Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шарапаты мол жақсы аға

Шарапаты мол жақсы аға

Елге белгілі әулеттердің отбасы­лық тарихын саралай отырып адам өмірінің қызық та таңғажайып еке­ніне көзім жетті. Ғұмыр қысқа, бі­рақ онда даналық та, тереңдік те, жалғастық та бар. Мен Тереңөзектің байырғы тұрғыны Бәйкен қарттың ұрпағының өнегелі істері, елге жа­саған қызметі жайлы естіген сайын осындай ойға ораламын.

Олардың осалы жоқ. Салалы бес саусақтай бес ұл және екі қыз. Бәй­кен атамыз бен Палау әжемізді осы өңір тұрғындары жақсы біледі. Атамыз темір жолда қарапайым жұ­мысшы болыпты. Заманының тынысы мен лебін сезінетін, көкірегі ояу әке ұлдары мен қыздарының бәрін оқытыпты. Олардың үлкені Жиентай ағамыз – Тереңөзектегі алғашқы оқыған адамдардың бірі. Сонау ашар­шылық жылдарында өмірге келген ол әкесінің ауыр еңбектегі маңдай терінің нәпақасымен сол аштықтың азарын көрген жоқ, мектеп бітірген соң, мұғалім мамандығын алуға мүм­кін­дігі болды. Қазалы ауданында педагог болып қызмет атқарды. Бүгінгі Қазалы агротехникалық колледжінің негізін қалаушылардың бірі. Биыл абзал азаматтың 90 жылдығына орай еске алу іс-шарасы облыстық дәре­же­де лайықты аталып өтті.

Екінші ұл Тәжібек (Тәждек) Бәй­кен­ұлы ағамыздың да білім саласында өзіндік орны бар, Тереңөзек ауда­ны­ның мектептерінде, білім бөлімінде қызмет жасады. Он сегіз жыл С.Сей­фуллин ауылындағы №137 «1 Май» орта мектебінде директор болды. Мар­құм ағамыздың шәкірттері қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде, ха­лық шаруашылығының түрлі сала­сын­да жемісті еңбек етуде, алды зейнет демалысына шықты.

Бәйкеннің үшінші ұлы – бүгінде 84 жасты бағындырған ауданға сыйлы қарт Әбутәліп Есенов. Бүгінгі ма­қаламыз­дың негізгі кейіпкері осы кісі. Әбекеңнен кейінгі Қарашаш апамыз Асқар ауылында тұрады. Саналы ғұмырын кітапханашылық қыз­мет­ке арнады. Асқар ауылының бел­­­гі­лі азаматы Дәуіт Сұлтанұлымен шаңырақ көтергендеріне алпыс жыл­ға жуықтады. Бүгінде қос қария да тың, ұл-қыздары мен немере-шөбе­релерінің шат күлкісіне бөленіп, ба­қуатты өмір сүруде. Есеновтер әу­летінде марқұм Сайлау ағамыздың өзіндік сара жолы болды. Ауданның ірі құрылыс мекемесін, аудандық жер комитетін басқарды. Үлкенге ізетті іні, кішіге қамқор аға болды. Бүгінде ұрпақтары әке жолын лайықты жал­ғастырып келеді. Қыздың кішісі Сұлушаш апай есепші болып зейнет­керлікке шықса, кіші ұл Амантай құ­рылыс шебері, прораб болды. Қа­зір отбасымен Астанада тұрады. Ол да құрметті еңбек демалысында.

Адал еңбекті ту еткен Есеновтер отбасы өсіп-өнген, маңдай терімен қо­ғам дамуына лайықты үлес қосып келе жатқан абыройлы әулет.

Еңбек жолын дикторлықпен бастаған

Адам өзінің неге қабілетті екенін білсе және соны армандаса өмірде сол мамандықты игереді, белгілі нәтижеге қол жеткізеді. Әбутәліп Бәйкенұлының алдындағы екі ағасы педагог болса, өзі мектеп бітіргеннен кейін өнер жолын таңдады. Арманы асқақ Әбутәліп өнер адамы болуды мақсат тұтты. Сөйтіп, Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) мәдени ағарту училищесінің «Халық театры режиссері» бөліміне оқуға түсті. Студент кезінде оқу орнының ғана емес, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласты. Келбетті, дауысы әуезді жігіт сабақтан тыс уақытта облыстық радиода хабар жүргізіп, диктор болды. Кейде адам өміріне елеусіз жай­лардың өзі әсерін тигізеді. Әбутәліп ағамыз арнаулы оқу орнын ойда­ғы­дай аяқтағаннан кейін Жамбыл об­лыс­тық радио комитетіне диктор болып орналасты.

– Өнер адамдары қашанда талантты жандармен тағдыр айдап кез­десіп, естен кетпес естеліктерді жадында ұстайды. Мен сол радиокомитетте қызмет істеп жүргенімде комитет төрағасы, ақын Жақсылық Сәтібеков, орынбасары Рысбаев болды. Сол жылдары орыстың белгілі жа­­зушысы болған, тарихи тұлға Александр Иванович Солженицинмен бірге жұмыс істедім. Ол орыс бөлімінде, мен қазақ бөлімінде еңбек еттім. Атақты халық ақыны Кенен Әзірбаевтан сұхбат алудың бақыты бұйырды, – дейді Әбутәліп аға қимас жастық жылдарын еске алып.

Қай баласының да көз алдында жүргенін қалайтын ата-ана Әбутә­ліптің ауылға оралғанын қалады, сөйтіп жүргенде оның да реті келе қал­ды. Сонымен Қызылордаға қыз­мет ауыстырды. Жаңа жұмыс орнында кейін қазақ радиосының корифейі атанған Ахат Жанаевпен, талантты журналист Дархан Сапаровпен тағы басқалармен тонның ішкі бауындай қатар қызмет жасады. Бұл кәсіптен тәжірибе жинақтап, облысқа танымал дикторға айналды. Содан кейін өнерлі азамат Талдықорғаннан кө­шіп келіп жатқан Қызылорда об­лыс­тық драма театрына актерлік қыз­­метке шақырылды. Ол кезде театр­дың директоры Сақтағанов, ре­жис­­сері Жақып Әбілтаев болды. Өнер ордасының қабырғасында Әбутәліп Бәйкенұлы атақтары жер жарған актерлар С.Шотықов, Ж.Бағы­сова, Ұ.Баядилева, А.Халы­қов, А.Кәнетовтермен бірге талай айтулы тұлғаларды сомдады. Өзі­­нің өнерге шын берілген жан еке­нін көрсетті. Білімін одан әрі ұш­тау­ды да ұмыт қалдырған жоқ. Ең­бек ете жүріп Қызылорда педа­го­ги­калық институтының филология­ фа­культетін бітіріп, жоғары білім алды. Адамның өмір жолы сан соқ­пақ­ты болып келеді, тіршілік оны күрт өзгертіп, басқа бағытқа бұрып та жібереді. Ата-анасы, әсіресе Палау әжеміз Әбутәліптің актер болуы­­на қарсы болғандықтан, ол шұғыл ше­шім қабылдап, туған ауы­­лына мек­­тепке жұмысқа орналасты.

Ұстаздық қызметте

Күнделікті қызмет – тіршілік қа­жеттілігі, ал оның жемісті болуы білім-біліктілігіне, ой-ниетіне, ақыл-парасат пен адамгершілікке бай­ланыс­ты. Әбутәліп жақсы мұға­­­­­лім болды, бірақ педагогтік қыз­­мет­пен шектеліп қалған жоқ. Бо­йын­­дағы табиғат берген өнерін ел игі­­ліне жұмсады. Атаулы мере­­ке­­лер сайын кеңестік кезеңнің көп­­шілік жұмыстарының көрінісі шеру­­лерді жүргізіп, аудан орталығы тұрғын­­дарынан «бәрекелді» деген­ баға алды. 1967 жылы атақты «Сыр сұ­луы» ансамблінің құрамында елі­міздің сол кездегі астанасы Алматыда өнер көрсетті. Белгілі ұжымның концертін бастан аяқ жүргізді. Адам бойындағы дарын бар, оны көрсете білу бар, одан кейінгісі талаптыға тәлімгер болу. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, Әбекең ауданда өткі­зілетін түрлі байқауларға қазы­лық етіп, жас өнерпаздардың жолын аш­ты. Әбутәліп Бәйкенұлы аудан мек­тептерінде отыз жылдан астам же­місті еңбек етті. Аудандық лагерді, пионерлер үйін басқарды. Көп жыл Қызылдихан ауылындағы №131 орта мектеп директорының тәрбие ісі жө­ніндегі орынбасары болып абыройлы қызмет етті.

– Ағай жұмысқа жаңа орналас­қанымызда біз тәрізді жас ұстаздарға тәлімгерлік етті. Қамқорлығын аямайтын, дауысы да керемет еді. Шах­матты жақсы ойнайтын, сөйтіп жеке басының үлгі-өнегесімен ерекше­лен­­ді. Жас мұғалімдер ол кісіні өзі­не ұстаз тұтты, – дейді «Ғылым, білім кәсіподақтарына еңбегі сіңген мұға­лім» төсбелгісінің иегері, зейнет­кер-ұс­таз Алтын Нұртаева.

Мен ағайынды Тәжібек және Әбутәліп Есеновтердің тәлім-тәрбие­сін көр­ген жандардың бірімін. Жоғар­ғы оқу орнын бітіргеннен кейін №137 «1 май» орта мектебінде Тәкеңнің қа­­­рамағында бір жыл мұғалім болып еңбек еттім. Осы уақытта көптеген тәр­бие алдым. Одан кейін Әбутәліп Бәйкенұлының қарамағында аудан­дық пионерлер үйінде әдіскер болдым. Журналистика саласына ауы­с­уы­­­­­­ма осы екі кісінің ықпалы да мол бол­­ды.

Әбекең – өнегелі отбасының бас­­­шы­сы. Асыл жары Бақыт апамыз – аудандық баспаханада, тұрмыс қа­же­­­тін өтеу комбинатында жұмыс жасап, еңбек озаты, белсенді партия мүше­сі болған абзал жан. Рухани дүние­ге қашанда жақын жүреді. Әбекең мен Бақыт ападан өрбіген балалар, немерелер бүгінде ауданның кәсіп­керлік саласын алға бастыруда. Үлкен ұлы Расул «Углесбыт» ЖШС дирек­торы, облыстық мәслихат депутаты, Серікбол да аудандағы белді кәсіп­кер.

–Өмір шахмат тәрізді. Бала ке­­­­зі­­міз­де әкемізбен жиі шахмат ойнай­тын едік. Сонда әкем «Өскенде бүгінгі шахмат ойнағаның ертең так­тикалық жүріс жасап, шұғыл ше­шім қабылдауыңа ықпал етеді» дейтін. Кейін өсіп ер жеттік, өмірде тығырық­қа тірел­генде шахматтың атын­дай секі­­ріп, шұғыл шешім жа­саған кезіміз бол­ды, – деп еске алады ұлы Расул. Бұл «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бе­ре алмайды» деген қағиданы растап тұрғандай.

Әбекең – белгілі өнер адамы, ұстаз, өнегелі отбасы басшы­­сы, мық­ты шахматшы, айта берсе бір ба­сы­­­­на жететін қабілеті жеткілікті жан.

Гетенің: «Өз заманыңмен бірге өмір сүр, бірақ оның жасанды төлі бол­­­ма, өз заманың неге мұқтаж болса, соған қызмет ет, ал олар мақ­та­ған нәрсеге жолама» деген сөзі Әбе­ке­ңе тура келеді. Абзал ағада Абай айтқан: «Үш-ақ нәре адамның қасие­­ті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жү­­рек» бар. Оған сұлулық, се­зім­ділік, білімділікті қо­сы­ңыз. Адам ең әуелі өзіне адал болуы керек, өзін жаңаға, жақсыға қа­­­­рай өзгерте алма­ған адам айнала­сы­­на әсер ете алмайды. Ақыл­шы қал­пы­ңыз­да арамызда жүре беріңіз, аға!





Шаһарбек Нұрсейітов,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

28 маусым 2022 ж. 277 0