Тұрғын үйге мұқтаждық
«Үйі жоқтың – күйі жоқ». Бұл бұрыннан бар тәмсіл. Дана халқымыз «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген. Бұл отбасын құрғандардың әрі қарайғы өміріне қарата айтылған болса керек. Ал баспана мәселесі қай кезде де өзектілігін жойған емес. Отбасының өз баспанасы болмай, онда ешқандай жақсы көңіл-күй болмасы анық.
Статистикалық деректер бойынша елімізде баспанаға мұқтаж адамдардың саны 2,5 млн асты. Ал бейресми мәлімет баспаналы болуды армандайтындардың саны бұдан екі есе көп дейді. Жалпы халықты баспанамен қамту – мемлекеттің алдындағы міндеттердің бірі. Сондықтан бұл тақырып бойынша «тұрғындардың көкейіндегі бірінші мәселе – тұрғын үй қорынан кімдерге баспана беріледі» деген сауалға аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкері Данияр Әбдібеков жауап береді.
– Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайлар Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі №94 «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға кезектілік негізінде табысталады. Осы Заңның 69-бабы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға ғана беріледі. Мұқтаж азамат ретінде есепке қойған кезде немесе тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген уақытта адамның меншiк құқығында тұрғын үйi болмаған жағдайда есептеледі. Өздерінің тұрып жатқан тұрғынжайы белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмесе мұқтаж болады. Сондай-ақ жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатса да берілуі міндетті. Аталған заңға сәйкес отбасы құрамында кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болса, бiр үй-жайда олармен бiрге тұру мүмкiн болмаса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаж деп танылады, – дейді Д.Әбдібеков.
Бас маманның айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға өтінім беруші азаматтар 6 санат бойынша кезектілікке тіркеле алады.
Ең бірініші санат – Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Екінші санат – жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Үшінші санат – «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар. Төртінші санат – халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары. Бұл санат бойынша І және ІІ топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар. Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, қандастар, толық емес отбасылар да аталған санатқа енеді. Бесінші санат – мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар. Алтыншы санат бойынша жалғыз тұрғынжайы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар тіркеле алады.
Бүгінгі күнге мемлеккеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе атқарушы орган жалдаған тұрғын үй кезегіне құжаттар Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе «www.egov.kz» электронды порталы арқылы қабылданатынын еске саламыз.
Тағы бір маңызды ақпарат – мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер немесе атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлерді беру – «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді немесе тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлерді барабар бөлу әдістемесіне» сәйкес санаттар бойынша тепе-теңдік жүйесі түрінде бөлінеді. Сондай-ақ жыл сайын тұрғынжайға мұқтаж азаматтар кезектілігі тізіліміндегі азаматтарға түгендеу жұмыстары жүргізіліп отырады.
Айту керек, 2021 жылы Тереңөзек кентінде 30 үй және Асқар Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин, Қалжан ахун, Ақжарма, Шаған, Н.Ілиясов, Шіркейлі, Қоғалыкөл, Бесарық, Амангелді, Айдарлы ауылдық округтерінде 3 үйден «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға арналған 63 тұрғын үй салынып, кезектілікке сәйкес табысталған.
Тұрғын үй кезегіне тұрып, кезектілік немесе кезектілігінің жылжуы туралы ақпарат іздейтін аудан тұрғындарына құлаққағыс ретінде айтарымыз – қажетті ақпаратты www.kezekte.kz порталынан немесе бөлімнің 22-3-32 телефоны арқылы біле аласыздар.
Бибісара ЖАНӘЛІ