық сезімімен айналасына жылы жүзбен қарап, мейірімін төккенде кез келген адамды өзіне баурап алады. Сәрсенкүл ана отбасы, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы, бала тәрбиесі туралы әңгіме сұрағанымызда:
– Қыз бала жаратылысынан нәзік келеді. Төзімділікті де, шыдамдылықты да Алла әйелге береді. Әйел адам – ең алдымен, ана. Баласын өмірге әкеліп, соны қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсіреді, бағып-қағады. Дегенмен алдымен әйел адам ерін күту керек. Ерін сыйлаған әйел жаман болмайды. Отбасында береке, жылылық орнайды. Ас суын ішіп болмайынша бір ауыз артық сөзге келмей, бабын жасауы керек. Сонда ғана өзінен шыққан балалары мен келіндері өнеге алып, сондай құрметті өздері де жасайтын болады. Қазір ата-анасын тастап кеткендер көп. Қарапайым шағын ауылдың өзінде егде жастағы қариялар жалғыз қалды. Осындайды көргенде жүрегің қан жылайды. Ата-ана ұрпағым осылай істесін деген жоқ қой. Тәрбиенің осалдығы жатыр мұның астарында. Кімді қандай қарттық күтіп тұрғанын кім біледі?! Бұрынғылар «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп бекер айтпаған. Сондықтан ұрпағымыз әлі де ойланар, қартайған әке-шешелерін ендігі қалған өмірлерінде алақандарына салып бағып қақса дейміз, – дейді ақ жаулықты ана.
Иә, тәрбие талбесіктен басталады. Отбасындағы сыйластық, бауырмалдық – көрегенділіктің белгісі. Сәрсенкүл апа еңбек жолында жұмыс талғамаған. Шаруашылықта аспазшылықтан бастап, құрылысшы, диқан, қарауыл секілді жұмыстың бәрін істеген. Жас кезінде мектептің отжағушысы болып, балалардың жылы жерде білім алуына таң ата кіріскен, бірнеше пешке от жаққан. Қара жұмысты ұзақ жыл істегендіктен болар денсаулығы да сыр беріп, көз жанары дертті болды. Қазір осы дертпен алысып жүргеніне 10 жылдан асқан.
Өмірлік қосағы Серікбай Искаковпен 41 жыл отасқан Сәрсенкүл апа өмірге 5 баланы әкелді. Қазір ұрпағынан 21 немере, 5 шөбере сүйіп отыр.
– Жұбайым совхозда жүргізуші болды. Көктем шықса егін егеміз, нәпақамызды жерден алып, бала-шағамызды асырадық. Гектарлап қауын-қарбыз, картоп егеміз. Қазір заман жақсы, білім алуға, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік көп. Ауылдың қарапайым адамдары да тірлігін жасап, шаруашылықпен айналысуда. Шүкір, бейнетімнің зейнетін көріп отырмын. Қарашаңырақта кенже балам мен келінім бағып отыр. Немерелерімнің ортасындамын. Ана үшін одан артық бақыттың керегі жоқ, – дейді қарт ана.
Жасы 75-ті алқымдаса да жүрісі тың, үй шаруасына ширақ ана қол қусырып отыруды жаны қаламайды. Немерелерінің жағдайын жасап, ас-суын әзірлеп қояды.
Соңғы жылдары елімізде отбасы күнін атап өту дәстүрге айналды. Осындай атаулы күні отбасы құндылықтарын дәріптеп, отбасы ұйытқысы әйел-аналардың мерейін өсіру – біздің міндетіміз. Әсіресе, жан дүниесі жақсылықтан жаралаған Сәрсенкүл ана секілді «мықты әйелге» тән қасиетті үлгі ету тәрбиенің өзегі іспетті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әйелдер ер адамдарға тән барлық жұмысты істейді. Білім мен ғылымда, өнерде, бизнесте, басшылықта да жетістікке жетеді. Әйел жаудан қорғайтын жауынгер де. Алайда, әйелдің парызы – жар сүйіп, ұрпақ өсіру. Сондықтан бақытты іздесеңіз ол анаңыздың табанының астында екенін ұмытпаңыз. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да перзенттік борышыңды өтей алмайсың» деу бекер емес. Аналарды ардақтайық, жас ұрпақ!
Бибісара ЖАНӘЛІ