Кәсіпкерлікті қолдау басты назарда
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев А.Тоқтамағанбетов атындағы елді мекендегі бірқатар шаруашылықтың жұмысымен танысты.
2006 жылы іргесі қалаған «Шуақ» қожалығы бүгінде 53 гектар алқапқа Сыр дәні мен 6 гектар алқапқа бақша дақылдарын егуде. Шаруашылық төрағасы Әубәкір Маханбетов 2 дана ауылшаруашылық техникасымен бірнеше адамды жұмыспен қамтуда.
– Жалпы елдің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету жеке кәсіпкерліктің және ең алдымен шағын және орта бизнестің даму деңгейіне тікелей тәуелді. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлік пен жеке кәсіп иелерінің дамуына қолдау көрсету мемлекеттің басты қызметі. Басты мақсатымыз – аудандағы кәсіпкерліктің тұрақты өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Мұнан соң аудан басшысы аталған ауылдық округтегі мал шаруашылығымен қатар егінмен айналысатын «Қарақоныс» қожалығына атбасын тіреді. Төраға Болатбек Надиров 2013 жылы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12,5 млн теңге несие қаржысына 120 бас аналық сиыр мен 5 асыл тұқымды «Ақбас» бұқа сатып алып, тауарлы бағыттағы селекциялық жұмыс жүргізуде. Осыдан бірнеше жыл бұрын мал басы кеңейтіп, оны бордақылауға жаңа алаң тұрғызған.
Бүгінде аталған шаруамен қатар егін егуге де ден қойған. Шаруа қожалығы 30 гектар алқап алтын дән орналастырып, 25 гектарға жоңышқаның жаңа және ескі түрін егуде. Шағын қожалық 6 адамды жұмыспен қамту үстінде, дейді төраға Болатбек Қарақонысұлы.
Шаруалардың жұмысымен танысқан аудан әкімі кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек екендігін атап өтті.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі