Жұртшылық жеті атасын біле ме?
Қазақ халқын өзге ұлттан ерекшелеп тұратын дара дәстүрінің бірі – жеті ата жүйесі. «Жеті жарғыда» жеті атаның сақталуына жете мән берген Жәнібек хан: «Жеті атадан ілгері қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт. Егер олай болса, болғанына көз жетсе, жұбайларды тең бас қылыштамақ керек», – десе, орта ғасыр ғұламасы Ж.Баласағұн: «Әйел алсаң – төрт рудан алысты ал, Ол болмаса – ей, азамат, қалыс қал» дейді. Бұл – ең алдымен, қан тазалығының көрінісі болса, одан кейін түрлі ауру мен ең арғысы, ел ішінің бірлігін бекем сақтаудың жолы.
«Неге жеті ата?» деген сұрақ туындауы шартты. Бес емес, алты не сегіз ата емес? Кейінгі ғалымдардың зерттеуі бойынша ұрпақтар арасындағы байланыс жеті атаға дейін сақталады. Яғни, ауру тудыратын жасушалар жетінші атадан кейінгі ұрпақтар арасында 0,01 пайызға дейін төмендейді. Қазақ туыстық жақындығы барлардың үй ішінен отау тігуіне тыйым салатыны да содан.
Қан тазалығы – ұрпақ саулығының, дені сау халықтың негізі. Қазақ танымында жеті санының киелі екендігін де есепке алып, саусағыңызды бүгіп қойыңыз. Қан тазалығы мәселесін бүгінгінің ғалымдары ғылыми тұрғыда дәлелдегенімен, дана халқымыз оны ғасырлар бұрын білген. «Туысы бірдің – уысы бір» деп, қан жақындығы бар адамға үйленген жігітті қатаң жазалаған. Елден аластап, алысқа қуып жіберетін болған. Жеті атаға дейін жалғасып, ұрпақ жаңаруы – шамамен бір жарым ғасырға созылатын құбылыс көрінеді. Дәстүрді елемеудің салдарынан туындайтын мыңнан аса ауру түрі бар екенін зерттеуші ғалымдар үнемі ескертумен әлек.
«Қазақ пен қазақ жолығысып, жай сұрасса, туыс болып шығады» деп күлді бір танысым. Үлкен кісілерге сәлем берсең, алғашқы сұрақтың «Қай елдің баласысың?», «Руың кім?» болуы да тегіннен-тегін емес.
Ес білген балаға түп-тамырын, шыққан тегін үйретіп, жеті атасын жаттату – ата-ана парызының бірі. Тегін білген текті халықтың бүгінгі ұрпағы жеті атасын жатқа біле ме?
Қит етсе, күйбең тіршілікке тели саламыз. Ол да жөн, сірә... «Көштен қалмаудың қамымен өз атын ұмытуға шақ жүргенде, жеті атасының атын сұрап қызартқаны несі?!» дерсіз. Десеңіз де, апта басын аудан халқына сауал тастаумен бастап, шағын статистика жасағымыз келді. Нәтижелер көңілді аса қуантпады. Анонимді сауалнамаға жиырма шақты адам қатысып, оның 8-і жеті атасын жетік білетінін көрсетсе, 9-ы бабасының тұсына келгенде тізімнен жаңылып, мүдіріп қалып жатты. Ал 3 адам «білмеймін» деп шындықты турасынан тартты. Пайызға шақсақ, жартыға жетпейді, яғни жеті атасын жатқа білетіндер 40 пайызды құрады. Байқағанымыз, әйелдерге қарағанда ерлер, үлкендерге қарағанда мектеп оқушылары тегін түгел айтып, тақылдап тұр. «Жеті атаңды білесің бе?» деген сұраққа судыратып аталарын санай жөнелген балақайға іштей разы болып, мұндай тәрбиені кім үйреткенін сұрадым. «Атам жаттатты» деді де, жүгіре жөнелді жеткіншек.
Өзі ұмытып қалғанымен, «бала-шағаға жаттатамын», «жазып сақтап қойғаным бар» деді үлкендер жағы. Біздің сауалнама халықтың бір бөлігіне ғана жүргізілгенін ескерсек, «білмейді» деп беттен алудан аулақпыз. Десек те, 2009 жылғы санақ бойынша 38085 тұрғыны бар ауданымыздағы қаймағы бұзылмаған қазақтардың үлесі 98 пайызды құрағанда, жиырманың кем дегенде 18-і жеті атасын жатқа айтуға тиіс еді...
Заман дейміз, адам дейміз... Сән мен салтанаттың сегіз, техниканың тоғыз түрін жатқа айтатын замандастың ұлттың ұлылығының кепілі – жеті атасын білмей қалып жатқаны, «қап, әттеген-айды» айтқызбай қоймады.
Ағайын арасындағы бұзылмас бірлік пен айнымас татулықтың, тектілік пен тазалықтың негізі жеті ата жүйесін санамалаудың өз тәртібі мен атаулары бар. Өзіңнен жоғары қарай бала, әке, ата, арғы ата, баба, түп ата, тек ата делінсе, «тек», «тегін білу» дегеннің түпкі мағынасы – жеті атаңды білу дегенге саяды. Ал өзінен кейінгі жеті ұрпаққа бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жегжат, жұрағат деп атау берген қазақ жеті атаға толған күннің өзінде қыз алысуды ақсақалдардың батасымен, белгілі салт пен дәстүрді орындап барып жүзеге асырған. Кей жағдайда жеті ата ауысқанша алыстап қалған жақындар «туыстықты жаңғыртайық», «бірлігімізді нығайтайық» деп қайта құда болуды жоспарлап жатады.
«Текті» деген ұғым қазақ үшін қандай қасиетке ие болса, «тексіз» деген – күллі жеті атасы түгел жетпіс жеті атасына дейін жететін ауыр сөз. «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» дейтін халық текті адамды «асылдың сынығы», «шұғаның қиығы» деп ерекше бағалайды. Тектілік – қасиет деп ұғып, асыл білімді ұрпаққа аманат еткен ұлтымыздың асқан даналығы мен ділмәрлығына, кемеңгер келбетіне қалай таңқалмассың?!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ