Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшпелі семинардың Сыр өңірінде үшінші толқыны басталды

Көшпелі семинардың Сыр өңірінде үшінші толқыны басталды

«AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырып отырған көшпелі семинардың Сыр өңірінде үшінші толқыны басталып, 19 ауылдық округ әкімдері біліктілік курсынан өтуде.

Олардың біліктілігін арттыру үшін Саяси менеджмент академиясы толыққанды дайындық бағдарламаларын әзірледі. Бүгін қатысушылар өздері басшылық ететін ауылдық округке скрининг жасап, анықталған деректерге сәйкес тиімді бизнес жобаларды дайындау, әрбір ауылдық ерекшелігіне, мамандануы негізінде кооперация құру, сонымен қатар ауылдағы дайын өнімді стандарттау мен сертификаттаудың мемлекеттік нормалары төңірегінде прақтикалық курстардан өтуде. Оқу барысында олар тәуекелдер, күтпеген жағдай туындаған кездерде бизнесті қайта бағдарлауға машықтануда.

3 күннен, күніне 8 сағаттан білімін жетілдіріп жатқан ауыл әкімдері ауыл халқының табысын арттыруға, елді мекенді экономикалық тұрғыда өркендетуде алып жатқан білімдерінің септігі зор екендігін айтады. Мәселен, Арал ауданына қарасты Қосаман ауылдық округінің әкімі ӘЛІБИ ІЗБАСАРОВ дайын өнімді стандарттау мен сертификаттаудың мемлекеттік нормаларын үйрену ірі бизнес жобаларды жүзеге асырып отырған ауыл әкімдері үшін өте қажет деп санайды.

Ал, Сырдария ауданына қарасты Қалжан ахун ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Әкбаров оқу семинарының алғашқы күнінде ақ скринингтік талдау жасау сабағының көңілінен шыққандығын айтады.

«Жалпы медицинада скринингтік талдау жасау арқылы ағзада қандай жерің ауырғандығын анықтайды. Бүгінгі семинарда тура сол секілді біз өзіміз басқарып отырған ауылдық округке скрининг жасау арқылы жергілікті жердегі азаматтардың тұрмысы, табысынан бастап, сол елді мекендегі түрлі ықтимал ошақтарды анықтаудың жолын үйреніп жатырмыз. Бұл өз кезегінде елді мекендегі әлеуметік, экономикалық мәселелердің алдын алуға, оларды дер кезінде шешудің тиімді жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Оқу семинарға партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова арнайы келіп, оқу семинарының мақсат міндеті, онан кейінгі күтілетін нәтижелер төңірегінде атап өтіп, білім алушыларға сәттілік тіледі.

Ақпарат үшін 13-22 маусым аралығына жоспарланған көшпелі оқу семинарының екі кезеңінде бүгінге дейін Қызылорда облысынан 128 кент, ауыл, ауылдық округ әкімдері мен партияның аумақтық филиалдарының Атқарушы хатшылары білімін жетілдірді.




Жұмабек Ембергенов,
аудандық мәслихат депутаты,
«AMANAT» партиясының мүшесі

20 маусым 2022 ж. 197 0