Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы
Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран – елдің саяси тәуелсіздігі мен егемендігінің рәміздері. Қазақстан мемлекетінің бұл басты нышандарының эталондары республиканың Тұңғыш Президентінің мұражайында сақталуда. Біздің жас еліміздің жаңа тарихының беттерінде мемлекеттік нышандардың орны ерекше.
Мемлекеттік рәміздеріміздің ресми бекітілуінің өз саяси тарихы бар. 1992 жылғы 4 маусымда ҚР Тұңғыш Президетінің Жарлығымен ҚР Мемлекеттік нышандары туралы заңға қол қойылды. 6 маусымда Президент резиденциясының және Жоғарғы кеңестің ғимараты үстінен Мемлекеттік ту көтеріліп, Елтаңба орнатылды. Дәл осы күні сол кездегі Алматы опера және балет театрында олардың тұсаукесер салтанаты өтті. 6 айдан соң, 1992 жылы 11 желтоқсанда Мемлекеттік Әнұранның да мәтіні бекітілді.
Бүгінде еліміздің жер-жерінде мемлекеттік рәміздер алаңы бой көтеруде. Елдің басты нышанына деген құрмет пен отансүйгіш азаматтардың көмегі арқылы салынған біздің аудандағы мемелекеттік рәміздер алаңы «Парасат алаңы» маңынан орын алған. 2019 жылдың маусым айында салтанатты түрде ашылған нысанды демеушілер өз қаражаты есебінен ауданға тарту еткен.
«Жәрдем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік жасаған жоба сметалық құны жеті миллион теңгені құрайды. Бұл алаң мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау саласының мамандары ант қабылдайтын, Отан алдындағы борышын өтеуге кететін жас азаматтардың патриоттық сезімін оятатын алаңға айналуда.
Мұндағы мемлекеттік Тудың ұзындығы 2 метр және ені 1 метр, ортасында 32 шұғылалы күн, оның астында қыран белгіленген көгілдір түсті көк матадан тұрады. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік шолақ түрінде нақышталған.
ҚР Мемлекеттік Туының авторы танымал суретші, еңбек сіңірген өнер қайраткері – Шәкен Ниязбеков.
– Әзірлік барысында бірнеше шығармашылық сәттерді еске алғым келеді. Бәрінен бұрын, мен үшін ең бастысы Тудың түсі болды. Мен біздің мемлекетіміздің көп ұлтты екенін, онда өмір сүріп жатқан барлық халықтың тең құқықты екенін ойлап, көк түсті таңдап алдым. Аспан – ол бөлуге келмейді, ол баршамыз үшін бірдей. Сол себепті де көк түсті таңдадым. Алайда көк аспанның күнсіз болуы мүмкін бе? Күнді бердім. Ал Қазақстанның қандай болуы тиіс екендігін ұзақ ойландым. Қыранға тоқтадым.Тұңғыш рет өз тәуелсіздігін алған Республика әлемде жоғары деңгейге көтерілді және оны еркін бостандықтың символы тәрізді қанатын кеңге жайып, қалықтаған қыран бейнесімен бердім. Ал біздің Туымыз көптеген елдерде өзге мемлекеттік тулармен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымында жілбіреген кезде, «бұлардың ішінде қазақстандық ту қайсы?» деп сұрауы мүмкін. Сол себепті тудың сабының тұсына ұлттық өрнекті нақыштадым, – дейді мемлекеттік нышан авторы Шәкен Оңласынұлы жеке мұрағатындағы бейнежазбады.
Мемлекеттік Елтаңбаның авторларының бірі Шота Уәлиханов шаңырақты түсінде көріпті. Екінші автор Жандарбек Мәлібеков Елтаңбаны жасау барысында Кемал Әкішовтің «Алтын адам» кітабына жүгіне отырып, қанатты пырақтың аңыздық бейнесін көшпенді адам нышаны ретінде алады. Мемлекеттік Елтаңбаның басты белгісі уықтар көтерген шаңырақ болып табылады. Уықтар ол Қазақтанның территориясында өмір сүретін барлық этностарды белгісі. Композицияның тағы бір белгісі ай мүйізді, қос қанатты пырақ. Жылқы бейнесі баяғыдан-ақ қазақтың батырлығы мен ержүректігін бейнелейді. Мемлекеттік нышанның төбесінде бесбұрышты жұлды бар. Ол Тәуелсіз Қазақтанның құшағы бес құрлықтың өкілдеріне де айқара ашық дегенді білдіреді. Ал төменгі бөлігінде еліміздің атауы алтын әріптермен жазылған. Елдің мемлекеттік нышанының авторлары оның өн бойына қазақстандықтардың бейбітсүйгіш болмысын бере білген.
Мемлекеттік Гимн грек тілінен аударғанда «ерекше, барлық маңызды жағдайларда орындалатын салтанатты ән» дегенді білдіреді. Жерлесіміз жазушы Ә.Тәжібаев айтқандай «Гимн – бұл сөзден тоқылған мемлекет туы». Ол елдігіміздің нышаны.
Осы кезеңге дейін Мемлекеттік Гимннің сөзі мен әні бірнеше рет өзгерді. Алғашқы мәтіндік конкурсының авторлары М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев және жерлесіміз Ж.Дәрібаевалар жеңіске жетті. Бес жыл өткеннен кейін ғана 2006 жылы жаңа Мемлекеттік Гимн пайда болды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдалынып алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік Гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік Гимнін бекітті.
Қорыта келгенде, еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдетғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуы тиісті. Сондайақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.
Майя ҚОЖАБАЙ