Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Асыл ағаға тағзым

Асыл ағаға тағзым

«Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындаған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бағы­тын­дағы жұмыстар бірлігі бекем, тірлігі көркем Шіркейлі ауылында жүйелі түрде ұйым­дас­тырылуда. Ғұлама ғалымдардың, ишан-ахундардың, ақын-жазушылардың кіндік қаны там­ған қасиетті мекенде Құрбан айт мерекесінің екінші күнінде тағылымы мол-іс шара өткізіліп, оған зия­лы қауым өкілдері, ардагерлер, ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Қ.Мұхамеджанов атындағы ауылдық мә­де­­­ниет үйінде ұйымдастырылған іс-шара Мәді Диуана Қожаның тоғызыншы ұрпағы, Сыр өңі­ріндегі Ислам дінінің көрнекті өкілі Құлбол­ды Ишанның шаңырағын ата дәстүрмен ұстап, ізін жалғаған Әкмал Мақсұмның ұлы, сұрапыл соғысқа Отан қорғау үшін аттанып, майдан даласынан хабар-ошарсыз кеткен Шаһабаддин Әбіласановтың 100 жылдығына ар­налды. Іс-­ша­раны ұйымдастыруға ауылдағы «Мәді Қа­жы» серіктестігінің директоры, белгілі кәсіп­кер Сейткамал Сұлтанов ұйытқы болған. Жомарт азаматтың айтуынша, бұл бастаманы жүзеге асыруға ата-анасының өсиеті мен аманаты негіз болған.

– Елімізде сұм соғыс қайғы-қасірет сый­ламаған отбасы жоқ шығар. Біздің де әулеттен бірнеше азамат сындарлы кезеңде соғысқа қа­тысып, кескілескен шайқастарда өшпес ер­­лік көрсеткен. Ал ауылымыздың ержүрек май­дангерлері жөнінде де көп айтуға, тіпті бар­лығының өмір жолын жас ұрпаққа үлгі-өнеге етуге болады. Әкем де, анам да соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі кезең­дердегі естеліктерді бізге көп айтатын. Әсі­ресе, анам хабар-ошарсыз кеткен ағасы Шаһабаддинді иә өліге, иә тіріге санай алмай, бір дерек табылса екен деп армандаумен өтті. Анамның сол ақ ниеті мен пейілі осы іс-шараны ұйымдастыруға негіз болды. Алдын ала ауыл әкімдігімен, ауылдағы мекеме басшыларымен, дін өкілдерімен ақылдасып, рухани құндылықтарымыз дәріптелетін, көпке үлгі болатын, тәрбиелік мәні зор іс-шара өткізуді қолға алдық. Бүгін сол іс-шараның қорытындысына жиналып отырмыз. Біздің шақыруымызды қа­был алып, арнайы уақыт бөліп келгендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді «Мәді Қажы» серіктестігінің директоры Сейткамал Сұлтанов.

Іс-шара соғыс жылдарындағы қиын кезең­дерден сыр шертетін қойылыммен басталды. Қойылымда небәрі жиырма жасында со­ғыс­қа аттанып, ел қорғау жолына жастық жалы­ны мен күш-жігерін арнаған Шаһабаддин Әбіласановтың өмірі суреттелді. Ол алғашында майдан даласынан елге хат жазып, хабар беріп тұрса, 1943 жылдан бастап арадағы байланыс үзіледі. Осы ретте өмір жолы іс-шараға арқау болған майдангердің өмірбаянына қысқаша тоқталып өткеніміз жөн шығар.

Майдангер Ш.Әбіласанов 1922 жылы Сырдария ауданына қарасты Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген. 1941 жылы ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, іргелі білім ордасында білім ала жүріп, ақын бабалары Заман ақын, Сайыпназар ахун, Әбдіқайым Мақсұмдардың ізін басып, сол кездің заман ағымына сай түрлі тақырыпта өлең жаза бастаған. Алайда неміс фашистерінің бастаған соғысы «ауыл шаруашылығы маманы боламын, өлеңді өмірлік серік етемін» деген аяулы арманын сағымға айналдырады. Осы техникумда оқып жүрген кезінде әскер қатарына алынады. Алғашында Самарқандтағы әскери атқыштар мектебінде 6 айлық даярлық курсын оқып, кейіннен қолына қару алып, екінші дүниежүзілік соғысқа атта­нады. Майданда жүріп қолы қалт еткенде, ба­уыр­ларына, туған-туыстарына, анасы­на өлеңмен жазған сағынышты хаттарын жол­­дап тұ­рады. Өкінішке қарай, 1943 жылдан бас­тап жас жауынгерден хат келмей қалады. Ел қор­ғауға аттанған отбасының тірегін, жалын­дай жанып келе жатқан талант иесін «өлдіге» қия алмай, аяулы анасы, артынан ерген іні-қарындастары, бауырлары үмітпен, сағы­ныш­пен ұзақ жыл күтеді. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қал­дырған» демекші, 20 жастан енді ғана асқан шағында екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен Шаһаббадин Әкмалұлы өзінің қысқа ғұмырында көптеген өлеңдер мен бірнеше поэмалар жазып қалдырған. Ақын ағасының қаламынан туған өлең-жырларын қарындасы Мәшһура 70 жылдан астам уақыт бойы бауы­­рынан қалған жәдігер ретінде өзінің жеке мұрағатында сақтап, аудандық, облыстық га­зет­терде жарық көріп, бірнеше кітапқа енгі­зілуіне себепші болған. Жоғарыда атап өтке­німіздей, «Асыл ағаға тағзым» ат­ты іс-шараның өтуіне де Мәшһура ананың өсиет-аманаты, ба­уырына деген сарқылмас сағы­нышы негіз болған.

Құрбан айт күні ұйымдастырылған тағы­лымы мол іс-шарада Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасына қарасты Қызылорда об­лыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Қайырбек Отызбаев қасиетті ме­ре­кенің тарихы, мәні мен маңызы туралы насихат айтты. Сондай-ақ бабалар рухына Құ­ран бағыштап, дұға етті. Мұнан соң аудан әкімі М.Ергешбаев сөз сөйлеп, өткенді еске алу өнегелі іс екенін айтып, іс-шараны ұйым­дас­ты­ру­шыларға алғысын білдірді.

– Сырдың қасиетті топырағы сан ғасыр­лық тарих қойнауынан жеткен ғажайып құнды­лықтардан кенде емес. Қорқыт абыздан бастау алған рухани қазынамыз мол. Қасиетті Арыс­тан баб, Қожа Ахмет Яссауи мұралары секілді құндылықтардың қатарында Құлболды ишан, Қалжан ахун туралы дәйекті деректердің алатын орны ерекше. Өз заманында «Ақ ишан» атанып, жас кезінен оқу мен ілім игеруге, дінтануға ниеттенген бабалардың өмірі кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі-өнеге болары хақ. Құлболды ишанның ұрпағын Шаһабаддин Әбіласанов секілді батыр бабалар жалғастырса керек. Ол 20 жасында соғысқа аттанып, ерлікпен қаза тапты. Сұрапыл соғыстың соқпағында от пен оқтың ортасына түсіп, кең-байтақ жерімізді қорғады. Ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн үшін жасаған өлшеусіз ерлігі мәңгі ұмытылмайды, – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде журналистика саласының ар­дагері Қ.Мырзахметұлы мен ардагер-ұс­таз Б.Мақашов естеліктерімен бөлісіп, текті­лер­­дің мекені болған ауылдан шыққан тұлға­ларды дәріптеу ісіне мән берген «Мәді Қажы» серіктестігінің директоры Сейткамал Сұлтанов­тың жұмысына жеміс тіледі.

Айта кету керек, бұл күні Сыр өңіріне белгілі жыршы-термешілер Әділхан Қуаңбаев пен Марат Сүгірбай терме орындады. Мұнан бөлек Қызылорда облыстық филармониясының ән­ші­сі, Шіркейлі ауылының тумасы Гүлфира Әлиханова әуелете ән шырқады. «Шаттық» би тобы «Білезік» биін билесе, Бақыт Сыздықов өзінің ұлы Нұрмұхамедпен бірге бейбіт­­­шілік­­­­тің символына айналған «Ақкөгершін» әнін ұсын­­­­­­ды. Іс-шара қорытындысында Елжан Берістенбаев «Атамекен» әнін орындап, Рақымжан қа­жы Бәйменов жиналғандарға ақ батасын берді. Сонымен бірге Сейіткамал Сұлтанов батыр баба Шаһабаддин Әбіласановтың 100 жылдығына орай «Асыл ағаға тағзым» атты еске алу іс-шарасы аясында ұйымдастырылған Құран оқу, қазақша күрес, қол күресі, теннис жарыстарынан жеңімпаз атанған азаматтарды мара­паттап, бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады. Соңында облыс аудандары мен ауыл ардагерлеріне, ауыл қонақтарына ас беріліп, бабалар рухына Құран бағышталды.




Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
12 шілде 2022 ж. 292 0