Қазақстанда ағылшын тілі үшінші сыныптан бастап оқытылады
Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылында Қазақстандағы мектеп оқушыларына арналған жаңа бағыттарды пысықтады, деп хабарлайды Қазақпарат.
«Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында 2022-2023 оқу жылының жаңалықтары қаралды. Жаңа оқу жылының ұзақтығы 1-сыныпта 35 оқу аптасын, 2-11 сынып аралғында оқитындар үшін 36 оқу аптасын құрайды. Биыл қазақ тілінде білім алатын бірінші сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілін» ғана оқиды. Ал орыс тілін екінші сыныптан, ағылшын тілін үшінші сыныптан бастап меңгереді», - делінген ведомство мәліметінде.
5 - 11 сыныпта оқитын балалар үшін вариативтік компонентке «Жаһандық құзыреттер» курсы енгізіледі. Әдістемелік нұсқау хатта вариативті компоненттегі сағаттарды ұтымды пайдалану, инклюзивті білім беруді жүзеге асыру, сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру бойынша нақты ұсыныстар көрсетілген.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мектептерінде патриотизм туралы жаңа сабақ өтеді.
Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді.