Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайыңдының сұлу табиғатын тамашаладық

Қайыңдының сұлу табиғатын тамашаладық

Жаз – әрбір оқушының ең сүйікті жыл мезгілі деп ойлаймын. Бірінші қыркүйекте мектепке барғанымызда балалар алдымен жазғы каникулда болған қызықты оқиғалары, қайда қыдырғандары туралы айта бастайды. Мен де өз демалысымды қалай өткізгенім жайлы сіздерге айтып берейін. Үш ай жазғы демалысым жақсы өтті. Анаммен Алматы қаласынан 300 шақырымдай жердегі Көлсай-Қайыңды көлдері сұлу мекенді өз көзімізбен көріп әрі табиғат аясында демалып қайттық.

Біз сол маңдағы Саты ауылына тоқтадық. Таңертең топ болып Қайыңдыға беттедік. Тамаша, сұлу табиғатты көріп, тамсанумен болдық. Биік таудың етегіндегі көлдің түсі де ерекше. Айналаңдағы биік таулардан төніп тұрған жасыл қарағайлар көлдің сәнін келтіріп тұр. Бұл демалушыларға ерекше әсер етеді. Суы мөп-мөлдір көлдің жағасына жиналған туристер өте көп. Барлығы табиғаттың әсем көрінісін тамашалап, суретке түсуде. Ал көлдің жанына тігілген киіз үйлер ұлтымыздың салт-дәстүрінен көрініс береді.

Табиғаты көркем Саты ауылынан Қайыңдыға де­йін жол талғамайтын көлікпен жеткізсе, әрі қа­рай атпен баруға болады екен. Тамақтанып, түс­­­тен кейін Көлсайға жол тарттық. Көлсайда шетел­діктерді көп кездестірдік. Көлсай мен Қайыңдының сұлулығын мақтана айтып жүретіндей әсер алдық. Екі күн дегенде қимай-қимай кері қайтып, әрі қарай Шарын шатқалына жол тарттық. Шарын шатқалының табиғатына тамсанып, тура ертегіде жүргендей әсер алдым. Төбесі көкке жететіндей үлкен тастарды көріп, таңғажайып ертегі кейіпкерлерін елестетесің. Шатқалдағы түрлі-түсті тау түзілістері мен қойна­уы қазынаға толы өзен кімді де болса өзіне тартып тұратындай. Балықтың сан алуан түрін қызық­тап қана қоймай, оны аулауға да болады екен. Жаз мезгілі болған соң, ауа райы өте ыстық болды. Өзеннен сарқырап аққан судың маңында салқындап алып, сапарымызды әрі қарай жалғастырдық.

Күні бойы табиғат аясында жүріп, табиғаттың тылсым құбылысын көзімізбен көрдік, тамсандық. Жер жәннаты Жетісудың ғажайыбына куә бол­дық. Керемет көріністерге көз сүйсініп қана қой­май, есте қалатын демалыс өткіздік. Алда әлі талай осындай қызықты демалыстар болатынына сенемін. Және Қазақстанның көптеген ғажайып жерлерін көруді армандаймын.



Минуара СЕРМАҒАНБЕТ,
№36 Ә.Тәжібаев атындағы
мектеп-лицейдің оқушысы
20 тамыз 2022 ж. 476 0