Сөз – ырыс, өмір – тыныс
1950 жылы «Сталин жолы» газетіне Айтбай Қойшыбаев редактор болды. Сол жылдары газеттің ақпараттық үгітші болумен қатар, газет насихатшысы ретінде сабақ жүргізгені туралы мәлімет бар. Бұл газет оқырманы әрі авторы Мұзапбар Байхожаевтың естелігінде жазылады: «Сталин жолы» газетінің редакторы Айтбай Қойшыбаев өте кішіпейіл, сауатты журналист еді. Ол мен қызмет істейтін аудандық тұтынушылар одағында тұрақты насихатшы болды. Мен болсам журнал дайындап, кісілердің қатысуын түгендейтін жәрдемші, тыңдаушы едім. Тәртіп өте қатал. Сабаққа қатыспаған тыңдаушылар мекеме бастығына түсінік береді. Мен басқаларға қарағанда батылдаумын. Сабақ үстінде газет туралы, қалай жазу керек екені жайында көбірек сұрақ беремін. Өзім аздап сауда саласынан қысқа хабарлар жазып жүрдім. Сондықтан да мені дәріптеп, тыңдаушылардың алдында газеттің тілшісі деп фамилиямды дабырайта айтып отырады. Соған сәл де болса мақтанып қаламын. Сөйтіп жүріп 1952 жылы «Көктем» деген өлеңім Айтбай ағаның өңдеуімен газетте жарық көрді».
Аудандық басылымның елдегі реформаларға орай жабылып қалған кездері де бар. Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхтар Сақтапов өз естелігінде мынадай дерек келтіреді: «Ел билігіне Н.С.Хрущев келгенде түрлі реформалар жүзеге асып, «аудандық партияға газеттің қажеті жоқ» деген тапсырмамен аудандық газеттер тарап кетті. Мұнан соң аудандық поштадан радиоторап ашылып, жаңалықтар халыққа радио арқылы беріліп тұрды. Газеттің жабылуымен бірге барлық аудандарда баспахана ізі сақталмай, тек Сырдария мен Арал ауданында ғана сақталып қалады. Қайта ашылған аудандық басылымға Жұмағали Елеуов бас редактор болып тағайындалады». Автор бұл мерзімді «Хрущев жылдары» деп атап көрсеткеніне сүйенсек, бұл – 1953-1964 жылдардың аралығы. Бұл аудандық басылымның «Еңбек майданы» деген атпен шығып тұрған кезі.
Қайта ашылған газеттің жағдайы туралы Сақтаған Есмаханов естелігінде анық суреттеледі: «1957 жылдың 1 мартында «Еңбек майданы» газеті редакциясына жұмысқа келдім. Редактор Жұмағали Елеуов қолы ұзарып, мықты бір журналистке қолы жеткендей қуанып қалды. Жұмыс жайымен, баспаханамен, ондағы жұмысшы-қызметкерлермен таныстырды. Сол кездегі тіршілік, редакцияның мүшкіл халі есіме түссе, әліге дейін тұла бойым түршігеді. Редакция дегеніңіздің коллективі екі жарым адам. Бар болғаны – редактор, мен және баспахана мен редакцияға ортақ бухгалтер. Отыратын орны торғайдың ұясындай бір бөлме, бір коридорсымақ. Бір бөлмеде редактор, коридорда бухгалтер екеуміз. Кабинеттегі қара телефонмен сөйлесу үшін машинаны қолмен оталдырғандай гүрілдетіп сан мәрте бұрап жатқаның. Оның үстіне ауданның көптеген мекемелерінде, колхоздарында телефон байланысы жоқ. Ал, газетке мақала іздеп көріңіз. Редакцияға айына екі-үш хат келе ме, жоқ па, белгісіз. Редактор газетке қатысатындардан Қасымхан Ысмайылов, Бекнияз Шертаевты, Айтбай Салыбаев пен Ерболат Жүсіповті, Қожабек Қоянбаев пен Сейітмұрат Ембергеновті атады. Соңғы екеуі рабайда бір өлеңдері болмаса хабар жазбайды. Сонымен сусыз көлдің балықшысы болуға айналдым. Айналдырған екі бет газеттің бетін толтыра алмай торыққан кездерімде өзімнің келгеніме өкініп, бармақ тістеймін. Ол кезде жиналыс деген аз болмайтын. Редакторым күні бойы бір жиналыстан-бір жиналысқа кіріп, жұмысқа солардың арасындағы «саңылауларда» ғана келіп кетеді. Ол бейне шырын жинаған бал арасы сияқты. Өзі қатысқан бюроға, мәжіліске, жиналысқа келушілерден фактілер жинап, «тапқан-таянғанын» әлгі «саңылау» кезінде маған әкеп тастайды. Онан әрі менің мезгілменен санаспай мықшиып отырғаным. Ал кешке жайланып отыруға жағдай жоқ. Ең қиыны, үй болды. Әуелі А. деген азаматтың табаны сыз, үш адам қатар отырса, иық түйістіріп отыратын, иісі қолқаны қапқан сарайында қыстап шығуға тура келді. Оның үстіне жас нәресте – тұңғышымыз бар, суық тиіп, сырқаттан шықпайды. Аудандық газеттен облысқа ауысқанға дейінгі екі жарым жыл ішіндегі тұрғын үй тірлігі осы болған еді. Сонымен менің үйім де, жұмыс орным да редакция. Жазамын. Сызамын. Қайта жазамын. Меніңше, жазғандарым сол күйінше теруге кетпейді. Оны редактор қарауы керек. Ол қарады дегенше әрбір бет қып-қызыл шиедей болады. Бірде Жұмекең бір мақаланы үш рет жөндеп, маған үш рет көшіртті. Жүйке тозып, саусақ тесілуге айналды. Үшінші рет қатуланып: «Жәке, мен шаршадым. Фактіні мен жинайын, жазуын өзіңіз жазыңыз. Бәрібір мен жазып оңдыра алмаспын» дедім. Ол күлді. «Ренжіп жүр екенсің ғой. Жарайды, жаза бер, мен саған «жолжоба болсын деп жүрмін» деп жұбауратты. Шынында, маған дейін қайдам, мен келгеннен кейін ол кісі тек мені жөндейді, өзі бас мақала жазады. Бос уақытында орыс тіліндегі көркем әдебиеттер оқиды. Жөкең орыс тіліне сауатты адам еді. Шақарлығы жоқ, сөзге өте сараң, ұнатпаған жағдайда сазарып отырып, бет-жүзіңе қарамай, көңіліңді жаралап тастайтын. Ал жалпы адамгершілігі, парасаты жоғары азамат еді. Қайырымдылығы мен мейірімділігін талай көрдім. Хош. Сонымен менің ол кісіге ренжіп барғаным дұрыс болды ғой деймін, жазу тізгінін сол күннен қолыма берді. Өзім де қарап жүргенім жоқ, облыстық, орталық газеттерде әр түрлі жанрдағы материалдар: хабар, статья, очерк, интервью, репортаж, тағы басқа жанрлар қалай жазылады, соларды зерттеп, жібермей оқимын. Фельетон, очерк жанрын ұнатамын. Жұмыстан көз тұнып, бас айналады. Екі күннің бірінде қатар қойған төрт орындықты төсек, газет тігінділерін жастық етіп, редакцияға түнеймін. Өйткені мен қызметке келген уақыт көктемгі егіс кезеңі еді. Редакторым апрель айының басынан Аманкелді атындағы колхозда егіс уәкілі болып бекітілді де, газеттің бар тіршілігі менің мойнымда қалды. Мен – редактор. Мен – тілші. Мен – жауапты секретарь. Мен – корректор. Ең ақыры беттелген газеттің алғашқы басылымы мен жарыққа шығуына рұқсат алуға аудандық партия комитетінің сол кезден бастап насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Бәкір Өтеповке баратын байланысшы да мен. Осының бәріне шыдауға да, үлгіртуге де тура келді».
Қайта ашылған аудандық басылымның алғашқы жылдарында бір редактор мен бір тілші еңбек етсе, уақыт өте редакцияда штат ашылып, шығармашылық ұжым қалыптасты. Бұл газеттің жалғыз тілшісі болған Сақтаған Есмаханов естелігінде жазылған. «Сол жылдың күзінде ғой деймін, маған жауынгердің керзі етігі аяғынан түспеген ұзын бойлы, ашаң дөңгелек жүз жас жігіт келді.
– Сәке, сізді сырттай өлең, мақалаларыңыздан білуші ем. Армия қатарынан жуырда ғана келдім. Газетте кімдер істейтінін сұрастырсам, сізді осында деді. Сондықтан әрі танысқалы келдім, әрі «газет үлкейеді» дегенді естіп, егер сол рас болса, менің жаңа құрамға енуіме көмектесуіңізді өтінгелі келдім, – деді ол. Бұл – Төлепберген Тобағабылов еді. Көп ұзамай газет төрт бет болып аптасына үш рет шығатын болды. Коллективке бұрын осы аудандық газетте редактор болған Шілдебай Оңғалбаев, аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Бәкір Өтепов, осы бөлімдегі нұсқаушы Ералы Бедебеков, жауынгер жігіт Төлепберген Тобағабылов, Нұрхан Жанаев келді. Бәкір Өтепов – редактордың орынбасары, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, Шілдебай Оңғалбаев ауылшаруашылығы, Ералы Бедебеков еңбекші хаттары бөлімін басқарып, Төлепберген тілші, Нұрхан корректор болып бекітілді». Сол жылдары редакцияның үлкеюіне байланысты оған бұрынғы аудандық мәдениет үйі берілді, баспахананың материалдық-техникалық жағдайы нығая түсті.
Мұхтар Сақтапов өзінің естелігінде шығармашылық ұжымның газет шығарудан бөлек еңбекке араласқанын жазады. «Ол кезде ауданның бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұлов еді. Жоғары білімі болмағанымен ұйымдастырушылығы мол. Барлық бөлімді жұмысқа тартатын. Кесек құйғызады, құрылысқа апарады, масақ тергізеді. Редакция аудандық партия ғимаратының ішінде орналасқан. Содан газет шыққан соң редакцияны жаптырып, барлық бөліммен қосып жұмысқа апарады».
Шығармашылық ұжымды сол кезде қара жұмыстан босатқан қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетовтің бір шумақ өлеңі ел ішінде жатталып қалады. Тағы да Мұхтар Сақтаповтың естелігінен үзінді келтірейік: «Бір күні жұмысқа шығайын деп жатқанда Асқар Тоқмағамбетов келе қалды. Машинадан түсе бергенде бірінші хатшы алдынан шықты. Бәріміз қолын алып, амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Жағдайымызды сұраған соң жұмысқа бара жатқанымызды жеткіздік. Сол кезде Асекең:
– Әй, Бердіқұлов!
Журналист жаратылған том жазуға,
Сен оларды жұмсайсың тоң қазуға.
Бір күні «Правдаға» шығып жатсаң,
Кетесің ана жаққа ор қазуға, – дегенде бірінші хатшы:
– Асеке, болды, болды. Осы 5-10 адам бармағаннан жұмыс тұралап қалмас, қалыңдар, – деді. Осы сәт әлі есімнен кетпейді. Одан кейін бармайтын болдық». Бұл мысал арқылы сол уақытта басшылардың журналист сынына ілігуден қаймығатынын, жалпы баспасөздегі көтерілген әрбір мәселемен санасатынын аңғаруға болады. Сондай-ақ автор өз естелігінде сол жылдары редакцияның аудандық партия комитетінен бөлек, өз алдына төрт бөлмелі ғимаратқа көшкенін жазады.
Газет ісі баспаханамен тығыз байланысты. Мына естелік сол кездегі баспахана жұмысын оқырманның көз алдына әкеледі: «Тереңөзек кенті орталығында қосқабатты үлкен ғимаратта орналасқан сол кездегі баспахана мен аудандық редакция жұмысы бір сәтке тоқтаған емес. Қайнаған жұмыстың басында әріп терушілер мен газет басушылар тұратын. Сартылдаған станоктар мен линотиптерге күн сайын асығатынбыз. Журналистермен тығыз жұмыс жасап, олардың мақалаларын біржола қатесіз, сауатты теруге тырысамыз. Себебі бір сөзден кеткен қатені түзету үшін бір жолды қайта теруге тура келетін».
Газет тарихымен бірге жасасқан аудандық баспахана директоры болған В.Те, Уамық Аманбаев, Б.Жұмсабеков одан кейін ұзақ жыл баспахананы басқарып, газеттің сапалы шығуына атсалысқан Сергей Тоқсанбаев, механик-баспашы Қалман Төлегенов, бас механик-баспагер Бақытбек Әбдіхалықов, Шынар Әбдіхалықова, әріп терушілер Әнәпия Әбдірахманова, Шолпан Беркінбаева, Қалдыгүл Балшықбаева, Жақсыгүл Тасымбаева, Бақыт Байжүнісова, Қазына Асықбаева, Жұмакүл Қожағұлова, Қалдыгүл Жаншыбаева, Гүлнар Ысқақова, корректор Айдан Манасова, Роза Досмағанбетова, Роза Есмағанбетова, Кеңескүл Жұмабаева, Ләззат Өскенбаева, Алтын Болғанбаева, бет әзірлеуші Оразкүл Күзембаева мен Анар Ысқақовалар да газеттің сапалы шығуына үлкен үлес қосты.
Баспахана жұмысының қиындығы өз алдына бөлек тақырып десе де болады. Баспахана жұмысының қиындығын сол жылдардан жазылған естеліктер ғана жеткізе алады: «Мақаланы жарыққа шығару үшін әрбір әріпті қолмен теріп, айна қатесіз шығуына мекеменің қызметкерлері аянбай тер төкті. Олар басылымның уақытылы шығуын, өзіне бекітілген мақаланы бірінші болып теру үшін жұмысқа ерте келіп, керекті әріптерді бөліп алып, басшылық берген тапсырманы мүлтіксіз орындайтын. Сонымен қатар олар қате кетпес үшін сауаттылық пен ептілікті, жылдамдық пен жауаптылықты сезіне білді. Осы жұмыстың сапалы ұйымдастырылуына мүлтіксіз орындалуына жауапты мамандар барлығын тексеріп алып, олқылық болдырмау мақсатында сүзгіден өткізіп, түн ауа баспа машинасына апарып, ертеңгі газетті шығаруға беретін. Баспахана басшысы Сергей Тоқсанбаев жаңашылдықтан да тыс қалмады. Ол линотип машиналарын алдырып, әріп теру жұмысын жеңілдетіп, жетілдіріп отырды. Баспахана басшысы жұмысты алдын ала болжап, қағазды Мәскеуден тапсырыспен алдыртатын. Бұл ретте, мекеменің артық қоры барын біліп, көршілес аудандар мен қала орталығындағы баспаханалар уақытша қағаз беруін өтініп, сұрап алатын. Аудандағы май зауытымен келісім-шартқа отырып, қорғасынмен жұмыс істейтін қызметкерлерді сүтпен қамтамасыз етіп отыру да баспахана жұмысының қиын уақыттағы жемісі еді».
«Сол кезгі баспаханадағы әріп теруші қыздар Зоя, Әсия мен Қатираның төзіміне, адамгершілігіне, жауапкершілік дегенді жанымен түсіне білетіндігіне қазір әбден риза боламын. Олар он алты сағат бойы табанынан тік тұрып «тары» тереді. Әрбір кассадан әріпті біреулеп санап, газет ұясына салу және бытырап тұрған металл-әріптерді төгіп-шашып алмай, жымдастыру қандай қиямет. Әсіресе, осы ұядағы қатені жөндеу кезіндегі сөз қатарларының төгілуі қиын еді. Қалман Төлегенов деген жігіт газет басушы еді. Ал газет нан жайғыш тақтайдай тұғырға орнатылып, аяқпен біреулеп басылатын. Мың дана газет үшін екі мың рет аяқ басу керек екен. Ал біздің тиражымыз одан көбірек. Сонда осынша газетті аяқпен басқан Қалман келесі күндері сүре жығылатын. Сөйте жүріп, аптасына екі, кейін үш рет газет шығаруда қате жібергеніміз жоқ.
Баспахананың барлық жұмыстары әріп теруден бастап, газет басылып, жарық көргенге дейінгі жұмыс процестері қолмен атқарылатын. Бір бөлменің ішінде әріп белгілері салынған картотекалар мен бір-екі станок тұрушы еді. Газет теріліп болғаннан кейін осы станоктерде басылып шығу үшін аяқпен басып, қолмен айналдырып, баспахананың 2-3 жігіті қызыл тер болып жатушы еді. Бұл бір өте ауыр тіршілік болатын. Баспаханада меңгеруші және бір есепші жұмыс істейтін. Осындай шағын аппаратпен де газет уақытылы шығып, халыққа таратылып жататын. Осы ретте баспахана есепшісі болған Болат Таңатаров, Сара Еркінбаеваның, редакция есепшісі Айбүбі Алданова, Мағрипа Өтепбергенова, Эльмира Баймұханова, Баян Қорғанбекқызының да есімін атап өтуге болады.
Алғашқы жылдары баспахана жұмысының қиындығы мына бір естелікте де айтылады: «Ауданда алғаш рет газет ұйымдастырылған кезде құрал-жабдық өте тапшы еді. Сонымен бірге редакция мен баспаханада небәрі 7-8 адам жұмыс істейді. Әріп қолмен теріліп, газет аяқпен басылатын. Электр жарығы жетімсіз болғандықтан түнемелікке қол шам пайдаланылатын. Соның өзінде газет уақыт талабына сай шығарылып тұрды».
«1957 жылы баспахана директоры Уамық Аман деген кісі болатын. Ол кезде электр жарығы деген көбіне болмайды. Газет аптасына үш рет шығады. Газеттің шығу жиілігін бұзуға болмайды. Линотип деген жоқ. Барының өзі жиі бұзылып, көбіне газет қолмен терілетін».
Газет өзінің тұңғыш санынан бастап елді отырықшылыққа, колхоз құрылысының жемісін насихаттауға, коммунистік тәрбие беру, сауаттылық пен саяси білім көтеруге шақырды. «Колхоз шаруашылығына қарқынды қадам», «Колхоз байлығы – ел байлығы», «Ауданымыздың егіс далаларында» атты айдарлармен материалдар беріліп отырса, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы еңбек, социализм құрылысының жеңісін қорғау, отаншылдыққа тәрбиелеу, жерлес жауынгерлердің қаһармандық ерлігі үзбей жарияланып тұрған. Осы жылдарда «Барлығы да майдан үшін, бәрі де Отан үшін!» «Барлық күш жауды талқандауға жұмылдырылсын! «Бір түйір дән жауға атылған оқ» деген айдарлармен елді Отан қорғауға шақырып, тылдағы еңбеккерлерді қызу еңбекке жұмылдыра түсті.
«Сыр журналистикасының
тарихы» кітабынан
(Жалғасы бар)
тарихы» кітабынан
(Жалғасы бар)