Ел қадірлеген ардақты азамат
Сырдария ауданы Ақжарма ауылы тұсындағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының жиегінде «Құмақбай» деген саялы орын бар. Бала кезімізде біз бұл бауға қызықпай өтпеуші едік. Ел тұрақтанбай көшіп, қонып жүргенде бау жасау, бұл ел көрген, жер көрген, мәдениетті, қасиетті, текті адамның ісі екені кімге де болса түсінікті еді.
Құмақбай егін салған, бау-бақша өсірген бағбан, сауда-саттық жасап, ауылдағы ағайындарын асыраған қайратты, сауатты, ақындық, әншілік бойына дарыған сері жігіт болған. Әйелі Зылиха сөзге шешен, ақын, бипатыма беделді болған көрінеді. Міне, Әділ – осы Құмақбайдың бабаларынан тараған ұрпақ.
Бүгін біздің мақаламызға арқау болған Әділ 1957 жылы Ташкент ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, еңбек жолын Тереңөзек аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас агрономдықтан бастап, Тереңөзек күріш кеңшарында бас агроном қызметін атқарған.
1963 жылы кеңшар директоры Қозтай Абуов облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне ауысып, кеңшар директорлығына Әділ Атақайұлы тағайындалады.
Осыдан екі жыл бұрын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, «Социалистік Еңбек Ері» Нұрқасым Бердіқұлов келешек күріш шаруашылығын дамыту бағытында жоғарғы орындарға бірнеше рет ұсыныс жасап, осы кеңшарды жаңадан ашқан болатын. Шаруашылықтың атын «Тереңөзек Күріш кеңшары» деп директорлыққа аудандық ауылшарушылығы инспекциясының бастығы, ғалым-агроном Абуов Қозтайды тағайындаған.Алғашқы жылы кеңшар күріш көлемін 400 гектардан 1200 гектарға, яғни үш есеге өсірді.
1961 жылы аудандық XX тамыз партия конференциясында кеңшар директоры Қозтай Абуов, кеңшар партия ұйымының хатшысы Смағұл Маханбетов конференция трибунасынан сөз сөйлеп, мемлекетке кеңшар 18 мың центнер күріш тапсыратындығы жайлы міндеттеме қабылдаған болатын. Бұл сол кездегі мақтауға да, мақтануға да тұратын облыс шарушылықтарының қолы жетпеген көрсеткіш еді. Міндет белгілі, мақсат жоғары. Қалай болғанда да кеңшар атына лайықты күріштің даңқын шығару керек.
1963 жылы облыста күріш өндіру бағытында өте күрделі жұмыстар басталды. Арнайы «Главриссавхозстрой» мекемесі ашылып, күріш өндірудің барлық мәселесі шешілді. 1964 жылы Ы.Жақаевтың «Жас ұрпаққа сәлем хаты» жолданды, облыста «Жақаевшылар қозғалысы» басталды. Сол жылы жас күрішшілердің І облыстық слеті шақырылып, космонавт Г.С.Титов қатысты. Жылма-жыл озат күрішшілерге Ы.Жақаев атындағы арнайы жүлде «Еңбек аттестаты» тапсырылды. Қажырлы еңбектің арқасында облыста 100 центнерден жоғары өнім алатын диқандар көбейді. Өткен ғасырдың 80-жылдары күріш көлемі 100 мың гектарға жетті. Бұл республикада өндірілетін күріштің 80 пайызын, одақ бойынша 20-29 пайызын құрады.
Міне, Әділ ағамыздың 1963 жылдан бастап 13 жыл кеңшар директорлық қызметі осындай кезеңмен тура келді. Жыл сайын күріш өндіруде облыста алдыңғы орында болып, зор абыройға ие болды.
Әділдің директор болардан бұрын осы кеңшарда бас агроном болып жұмыс атқаруы елмен, халықпен, жермен, сумен аралас жұмыс істеп, шаруашылықтың бүк-шігін бұрыннан білетіндігі жұмысты бірден игеріп кетуге ықпал жасады.
Бірінші күннен бастап егістік жер ауыспалы танапқа көшіріліп, әрбір гектар жер тиімді пайдаланылды. Кеңшарда арнайы мелиоративтік «ММО» отряды құрылып, жылма-жыл 1000-1200 гектар жер қайта тегістеліп, су жолдары, тоспалары ағымдағы жөндеуден өткізіліп отырды. Осындай жұмыстың нәтижесінде шаруашылықта бірде-бір гектар жер сорланып, тұзданып батпақтанбай, пайдаға жарамсыз болып қалған жоқ. Ауыспалы жүйемен жоңышқа егу арқылы жердің құнары жылдан-жылға арттырылды.
Шаруашылыққа жас мамандар кеңінен тартылып, оларға жан-жақты қолдау жасалды. Комсомол жастар звеносы, бригадалары ұйымдастырылды, түрлі мамандықтан шаруашылыққа өз еркімен үндеу көтеріп келушілер саны артты.
Білікті басшының іскерлігінің арқасында 1962 жылы мемлекетке 18 мың ценнер күріш тапсырған шарушылық 1 млн пұт астық тапсырып, республикаға миллион пұт күріш тапсырған алғашқы миллионер кеңшар атанды. Осыдан соң жыл сайын мемлекетке миллион пұттан астам күріш тапсыру кеңшардың тұрақты дағдысына айналды. Кеңшар күріш фабрикасы атанды. Шарушылық әр жылда 3500-4000 гектар күріш егіп, гектарынан 50 центнердің үстіне өнім алуға қол жеткізді.
Кеңшар мал шаруашылығы саласында да айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Мал басы мүйізді ірі қарадан 3500-4000 басқа, жылқы саны 1000 басқа дейін жеткізіліп, мемлекетке ет, сүт тапсыру жоспары артығымен орындалып, мал басы 97 пайызға аман сақталды.
Әділ Атақаев басқарған 13 жыл ішінде кеңшар экономикасы мен мәдениеті өркендеп, еңбеккерлердің тұрмысы жақсарған үлгілі елге, орталығы қала типтегі сәулеттелген шағын қалаға айналды.
Кеңшарда кадр тәрбиелеуге жол ашылды. Кеңшарда қызмет жасаған Қозтай Абуов облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Смағұл Маханбетов аудандық газеттің редакторы, Сәмит Далдабаев аудан басшысы, Өзбекбай Досмағанбетов, Зәкімен Өткелбаев, Бақыт Мыханов, Смат Сейтасанов, Алдаберген Құлбаев, Өмірзақ Сәдуов, Пернебек Алиакбаровтар шаруашылық басшылығына, Демесін Искаков аудандық партия комитетіне, Бақыт Сәрсенов, Мұхаш Жақсылықов, Төлеп Мыханов, Наушабай Өмірбаев, Нағметжан Мұстафаев, Иса Оразбаев және де басқа көптеген азаматтар түрлі салаға басшылық қызметке ауысты. Өз еркімен шаруашылыққа күріш егуге келген көптеген азаматтар еңбектен бақытын тапты. Күлаш Әсимова, Райкүл Жалғаспаева ҚР-ның депутаты болып сайланса, Абылай Сейтенов бүкілодақтық комсомол ұйымының съезі делегаты, бүкілодақтық комсомол сыйлығының лауреті болды. Тек қана осы шаруашылықтан 9 кеңшар директоры шықты. Осылайша, шаруашылық кадрлардың тәрбие орталығына айналды. Күріш өндіруде кеңшар «Күріш фабрикасы» атанса, енді «Кадрлар фабрикасы» атанды.
Әдекеңнің 30 жасында облыста күріш шаруашылығын басқаруға келіп, жетістіктерге қол жеткізуі елдің ауызбіршілігінің арқасы деп есептеймін. Шаруашылықта бөлімше басшылары Зинабдин Лекеров, Гихва Цой, Ақынбабай Токберішов, ферма меңгерушісі Каматтар Садықов сенімді көмекшілер болды.
Әділ Атақайұлының осы кеңшарда бас аяғы 15 жылда жасаған жұмыстары, яғни типтік жобада салынған үйлер, өндіріс ғимараттары, мәдениет үйі, мектеп, балабақша, емдеу орны, байланыс мекемесі, жер тегістеу, су кұрылыстарын салу, орталықты көркейту, көгалдандыру, абаттандырудағы атқарған жұмыстар мен мұндалап сайрап тұр.
Осындай ауылда 15 жыл абыройлы жұмыс істеу, ізінен бір ауыз сөз ермей, арыз, шағымсыз абыройлы жұмыс атқару екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бұл – тек Әділдің адал, таза, әділетті басқаруының нәтижесі. Іскерліктің, біліктіліктің, ізденімпаздықтың, ерінбей, жалықпай күні-түні еңбек етуінің нәтижесі.
Ата-ана балаға белгілі бір мақсатпен ат қояды ғой. Ол «әділетті болсын» деген. Әділ солай ата-ана үмітін ақтаған әділеттіліктен бақыт тапқан азамат болды.
Аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы, білікті, іскер басшысы Конысбек Қазантаев Әділдің бар жақсы жақтарын бір ауыз сөзбен жеткізгені әлі есімде.
1968 жыл. Мен аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқаратын едім. Білімім орта, төрт жыл бойы нұсқаушылық қызметті атқарып келемін. Ал ауданда көптеген азаматтар жоғарғы білімді, партия мектебін бітіргендер де бар. Олар мен отырған қызметке жете алмай жүр. Әрі ойланып, бері ойланып қалай болғанда да жоғары білім алуым керек. Ата-анамның денсаулығына байланысты оқи алмай жүрдім. Барлық жағдайды ескере келе не болса да жоғарғы партия мектебіне оқымақ болып, аудандық партия комитетінің бюросына өтініш жаздым. Менің өтінішім бюрода қаралып, бірінші хатшы Қонекең: «Жақай мынауың не? Осы қызмет тақияңа тар болып тұр ма? Егер де кеңшарға партком хатшылығына барғың келсе, осы бюрода қалаған кеңшарыңа жіберемін. Ал оқуға барғың келсе, онда төрт жыл оқып келіп осы қызметке жете алмауың мүмкін. Неге сырттай оқымайсың, бес жылда бітірмесең, он жылда бітірерсің. Бізге мына Әділ Атақаев сияқты білікті, іскер маман керек» деген болатын. Осы сөз менің бағыт, бағдарымды өзгертті. Мен ауылшаруашылық институттың агроном мамандығын бес жылда сырттай оқып тамамдадым. Бар мақсатым Әділдің жолын қуу, абыройына жету болды. Мақсатым орындалды. Екі кеңшарды 11 жыл басқардым. Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы аудан әкіміне дейін қызмет жасадым.
Әділдің осыншалықты еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Бағаланды. Екі рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің бірнеше алтын, күміс медальдарымен, 4 дүркін мерекелік медальдармен, бірнеше Үкімет наградаларымен марапатталды. Омырауы орден-медальға, үстелі мақтау, марапаттау қағаздарына толды. Қызмет істеген жылдарында үнемі ауылдық, аудандық, облыстық кеңестердің депутаты, аудандық, облыстық партия комитетінің пленум мүшелігіне сайланды. Қазақстан компартиясының XIII съездіне делегат болып қатысты.
Кеңшар жарыстардың жеңімпазы атанып республиканың «Алтын кітабына» жазылды. Екі мәрте республиканың ескерткіш Қызыл туына ие болды. Республика Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаев үш рет шаруашылықта болып атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдірді. 1967 жылы республикалық ауылшаруашылық кеңесінде «Тереңөзек күріш кеңшары» Д.А.Қонаевтың баяндамасында «Республика көлеміндегі ең үлгілі шаруашылық» деп аталды.
Бақ та, бақыт та кез келген адамға қона бермейді. Біздің Әдекең осындай бақ қонып, бата дарыған, ел қалаған азамат болды. Бақты да, бапты да ұстай білді. Аспады, таспады, саспады зор адамгершілік парызын өтеді. Кейінгі ұрпаққа үлгі болды.
Әдекең жұбайы Күлән Мақанбетқызымен бақытты өмір сүрді. «Екі жаман немесе бір жаманмен бір жақсы қосыла береді. Ал екі жақсыны Құдай қосады» деген. Бұл екеуі осы құдай қосқан қосақ болды. Екі ұл, төрт қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Барлық баласы жоғары білім алып, олардан 19 немере, 14 шөбере өсіп, өркен жаюда.
Күлән ақылды, парасатты Бибі-Патыма болды. Бүкіл өмір жолында дәрігер болып қаншама адамның өмірін сақтап қалды. Әдекеңнің қорғанышы, сүйеуіші, демеушісі бола білді. Отбасы, ағайын-туыс, құда-жекжатпен шаруашылықтың жұмысшы, қызметкерлерімен тіл табысып бірліктің, ауызбіршіліктің, сыйластықтың ұйытқысы болды. Әдекеңнің отбасы, ағайын туысқа алаңдамай тек өз міндетін атқаруына толық жағдай жасап отырды.
Әдекең 1994 жылы республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Зейнеткер болса да ауданның экономикалық, әлеуметтік дамуына белсене араласып, жастар тәрбиесіне зор мән берді. Бес уақыт намаз оқып, оразасын ұстады. 1991-1993 жылдары Ислам медресесін сырттай оқып, үздік бітірді. Ауданда имам болып өзгелерді де адалдыққа, тазалыққа, имандылыққа тәрбиеледі.
Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деген мақал бар. Ал Әдекең осындай жақсы қасиеттерімен, ісімен қырық қырлы азамат болды десек, артық айтқандық болмас.
Мен жақсы білетін, құрметтейтін, қадірлейтін, халыққа, елге сыйлы осындай азаматты қалай мақтасақ та жарасады. Олардың өмірі кейінгі ұрпаққа өнеге. Аудан орталығынан көше атын беріп, тәрбие, оқу орындарда мерейлерін арттыра беру, жақсы қасиеттерін жастарға жеткізу жұмыстарын жан-жақты ұйымдастырған дұрыс деп есептеймін.
Жақай БОДЫҚБАЕВ,
Сырдария, Қармақшы
аудандарының Құрметті азаматы,
Қызылорда облысының
құрметті ардагері