Партиялық билеттер табысталды
Президент Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауы мен саяси реформаларында заман талабы мен халық сұранысына сай еліміздегі партиялардың жұмысын жетілдіру қажеттігін айтқан болатын. Соған сәйкес бұрынғы Nur Otan партиясы AMANAT болып өзгертіліп, атауы жаңарған партия халық игілігі үшін қабылданған сайлауалды уәделерін орындауға белсене кірісіп кетті. Сәйкесінше, партия мүшелері де артып, оларға партиялық билеттер табысталуда.
Апта ағымында AMANAT партиясының Сырдария аудандық филиалында салтанатты басқосу өтті. Онда аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Е.Жақып партия қатарына жаңадан қабылданған азаматтарға партиялық билеттер табыстады.
– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ірі саяси реформаларды қолға алды. Біз тәуелсіздік шежіресінің жаңа парағын ашып, Президенттің ұйтқы болуымен «Жаңа Қазақстанды» ел болып бірге құруға батыл қадам бастық. Осы ретте барлық күш-қайратымызды ортақ мақсатқа жұмылдырып, игілікті істерді сапалы әрі нәтижелі жүзеге асыруға атсалысуымыз қажет. Осыған орай AMANAT партиясына да ауқымды міндеттер жүктелуде. Біз халық алдындағы уәделерімізді орындап, сайлауалды бағдарламадағы басым бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істейтін боламыз. Осы жұмыстарға партия қатарына қабылданып жатқан азаматтар да белсене атсалысады деп сенемін, – деді аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Е.Жақып.
Салтанатты басқосуда аудандық мәслихаттағы AMANAT партиясы депутаттық фракциясының мүшесі А.Ибрагимұлы жетекші партияның рөлі мен ауқымды саяси реформалардың ел үшін маңыздылығы туралы пікір білдірді.
– Мемлекет басшысы соңғы үш айда ауқымды саяси реформалар жариялады. Бұл реформаларды Екінші Республиканың саяси іргетасы мен негізі деп қабылдауға болады. Президенттің осы тарихи шешімдері – жаңа әрі әділетті Қазақстан құру жолында жасалған ірі қадам. Мұның барлығы саяси бәсекелестікті күшейтуге жол ашып, Қазақстан азаматтарына жаңа әрі тең мүмкіндіктер береді. Сәйкесінше, AMANAT партиясы Конституциялық реформаның маңыздылығын терең түсіне отырып, елдегі жаңашыл бастамаларды қолдады. Мәселен референдум кезінде саяси науқанның мән-маңызын халыққа жан-жақты түсіндіру мақсатында партия жанынан республикалық және 17 өңірлік штаб құрылды. Оның құрамына орталықтағы және өңірлердегі AMANAT партиясының белсенді мүшелері кірді. Бұл жұмысқа Парламент пен мәслихаттардағы фракция депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, жастар қанаты мен өңірлердегі филиалдар атсалысты. Партияластарымыз аймақтардағы, шалғай елді мекендердегі тұрғындармен кездесіп, республика бойынша барлығы 1,5 мың іс-шара өткізілді. Бүгін партия қатарына қабылданған азаматтар осындай жұмыстарға белсене атсалысуы қажет, – деді аудандық мәслихаттағы AMANAT партиясы депутаттық фракциясының мүшесі А.Ибрагимұлы.
Жиын соңында партияның жаңа мүшелері сайлауалды бағдарламаларды орындауға үлес қосатындарын, елдегі саяси реформаларды қолдайтындарын айтты.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ