Облыс әкімінің орынбасары мұнайшылармен кездесті
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов «Казпетрол Груп» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады6 деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Кездесу барысында Мархабат Жайымбетұлы еңбек ұжымдарында жұмыскерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, еңбек шарты мен ұжымдық шарттың қатаң сақталуы, еңбек қауіпсіздігі іс-шараларын ұдайы тиянақтай түсу, еңбек адамының лайықты тұрмыс сапасы мен жағдайын жасауға мүдделілік таныту – маңызды міндет екендігін алға тартты.
Сондай-ақ, кәсіпорын әлеуметтік міндеттемелерді жыл сайын толық көлемде орындап, 2021 жылы 48,3 млн. теңгеге әлеуметтік көмек көрсеткендігін және компания 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтығанын атап өтіп, өз кезегінде туындаған мәселелердің шешілуіне атсалысуға әрқашан дайын екенін жеткізді.
Жиында «Казпетрол Груп» ЖШС-нің бас директоры Ержан Тазабеков әлеуметтік міндеттемелерін орындау барысын баяндады.
Ұжым атынан компания қызметкері Эльдар Демесинов өндірістегі қызметкерлерді біріктіріп, олардың мүдделерін қорғауда және еңбек қатынастарына байланысты туындаған мәселелерді шешуде кәсіподақ жұмысын таныстырды.
Жиын соңында облыс әкімдігі, «Казпетрол Груп» кәсіпорны және облыстық кәсіподақ өзара ынтымақтастық туралы үшжақты Меморандумға қол қойды.