Халық белсенділігі жоғары болды
«Бұл референдум Қаңтар оқиғасының қайталанбауының кепілі». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық референдумда дауыс беріп, таңдау жасағаннан кейін журналистерге берген сұхбатында осылай деді. Маусымның бесінде ұйымдастырылған саяси іс-шараның егемен еліміз үшін маңыздылығын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Естеріңізде болса, Қазақстан халқы Ассамблеясының сәуір айының соңында өткен «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Ел Президенті Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын.
Президенттің республикалық референдум өткізу туралы ұсынысы зиялы қауым өкілдері, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен жалпы халық тарапынан қолдау тапты. Еліміздің барлық өңірінде заңға енгізілетін өзгерістер жөнінде кең көлемді түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Парламент депутаттары, республикалық, облыстық және аудандық штаб мүшелері кездесулер ұйымдастырды. Нәтижесінде халықтың 5 маусымдағы референдумға қатысу көрсеткіші жоғары болды. Оның ішінде сырдариялықтар да ерекше жауапкершілікпен өз таңдауларын жасады. Мұны біз әлеуметтік желілердегі жергілікті халықтың пікірінен анық аңғардық.
Бұл күні дауыс беруге алғашқылардың бірі болып Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров келді. Майдангер №155 сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасады. Осы сайлау учаскесінде аудан әкімі М.Ергешбаев та өз таңдауын жасап, жұртшылықпен жүздесті. Аудан басшысы тұрғындардың белсенділігі жоғары екенін айтып, референдумның нәтижелі қорытындылануына сәттілік тіледі.
Негізі таңғы сағат 07.00-ден бастап аудан халқы референдумда дауыс беруді бастап кетті. Кентте 4 референдум учаскесі жұмыс істесе, аудан бойынша 18 референдум учаскесі халыққа қызмет көрсетті. Бұл күні тиісті заңнама талаптарына сай партия өкілдері, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері референдумның өту барысын байқады.
Референдум барысында Сыр бойы халқының мемлекетте жаңа өзгерістердің болғанын зор сеніммен қолдайтыны аңғарылды. Алдын ала жүргізілген есептеулер қорытындысында облыс тұрғындарының басым бөлігі референдумға қатысқаны жарияланды. Демек, өңір жұртшылығы Жаңа Қазақстанға бет алып, жаңаша өзгерістерге иек артқанды жөн санайды. Ал өзгерістер кезеңінде еліміз үшін әрбір азаматтың пікірі мен дауысы маңызды екені сөзсіз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ