Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Рәміздерге құрмет – мемлекетке құрмет

Рәміздерге құрмет – мемлекетке құрмет

Қай елдің болмасын Тәуелсіздігі мем­­лекеттік нышандарымен құнды. Оның ішінде Мемлекеттік рәміздер азат­тық, егемендік сипаттармен біте қайнасып жатыр. Сол себепті де әрбір ел­дің тұрғыны үшін Мемлекеттік Ел­таңба, Ту, Әнұран қастерлі.

Бір емес, екі емес...

Шет мемлекетке шыққанда екі жағдайда ғана Мем­лекеттік Гимн орындалып, Туымыз желбірейді. Біріншісі Мемлекет басшысы ынтымақтастық аясында өзге елге іссапармен барғанда, екіншісі ел намысын қорғап жүрген спортшыларымыз жоғары нәтижеге қол жеткізгенде ел мерейі үстем болады. Енді осының екінші жағдайында, яғни спорт саңлақтары жеңіс тұғырынан көрінгенде әдейі немесе қызғаныштан болар Қазақстанның Мемлекеттік Гимнін ауыстырып алу жағдайы орын алды. Бір емес, екі емес, бірнеше мәрте, тіпті қатарынан 4-5 жыл қайталанған сәттер де болды. Әлемде әнұрандарды шатас­тырып алу орын алғанымен, оның ішінде Қазақстанның Мемлекеттік Гимнін шатас­тырып алу жиілеп кетті. Елді­гіміздің нышанына бұлай құрметсіздік таныту – мемлекетке деген құрметсіздікпен пара-пар.

Мәселен, 2011 жылы Францияда өткен Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында Зулфия Чиншанло алтыннан алқа тақты. Сол кезде еліміздің ескі Әнұраны орындалды. Ал бұл жылы жаңа Гимннің қолданысқа енгізілгеніне 5 жыл толған болатын. Келер 2012 жылы тіпті масқара болды. Кувейтте Қазақстан спортшысы садақ атудан еш­кімге дес бермей, бірінші жүлдені жеңіп алды. Ал ұйымдастырушылар «Борат» дейтін сүреңсіз фильмдегі «Қазақстанның псевдогимнін» қойды. Ол ол ма, одақтас, көршілес деп жүрген ресейліктер де бірнеше мәрте қа­зақ спортшыларына деген құрметсіздік танытты. 2013 жылы Ресейдегі хоккей лигасында Қазақстанның ескі Әнұраны бір емес, екі мәрте қайталанып қойылды. Әуелі, Тверь қаласында өткен ЖКХ лигасында қарағандылық «Сарыарқа» мен тверлік хоккей клубы арасында өткен ойында, одан кейін Мәскеуде өткен «Барыс» пен «ЦСКА» ойынында ескі Гимн орындалды.

Қатарынан төртінші жылда, яғни 2014 жылы да Оң­түстік Кореяның Чеджу шаһарында өткен Бокстан Әлем чемпионатында ескі Әнұранды тыңдадық. Одан кейінгі 2015 жылы да Финляндияда өткен хоккей лигасында «Барыс» пен «Йокерит» матчында, сол жылы «Golden Spin» турнирінде топ жарған Денис Теннің жетістігінде де ескі Әнұран шырқалды. Ауыр атлетикадан Ресей Федерациясы Президенті кубогы кезінде қызылордалық зілтемірші Илия Ильин бірінші тұғырдан көрінген сәтте тағы да Ән­ұ­р­­­­­­а­н­­­­­ымызды шатастырды. Сондай-ақ Ресейдің Хабаров қаласында каратэден өткен Әлем чемпионатының марапаттау рәсімінде де ескі Әнұран қосылды.

Мұнымен Гимнді шатастырып алу, құрметсіздік таныту тоқтаған жоқ. 2017 жылы Сочидегі самбодан Әлем чемпионатында, Сингапурдағы ММА бойынша Азия чемпионатында ескі Гимнді, 2020 жылы Мексиканың Куэрнавака қаласында өткен Садриддин Ахмедов пен Стивен Даньоның кездесуі алдында жарыс қожайындары Қазақстан Әнұранын шатастырып, Канаданың гимнін қосты.

Міне, соңғы онжылдықтың ішінде бір емес бірнеше рет Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Гимнін шатас­тыру орын алды. Осындай олқылықтардың артынша қазақстандықтардан кешірім сұраған мемлекеттер­ де болды. Одан бөлек жан­күйер болып барған отан­дас­тарымыз Әнұранды әуелете шырқаған кездер де бар. Дегенмен Гимнді шатастыру әдетке айналғандай. Айналмағанда несі қалды, мемлекеттің Әнұранын алмас­тырып ал­ғанда тиісті министрлік, елшілік тараптарынан шаралар қолданылмай, «жабулы қазан» күйінде қалып келеді.

Өзгелер қателескенде үндемедік. Ал біз қателесіп едік, «жазамызды» берді. Сөзіміз дәлелді болсын, Қа­зақстанның баскетболдан ерлер құрамасы 2023 жылы өтетін Әлем чемпионаты аясындағы іріктеу ойынында Сирия спортшыларын қабылдаған еді. Сол ойынның алдында қазақстандық ұйымдастырушылар Сирияның емес, шатастырып Иран мемлекетінің Әнұранын қойды. Осындай келеңсіздіктен соң, мейлі екі тарап та мұсылман елі болса да, сириялықтар ФИБА мен ҚР Сыртқы істер министрлігіне шағым түсірген. Нәтижесінде, Сирия бас­кет­­бол федерациясының басшысы Тариф Кутраш «Ұйым­дастырушыларға айыппұл салынатын болады» деп кесіп айтты.

Әй, бірақ өзімізге де обал жоқ. Өзгеге өкпе артып жүргенімізде, 2012 жылы Қостанай облысының әкімі қатысқан жиында Мемлекеттік Гимнді Рикки Мартиннің әнімен шатастырып, мазақ болғанымыз бар. Әлемде орын алған жағдайлар мүмкін осыдан кейін басталған шығар деп қаласың кейде...

Ту тұғырдан таймасын

Расында, Мемлекеттік туымыз тұғырдан таймасын. Бай­рағымыз көгімізде желбіреп тұрса, еліміз де өсіп-өркендеп, дами бермек. Себебі Ту – қай заманда да қасиетті дүние. Ол ұлттық намыс, мемлекеттік нышан. Тудың биік тұрғаны – халық абыройының символы.

Байрағымызды қорлауға қатысты Австралия жаға­жайында «Борат-2» фильмін қолдау мақсатында ұйым­дастырылған флешмоб ашуымызға тиді. Ғаламторда та­раған бейнежазбадан жағажайда жалаңаш билеген бір­неше шетелдіктің еліміздің Мемлекеттік Туын ма­зақ еткенін көруге болады. Бұған қатысты Қазақстан мұ­сылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасап, Туы­мызға құрметсіздік жасаған шетел азаматтарының өрескел әрекетін қатаң айып­тады.

«Хадис ғалымдары өз кітаптарында Ту мен жалаудың қадірі мен құрметі жайлы арнайы тарау арнаған. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Туды және Ту ұстаған сахабалардың ерлігін ерекше атап өткен және оны құрмет тұтудың маңызы жайында тағылымды өсиетін қалдырған. Отан деген сөз кез келген азамат үшін қымбат ұғым болса, әр адамның өзге елден ерекшелеп тұратын Әнұраны, Елтаңбасы мен Туы да – құрметке лайық құндылықтар. Туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсетуіміз – шариғатта құпталған іс. Туға, Әнұранға, Елтаңбаға құрмет көрсету – өз еліміз бен жерімізге, рәміздерге құрмет көрсету. Алла Тағала көк Туымыздың әрдайым көкте желбіреп тұруын, мемлекеттік рәміздеріміздің абыройын асқақтатып, халқымыздың бір­лік пен берекеде өмір сүруін нәсіп еткей» делінген мәлім­демеде.

Дамуға бет алған 30 жылдың ішінде Мемлекеттік Туды аяқасты еткендерді де көрдік. Әлеуметтік желіде Қазақстан байрағымен қоқыс шығарып жатқан суреттер бір емес, бірнеше рет тарады. Алдымен, шымкенттіктер қоқысты жалаумен шығарса, қостанайлық әйел Мемлекеттік Туды қоқысқа тастағаны үшін қоғам сынына ұшырады. Ал­ғашқыларға 198 200 теңге мөлшерде айыппұл салынса, қостанайлық тұрғын халықтан кешірім сұрап, қатаң сөгіспен жазадан құтылды.

Енді қараңыз, Мемлекеттік рәміздерге байланысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 372-бабы бар. Онда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қорлау – екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп көрсетілген. Осыны ескерсек, Тумен қоқыс тасығандар 198 200 теңге айыппұл төлесе, Г.Головкин жеңісінің құрметіне балконына көк Туымызды желбіреткені үшін астаналық тұрғын 396 400 теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Осыдан-ақ елімізде Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен жазаның аражігін анық байқауға болады.

Осындай олқылықтар салдарынан кейінгі толқын да рәміздерге деген құрметтен «жұрдай» болған. Жақында ғана жас әншілердің Мемлекеттік Туды қорлағаны елді дүрліктірді. Сорақысы сол, Алматы қаласында жастар арасында танымал «Ирина Кайратовна» шоуы мен «Көк ту» әнімен белгілі «Shiza»-ның концертінде киелі сахнаға мас күйінде шыққан әртістер жиналғандарға балағат сөздер айтып, екіншісі мемлекеттік рәмізді – Туды жерге тастап, кейін жұдырығына орап алды.

«Желбіретіп көк туды

Boyz n da hood

Кім қандай жүз?

Кімде қандай ру?

Бұл біздің менталитет қой бұл!

Қу, қусаң интеллигентно қу!» деген әншісымақтардың басы дауға қалды. Мастықпен, жастықпен айтса да, ел алдында масқара болды. Сол сәтте де жастардың рәміздерге деген құрметі немқұрайлы екенін аңғаруға болады. Себебі Туды жерге тастап, жұдырыққа орағанда қарсы алдында тұрған мыңдаған жастың селт етпеуі – өте алаңдарлық жәйт.

Бұл жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз ойын білдірді. «Жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Қазір әлеуметтік желіде Мемлекеттік Туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк Туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені, көк Туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. «Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз – туын әрқашан биік ұстаған елміз. Осы ретте, Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес» деді Президент.

Бұл ретте, Сенат отырысында депутат Нұртөре Жүсіп әдепсіздік көрсеткен және былапыт сөз айтқан, есірткіге елігіп, ішімдік ішкен әншілерді, өнерпаздарды бес жылға дейін сахнадан аластатуды талап етті. «Сахнада әдепсіз анайы сөздер сөйлеп, артынан кешірім сұрап айыппұл төлеу – жауапкершіліктен жалтару деген сөз. Мәдениет және спорт министрлігі жауапкершілік жүгін сезіне ме?! Еркіндікті ессіздікпен алмастыруға болмайды. Оларға тиісті жаза қолдану керек» деді депутат. Қоғам белсенділері де қарап қалған жоқ. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Амантай Бергалиев «Facebook»-тегі парақшасында «Ирина Кайратовна» тобы мен «Shiza» есімді әншіге қатысты Бас прокуратураға және ІІМ-ге ашық хат жолдап, жазасын беру керектігін де талап етті.

Қанша жерден елді дүрліктірсе де бұл жағдайға қа­тысты тиісті жауапкершілік әлі қаралған жоқ. Сондықтан әліптің артын бағуға тура келеді. Өз еліміздегі Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға тиісті жаза қолданылмаса, өз­ге елдің қорлағандарына үн қата алмайтынымыз заң­дылық. Бүйте берсек, алдағы уақытта бұнан да зорын көрмейтінімізге ешкім кепілдік бере алмайды.

Түйін. 2013 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қа­ласын­да алпауыт елдер арасында саммит өтті. Сол саммит қо­ры­тындысында президенттердің дәс­түр­лі естелікке тү­су рәсімі өтіп жатқанда Түркия Пре­зиденті Р.Ердоған аяқ астында белгіленген кіш­кентай туды көтеріп, төс қал­тасына салып алды. Мемлекеттік рәмізге деген құрмет осындай болса керек. Сондықтан елдігіміздің белгісі саналатын мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мақтаныш сезімімен ұштасу керек. Сонда ғана Қазақстанға деген өзгелердің құрметі артады, еліміз дамиды.




Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
04 маусым 2022 ж. 367 0