Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ардақтыларым менің

Ардақтыларым менің

Жақсылық адам жанын жадыра­тады. Күн сайын әрбір адам жақ­сы­лық жасаса, айналамыз мейірім­ге бөленеді. Өмірдің мәні адам­дар­дың бірі-біріне асыл сөз ай­тып, жақ­сы қарым-қатынас жасаға­нын­да. Бүгін мен әкеме жақсы сөз арнаймын. Себебі әкем – перзенті үшін ең ардақты жан.
Өмірімде жанымнан жақсы адамдар көптеп кез­десті. Ең алдымен өмір сыйлаған ата-анам – мен үшін әлемдегі ең жақсы адамдар. Құрсағында тоғыз ай көтеріп, түн ұйқысын төрт бөліп, жасымыз 3-ке келгенге дейін арқалап өсірген анамды жақсы адам деймін. Әкем – қамқоршымыз, отбасымыздың қор­ға­ны, перзенттерінің бетке ұстар көшбасшысы. Еш уақытта балаларына қаталдық танытпаған асқар та­уы­мыз – мақ­танышымыз. Сондай-ақ жақсы адамдар деп ұстаздарымды да айтамын. Алғаш әріп үйре­тіп, оқу мен тоқуды, жамандық пен жақсылықты сана­мызға құя білген асыл жандар. Қазір алтын ұя мектептен қанаттанып ұшқанымызға тура 30 жыл болса да сонау балалық шағымыздың куәсі болған қара­шаңырақты ұмытпаймыз. Сонан соң қуаныш пен қа­мық­қан сәтте жанымызда болған достар, туған-ту­ыс – бәрі-бәрі шын жүрегімен тілеулес жақсы адамдар.
Асылында өмірдің ең жарқын кезі – жаныңда ата-анаңның болған шағы. Шүкір, бүгінде сексеннің сең­гі­ріне шыққан әкеміз алып бәйтеректей аман-есен ор­тамызда отыр. Балаларының әрбір жетістігіне, не­ме­релерінің қы­зы­ғына тоймай өзі де балаша мәз бол­ған сәттерін жиі көргенімізге тәубе дей­міз. Сол үшін тыным таппай жақсы қырларымызбен танылып, күн сайын жүздеспесек те телефон арқылы болса да дауысын естіп тұруға тырысамыз.
Әкем Таңатар Шанайұлы – өмір бойы қара жұмыс істеп, адамгершіктің түп тамыры адалдықты ту еткен ардақты азамат. Бүгінде өмір жолын, еткен еңбе­гін сараласақ, балалық шағы мүлдем болмаған секілді. Қан майданға Отан үшін соғысқа аттанған әкесінің де түрін білмей, асыл анасының бауырында өскен. Алдындағы ағасының қамқорлығымен таң атқаннан кеш батқанға дейін колхоз жұмысына кеткен ана­ларын ашқұрсақ болып күтумен өткен қайран балалық шағы естен кетпес естелікке айналды.
– Әкем соғысқа аттанғанда 1-2 жа­сар баламын. Өзімнен үлкен ағам бар. Үйіміз тоқал там болатын. Еке­уіміз отырамыз. Әсіресе күннің суы­ғын­да, ызғырық боранда анамыз жұ­мыс­тан кеш оралады. Кешқұрым қа­раң­ғы түскенде тағатсыздана анамызды кү­теміз. Бір­­де боранның қат­ты бол­ғаны соншалық есік алдын қар басып қалды. Айналада ештеңе көрін­бей­ді, ақ түнек. Жүрегіміз шымырлап «ана­мыз үйге аман-есен келсе екен» деп тіледік. Шыдамым таусылып, үйдің төбесіне шығып, бар дауысыммен айқай­ла­дым. «Апа, апа» деп. Боранда адасып қалған анамыз менің да­уысым­ды ес­тіп, үйі­мізге қарай жол тауып келіпті. Сон­да қайран анашым, бізді құшақтап, «құлыным, дауысыңды естідім, әйтпесе үйдің бағытынан адасып кететін едім» деп жүрегі елжіреп бәрімізді жылат­ты. Соғыстан аман-есен оралған әкемді көргенде анамды қызғанып, бұл кісі кім деп туған-туысты бір күлдіріп­пін, – деп әкеміздің айтатын әңгімесін талай естідік.
Әкемнің қолтаңбасына, жазған жа­зуы­на осы күнге дейін тамсанып ке­леміз. Сауатты жазумен қатар әріп­тер­ді тайға таңба басқандай түзу, әдемі етіп жа­зады. Есепті «шемішкі­дей» шағады. Бұл ерекшелігі оны әскер­де «писарь» етіпті. Барлық құжат­ты қол­мен жазатындықтан жазуы жақсы сарбаздарды осы қызмет­ке таға­йын­­даса керек. Азаматтық борышын аман-есен өтеп келгеннен кейін ау­дан­­дағы сол жыл­дар­дағы ең ірі мекеме «Тұтынушылар одағына» жұмысқа қабылданған. Арнайы оқу орнынан бітірген дипломы болмаса да есепке жүйріктігі қызметін абыроймен атқа­руына себепші болған. Қойшы ауылдарды аралап, «автолавкамен» сауда жасап, малшыларды қажетті тауар мен азық-түлікпен уақытылы қамта­масыз еткен. Бұл жылдар біздің бүлдіршін кезі­мізге сәйкес келді.
Кешкісін есік алдына келіп тоқтаған әкеміздің автолавкасында небір көз жауын алатын заттар болатынын бі­ліп қалған кезіміз. Сондай күндердің бірінде әкем су жаңа аяқ киімді аяғыма кигізді. Баламын ғой мәз болып, қып-қызыл «сандалетканы» 2-3 жыл кигенім есімде. Қазір ойлап қарасам, сол аяқ киімнің өлшемі үлкен болған екен. Жаңа затқа мәз болған­дық­тан оның үлкендігіне де қарамай, бірнеше жыл тозғанша киіппін. Есімде қалғаны әкемнің жылжымалы дүкенінен туған-туыстың балалары да сол күні қарық болып, бір-бір жаңа киім киді.
Әкем сауда саласында ұзақ жыл жұмыс жасады. Кейін орман шаруашы­лығында деген шынжырлы трактор айдады. Ерте көктемде Жаңадария елді ме­кеніне қарасты «Қосарық баян» деп аталатын жерге кетіп, сон­дағы алма бақтың күтімін жасады. Жер жыртады. Бақтың жайқалып өсуі­не атсалысқан бағбандардың бірі бол­ды десем қателеспеймін. Айына бір рет үйге келетін әкеміздің келе жатқа­нын алыстан еститінбіз. Шынжырлы трактордың арқыраған дауысы естіл­генде мойнымызды созып күтіп тұра­мыз. Аудан орталығынан жүздеген ша­­қырым жерді сағаттап жүріп келетін ауыр техниканы тізгіндеген әкемізді нағыз батыр санайтынбыз. Балалары үшін қаһарман болған ардақтымыздың шаршап келгенде жылы суын дайындап, шуламай тым-тырыс боламыз. Ал әкеміз болса балаларына әкелген бақтың дәмді алмаларын береді, «ұн» алмаларды тоя жейтінбіз, артылғанын көрші-көлемге таратамыз. Орман ша­руашылығының ең ауыр жұмысын іс­теген әкеміз сол кездегі басшысы Иван Павлович Савин туралы жиі айтатын. Ол кісі бізбен көрші тұрды. Керемет бағбан кісі өте кішіпейіл еді. Ерте пісетін қызанақтарынан ауыз тигізіп, үй-үйге үйлестіріп беретін. Орман шаруашылығындағы жұмысқа әкемнің денсаулығы жарамай шығып қалғанда да басшысы келіп, үнемі хабарласып тұр­­ғаны қарапайымдылығынан болса керек.
Кейін зейнетке шыққанша әкем ау­дандағы Ас­тық қабылдау пунктінде жұмыс істеді. «Зил» жүк тасығыш көлігімен күріш тасыды, кейін сол мекемеде қарауылдыққа ауысты. Өзін «түнгі директормын» дейтін әкем қар­тайғанша жұмыс талғамай ең­бек етті. Қарауылдықты ең жауапты жұ­мыс са­­найтын. Сыртқы қақпадан астық әкелген машиналарды кіргізіп, астық­­тың ұры-қарының қолына кетіп қал­мауын қадағалайтын. Тәулік бойы ке­­зекшілікте тұрып, азғантай жала­қы­ны місе тұтты. Жалақы деген жәй қағаздағы сөз болмаса, айлап ақшаның мөрін көрмеген кездер де болды. Ол кез ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдар еді. Бүкіл ел тарығып, жоқ­шылық көрген кез. Азық-түлік талонмен берілді. Жа­лақы, жәрдемақы, зей­нетақы айлап берілмеді. Сонда да болса барды қанағат тұтқан әкеміз айлық есебінен берілетін макаронды үйге қаппен әкеліп, түрлі дәнді дақылдарды (күріш, бұршақ, қарақұмық т.б) үйіп қоятын. Ұнды да жаздырып әкелетін. Қораға 1-2 сиыр ұстап, ағарғаннан қол үзгізбеді. Ұсақ малды да ұстады. Шағын кепе салып, қоян да бақты. Бұл балалары еттен кенде болмасын деген ниеттен болса керек. Бір түскі асқа бір қоянның етін салып тамақ пісіретін анамыз дастархан жайғанда ауылдан бір қора адам сау ете қалатын. Сонда әкеміз марқайып, «мақтап жүреді екенсіңдер» дейтін.
Балаларын жақсы адам етіп тәрбие берген ардақ­ты асыл қазынамыз, әкем мерейлі жасқа жетті. Ар­дақ­тыларымыз әкем мен анама бүгінде алтын тойларын бірге көру бақыты бұйырды. Жанымыздан әркез табылатын әкеміздің қадірін білу, құрметтеу, бір ауыз жылы сөз айту – перзенттік парызымыз. Кейде қарбалас тіршіліктен көңіл бөлінбей хабарсыз қалған сәттеріміз үшін ұяла­мыз, мың мәрте кешірім сұраймыз. «Қа­рапайымдылық адамды ұлы етеді» демекші, осы асыл қасиеттің арқасында үлкен әулеттің ақсақалы болды. Көптің тілеуі – көл. Мерейтойыңыз құтты болсын, жан әке!

Бибісара ЖАНӘЛІ
23 сәуір 2022 ж. 580 0