Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халің қалай, студент?

Халің қалай, студент?

Студенттік шақ – адам өміріндегі ең қызығы мен қиындығы қатар жүретін кезең. «Біз де жас болғанбыз» деуші еді бұрынғының адамдары. Сол секілді біздің де басымыздан жастық шақ пен студенттік өмір өтті.

Бұрын студент атану қиынның қиыны еді. Екі адамның басына бұйыра бермейтін бақыт десе де болады. Дегенмен бап шабады ма, бақ шабады ма дегендей бағымызға орай студент атандық. Алғашқы айлар жаңа орта, жаңа адамдар, сабақтан бас көтермей таң атысымен күн батқанға дейін оқу оқып, мамандықты қайтсем игеремін деген ой маза бермегені анық. Бір-екі жыл артта қалып, университет қабырғасындағы ортаға үйренісіп, үлкендігінді сезінген шақта айналаңа қарап, жақсы мен жаманды айра бастайсың. Алға қойған мақсатың мен ата-ана, ұстаз сенімін ақтау үшін қатарыңнан қалмай, ай сайын шәкіртақы алғаныңды шүкірлік ету көп жастың басынан өткені рас. Қазір заман басқа білім саласындағы жаңашылдық шәкірттердің біліміне сай бірнеше жоғарғы оқу орнын таңдауға мүмкіндік берді. Ұлттық бірыңғай тестіден алған балл саныңмен бұйырған оқуға түсіп студент атанасың. Былайынша айтқанда бұл студент атануға жасалған жақсы мүмкіндік. Әрине, ізденіп, мектеп қабырғасында жақсы білім алсаң міндетті түрде таңдаған мамандығыңның иесі атанасың. Десек те мемлекеттік грант негізінде оқуға түсе алмай, ақылы негізде оқитын студенттердің қатары да қалың. Ондай кезде ата-анасының жағдайын ойлап, күндіз сабақ оқып, түнде жұмыс істейтіндер бар. Күнкөру қамымен жағдайын ойлап, тапқанын тамағына жеткізіп, жай-күйін күйіттейтіндер көп.

Осы күні жаздың соңғы айына да келіп жеттік. Студенттердің көбі үйлеріне оралып, алаңсыз демалыста жатса, енді біразы жаз мезгілін пайдаланып, ақша табу қамымен жұмыс істеп жүр. Олардың қатарында қабырғасы қатаймаған жоғарғы сынып оқушылары да бар. Жас жеткіншектер кафеде даяшы, ыдыс жуушы немесе қара жұмыс істеп, екі қолға бір жұмыс тауып алғандар. Осылай күнкөріс қамымен жүрген студенттер ертеңгі күні адал нанның қалай келетінін, жұмыс істеп, жалақы алып, оны дұрыс жарату керектігін түсініп, есейеді. Жоғарғы оқу орнында оқып жүріп, сабақтан тыс уақытта да жұмыстан қол үзбей жан бағудың қамында жүретіндердің арасында оқуға деген ынтасынан айырылып қалатындар да кездеседі. Мақала жазу барысында жазғы демалыс­та жұмыс істеп жүрген бірқатар жастардың пікірін білдік. Олардың өтініші бойынша есімдерін өзгертіп бердік.

Бақыт, магистрант:

– Жоғарғы оқу орнына оқуға түскенімде жұмыс істеу деген ойыма да кіріп шықпады. Мемлекеттік грантпен оқуға түскендіктен шәкіртақы шығындарыма жетеді деп ойладым. Бірақ бірінші курстан соң жатақхана берілмейтіндіктен ата-анам пәтерге, тамағыма ай сайын ақша салып тұрды. Сабақ үлгірімім де жақсы болды. Нәтижесінде үздік оқып, магистратураға оқуға түстім. Елдегі пандемия кезінде оқу онлайн жалғасты. Бос уақытым да көбейді. Сондықтан қосымша ақша табу үшін дәмханаға жұмысқа тұрдым. Енді ата-анамнан ақша сұрамаймын. Қайта өзім оларға көмектескім келеді. Әлде де бір жыл оқуым бар. Жұмыстан қол үзгім келмейді. Дегенмен болашақ маман ретінде сабақ үлгірімімді төмендетпеуім керек. Қазір студенттердің көбі жұмыс істейді.

Мақсат, бірінші курс студенті:

– Былтырғы оқу жылын онлайн оқыдық. Бірінші курстан-ақ жұмыс істедім. Қалада жұмыс көп. Әрине, ата-анам «сабағыңды ақсатып алма» дейді. Бірақ жұмыс істемесең болмайды. Елдегі қымбатшылықтан күніңді әрең көресің. Достарыңмен киноға, кафеге барғың келеді. Қашаңғы ата-анаңнан сұрайсың. Жалданып жұмыс істеуге мәжбүр боласың. Бірақ сабақ үлгірімі жұмыс істегеннен нашарлап кетеді деп айта алмаймын. Жұмыс істеп жүргендердің арасында үздік оқитындар бар. Барлығы өзіңе байланыс­ты. Жалқаулықты қойып, күнделікті жұмысыңды жоспарлап отырсаң бәріне де үлгіруге болады. Азғантай шәкіртақы бір-екі күнге ғана жетеді. Сондықтан жазғы демалыста үйге қайтпай жұмыс істеп жүрмін.

Иә, студенттердің өмірінде шын мәнінде қызығы мен қиындығы қатар жүретіні анық. Үлкен қалада жұмыс істейтіндердің өзі жалақы алып оты­рып, айлықтан айлыққа әзер жетеді. Бір басында бірнеше жұмысы барлар немесе кәсіппен айналысатындар шылқа өмір сүретін шығар. Ал бар тапқанын киімі мен тамағына әзер жеткізетіндер қосымша табысы болмаса халі мүшкүл болары сөзсіз. Сондықтан жастардың жұмыс істегені ата-анасына үлкен көмек болары сөзсіз.

Жанар, үшінші курс студенті:

– Ақылы оқуға түстім. Жыл сайын ата-анам оқуыма ақша төлейді. Сондықтан қосымша жұмыс істеймін. Күнделікті тапқаным тамағыма, жүріп-тұруыма ғана жетеді. Кешкі мезгілден түнгі уақытқа дейін жұмыстамын. Алматы жастардың қаласы. Студенттер де көп. Бірінші курста ғана жатақхана берілді. Одан кейін пәтер жалдап тұрдық. Қыздармен бірігіп ортақ ақша шығарып, азық-түлік аламыз. Жазғы демалыста үйге де қайтпаймыз. Келесі оқу жылына киім-кешегімізді алуға жұмыс істейміз. Енді бір жылдан кейін оқуым да бітеді. Мамандығыммен жұмыс істегім келеді. Ауылда жұмыс табылса жақсы, болмаса осында қалатын шығармын.

Статистикалық мәліметтер оқу бітіріп дип­ломын алғандардың көбісі өз мамандығымен жұмыс істемейтінін айтады. Екінші, үшінші мамандық алып, тұрақты жұмыс іздеушілердің қатары да қалың. Қазір жастарды жұмыспен қамту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Оның өзі барлық дипломды жасты жұмыспен қамтуға жетпейді. Тиімдісін іздейтін жас маман ауылдан гөрі қалада жұмыс істеуге құмар.

Нұрбибі, жұмыссыз жас:

– Мамандығым бойынша жұмыс табылмады. Жастар тәжірибесімен жұмыс істеуге болады екен. Одан әрі мекемеде бос орын болмаса жұмыссыз қаласың. Сондықтан уақытша жалдамалы жұмыс істеуге тура келді. Қазір жастарды кәсіпке тартуға байланысты қайтарымсыз грант беріледі. Сол үшін арнайы курстан өтіп, бизнес жосапр әзірлеудемін. Бұйырса өз кәсібімді бастағым келеді. Негізінен өз мамандығың бойынша жұмыс істегенге не жетсін.

Осы айтылған пікірлерге қарап, жастардың халі қандай екенін білу қиын емес. Басым бөлігі өздерінің материалдық жағдайын ойлап жұмыс істеп жүргендер. Ата-анаға салмақ салмай тапқан таянғанын өздеріне жұмсау мақсаты. Әрине, бұл дұрыс бәлкім. Дегенмен, мамандықтың қыр-сырын меңгеру үшін бірінші орынға оқуды қоюы қажет. Себебі қай ата-ана болмасын алдымен сырттағы баласын ойлап бар тапқан таянғанын соның аузына тосып, қатарынан қалдырмауға тырбанады. Сондықтан жастық шағын «қызықты өткіземін», «бәрін үлгіремін» деген ойда жүрген жастарымыз осыны түсінсе кәне, шіркін!




Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ


09 тамыз 2022 ж. 511 0