Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралас некенің әлегі көп

Аралас некенің әлегі көп

Дүниежүзінде 200-ден астам мемлекет бар. Жер бетінде көптеген ұлттардың тағдыры заман көшімен өзгеріп тұрады. Бірі жойылу алдында тұрса, бірі демографиялық өсімі күрт жоғарылап, күнкөріс ахуалы нашарлайды. Сан ғасырлар бойы тектілік пен ұлт болып ұйысудың жарқын үлгісін көрсете білген қазақтар қан тазалығына аса мән берген. Жеті атаға дейін қыз алыспаған ата-баба ұрпағы жыл санап шекара асуда. Иә, қаракөздеріміз өзге ұлт өкілімен көңіл жарастырғанды жөн көреді. мұның ұлтқа төнер қаупі зор екені анық.

Әлеуметтік желіде «шетелдік күйеу бала, өзге ұлттан шыққан келін» деген тіркестер пай­да болды. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз көненің көзінен қалған. Шет мемлекеттерде білім қуған немесе жұмыс бабымен тұрақтап қалған қазақстандықтардың басым бөлігі діні, тілі, ділі бөлек жандармен отбасын құруда. Әрине, таңдау мен талғамға таласымыз жоқ. Бұрындары отбасында үлкендер «қалыңдықты іздей көрме көшеден, жақсы қыздар әсте жақсы шешеден» деп айтып оты­­рушы еді. Қазіргі уақытта өзгеше ойлап, басқаша жорамал жасайтын басқа ұлттан шыққан келіндер үйдің берекетін келтіре алса, шіркін! Баласынан үкілеген үміт күткен жақын-жуықтың құдасының тұрмысы өзге, ұстанған салт-дәстүрі мүлдем басқа екенін естіп жүрміз. Шын мәнінде, үйлену керек екен деп, ұлттық санаға селкеу түсірмеген абзал. Жоғарыда кө­терілген қан тазалығы ұрпақ тәрбиесіне де қатысы бар. Текті қазақтың ұлына қай кезде де ана сүтіне жарыған, тағылымды тәрбиесін көр­ген бұрымды ару кездесері хақ.

– «Барлық жақсың – еліңнен. Барлық жа­ман­дығың – өзіңнен» деген екен ақын Қадыр Мырза Әли. Қос ғасырдың куәгері ретінде заманның кері бұрылып келе жатқанын көзі­мізбен көріп келеміз. Кезінде әке-шешеміз қа­зақтың қарадомалақ баласының жары атануды нұсқайтын. Ар мен абыройды ойлайтын көнекөз қариялар ұлтқа кесір тигізбе дей­тұғын. Әрине, елдің тұтқасын ұстайтын ер азаматтар өз қыздарымыздың бағын ашатыны белгілі. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болған» ойы өрісті ұлды қашанда қыз жақтаған. Расында, 8 перзентті дүниеге әкелген аналық пейілім қанның бұзылуын әсте қаламайды. Бір дастархан басында ортақ тіл табыса алмаған ене мен келіннің қарым-қатынасы бұзылады. Аралас некенің зардабын балалар тартады. Сондықтан өр жүректі ер азаматтар өз ұлтын менсінбегенді, елі төл­сінбейтіндігін естен шығармаған дұрыс,– дейді көпбалалы ана Жарқын Сәдуова.

Әлеуметтік желіде шетелдік күйеу бала­лардың қазақ қыздарына құда түсу рәсімдері, үйлену тойлары жиі тарап жүр. Қазақ жігітінен таба алмаған сенім мен сезімді аруларымыз өзге біреуден іздеуде. Сонымен бірге ауқатты күйеубалалар қайын жұртына қалың малдың орнына көл-көсір байлығын табыстап әлек. Кейбірі тұрғын үй алып берсе, енді бірі бағалы сыйлық беруге құштар. Бұл ретте, екі ұлттың ұстанатын әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінің шырқы бұзылып, шатасу үстінде. Осыған қатысты жазушы Зейнеп Ахметова «Қызы тексіз елдің іргесінен ырыс кетеді» деген екен. Қайбір жылдары шетел азаматына тұрмысқа шыққан бір келіншек қарызға батқандығы жөнінде ашына айтқан еді. Расында, қазақ қызы үшін өз дінінен бас тартып, ислам дінін қабылдағандар да баршылық. Ал жат мемлекетке тұрмыс құрып кеткен қызынан хабар ала алмай жүргендер қаншама? Ар-намысы тапталған қазақ қыздары өзі секілді жаза бас­пауды талай мәрте көпшілікке айтып келеді. Әйтсе де, одан нәтиже шығар емес. Әлем елдерінде тауқымет тартқан талай бойжеткен туған жерге жете алмай жүрген жайы бар. Аралас некеден зардап шеккен олардың өкініші өзегінен кетпейді.

Қазақы таным-түсінікке қайшы келетін қай­сыбірін алсақ та, темірді түзей алғанмен, өмірді түзей алмайтындығын түсінсе дейміз. Өзге ұлт өкілімен отасқандар тілін, дінін, ділін рухын әлсірететінін жоққа шығармаймыз. Ананың ақ сүті ақталмай, әкенің үміті үзілгеннен артық қа­сірет жоқ. Сондықтан аралас некенің әлегі көптігін ұл да, қыз да білсе, түсінсе екен дейміз. Бақыт та, бақ та бағалағанның басында болатыны бесенеден белгілі.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
15 наурыз 2022 ж. 211 0