Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бар кітапқа бас болған

Бар кітапқа бас болған

Әліппе – ғылым анасы.
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы...
Иә, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жыр­лаған­дай, ғасырдан аса тарихы бар «Әліп­педен» миллиондаған қазақ баласы әріп таныды. Тарыдай болып кірген бүлдіршіндер ең алғаш қолына осы кітапты ұстап, білімнің көкжиегіне енді. Балалық шақтың балғын естелігі де, «Алфавиттің «А» тұрады басында, әрқашанда «Ә» тұрады қа­сында, Байқадың ба? «Б» тұрады үшінші, Ал осы­ның сыры неде? Түсінші...» деп бүкіл қазақ әрпін жадқа құйған да осы «Әліппе» кітабы. Сондықтан бұл кітап тек оқу құралы ғана емес, қоғамның құндылығы, сарқылмас қазынасы саналады.

Жалпы, «Әліппе» сөзінің түп-төркіні араб тілінен енсе де, қазақ ұлты үшін мұның маңыз­дылығы жоғары. Оны құрастыруда ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі зор. Қоғам қайраткері 1910 жылы қазақ графикасын жасауға кіріседі. Ол мұның негізіне қазақтың мәдени дүниетанымында бар көп ғасырлық дәстүрлі, өзге түркі халықтарына ортақ, туыстық сипаты бар араб таңбаларын алады. Кейін ғалым сол таңбаларды қазақ фонетикасына икемдеп, 24 таңбадан тұратын қазақ жазуын қалыптастырды. Содан уақыт өте келе ол осы жазуды үйрететін әліппені жазып шығады. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдар аралығында 7 рет басылып шықса, 1926 жылы «Әліппенің» жаңа түрі жазылды. Ал алғашқы «Әліппе» 1912 жылы Орынборда басылып шыққан. Содан бері қазақ балалары осы оқулықпен сауат ашып, әріптерді үйренуде.

«Үйренуде» дейміз-ау, шындығынды үй­реніп келді. 2019 жылға дейін. Ғасырдан аса тарихы бар оқу құралы осыдан екі жыл бұрын енді ғана табалдырық аттаған бүлдіршіндердің қолына тимеді. Оқу процесінен алынып, мектеп табалдырығын аттаған 380 мыңнан астам бүлдіршін білім теңізіне жасайтын саяхатты «Әліппемен» емес «Сауат ашумен» бас­тады. Сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрінің бұл шешіміне көпшілік наразылық танытты. «Әліппенің» орнын басқан «Сауат ашу» оқулығын көпшілік әлеуметтік желілерде тал­қылап, қателіктерді министрлікке дейін жеткізді. «Әліппені» қайтаруды сұрады. Бұл ретте, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан министр Е.Сағадиевке тікелей сауал жолдап, «Әліппе» оқулығын неге алып тастағанын сұрады. «1913 жылы Алаш ардагері Аxмет Байтұрсынов басып шығарған, ғасырдан астам миллиондаған жас өркенге оқу-жазуды үйрет­кен, қазаққа азық болып келген, тілі жеңіл, 105 жылдық тәжірибеден өткен әліппе неден жа­зық­ты болды? Ерлан Кенжеғалиұлы, осыған жауап беріңізші? Сауат ашу деген орысша «ликвидация безграмотности» деп аударылады. Бұл буы­ны қатпаған жас балаға емес, ересек адамға арналған. Словян xалықтарының «Букварі» 1618 жылы жарық көрген. Төрт ғасырға жуық тариxы бар. Заманға сай өзгертіліп, толықтырылып оты­­рады, оның өзінде кемі бес жыл тәжірибеден өткізбей кіргізбейді. Ал біз ше? Бірінші сыныптың баласына орыс, ағылшын тілін қосып оқытып миын ашытамыз. Үштілділік қажет. Бірақ оны бірінші сыныптан бастау дұрыс емес» деп жалпы отырыста көптеген ата-ананың көкейіндегі мәселені жеткізді. Министрлік тарапынан бұл сауалға «Әліппенің» аты өзгерсе де, заты өзгермейді» деп жауап бергенімен, нақты дәлел айтылмады. Соның әсерінен бастауыш сыныпқа қабылданған балғындар «Сауат ашуды» қолдарына ұстады.

«Халық қаласа, хан түйесін сояды» демей ме?! Көпшіліктің осыған қатысты нара­зылықтары өз нәтижесін берді. Білім саласында іскерлігін көрсетіп келе жатқан ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жақында Facebook-тегі парақшасында қазақ­стандықтарға жаңа оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитынын сүйіншіледі. «Әліппе бойынша. Жақында Мемлекеттік жал­пыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі – келесі оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады. Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліп­пенің» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды. Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізіледі» деді министр. Оның айтуынша, «Әліппе» Ахмет Байтұр­сынұлының әдістемесі негізінде дайындалуда.

Бұл жаңалық ел тұрғындарына қуаныш сый­лағаны рас. Қолына «Сауат ашу» деген оқулықты ұстап келе жатқан оқушыға көз үйрете алмағанымыз айқын. Ал мағынасы кең тарихи атауы қалыптасқан «Әліппенің», «Ана тілінің» қайта оралуы бұл ұлттық құндылығымыздың жаңғыру болды.
– Биыл ұлым бірінші сыныпқа барады. Өткен жылдары бүлдіршіндер «Сауат ашумен» білім алтынын білгенде, қорқыныш болғанын жасырмаймын. Өйткені, өзіміз мектеп табалдырығын аттағанда қолымызға «Әліппені» ұстап, содан әріп үйрендік. Ал «Сауат ашу» деген бізге жат секілді. Сондықтан «Әліппенің» қайта оқу процесіне келгені өте қуанышты. Алғашқы сыныптан баланың миын ашытқан дұрыс емес деп ойлаймын, – дейді С.Досмайылова.

Иә, көпшілік «қазір балалар біліп туады» деп айтып жүр. Оның үстіне, ақпараттық қоғамның жедел дамуы жаңашылдықты, өзгерісті талап етеді. Алайда, «жаңалық енгі­земін» деп алғашқы сыныптан балаларға үш­тілділікті үйрету, жүктемені көбейту дұрыс болмас. Одан бөлек, «артық қыламын деп, тыртық қылудың» да қажеті шамалы. Себебі, бірінші сыныпта ана тілін толық меңгермеген баладан ұлттың жоғын жоқтайды деп айту қиын. Сондықтан да әрбір бала «Әліппе», «Ана тілі» арқылы ұлттық тілімізді толық меңгеріп алса, өзіне керекті өзге тілді жоғары сыныптарда үйреніп алатыны анық.

Е.БЕРКІНБАЕВ
21 тамыз 2021 ж. 1 512 0