Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті атаны үйретіп жүрміз бе?

Жеті атаны үйретіп жүрміз бе?

«Жеті атасын білген ұл,
Жеті жұрттың қамын жер.
Жеті атасын білмеген,
Құлағы мен жағын жер».
Халық мақалы.

«Жеті атасын білмеген жетесіз» деген мақалды ата-анамыз бала күнімізден санамызға тоқып өсірді. Жеті атасын білмейтін қазақ көрсем, не естісем қаным қызып, тілім қырқылады. Жеті атаны танудың өзінде үлкен тәрбие жатыр. Бұрындары үлкендер жеті ата туралы айтып, жаттатып отыратын. Ал қазір тіпті жеті ата туралы кейбір отбасында айтылмайды.

Менің атам Маухан Достанұлы 1923 жылы туып қиын-қыстау ашаршылық жылдарында өскен. Сұрапыл соғыс жылдарында Қарағанды шахтасында ұзақ уақыт жұмыс жасаған. Кейін еңбегі еленіп «Тыл ардагері» атанды. Сонымен қатар ауылшаруашылығы саласында да біраз жыл еңбек еткен атам кейін зейнетке шығып, арнайы діни білім алып, өмірінің сонына дейін ауыл мешітінде имам болып қызмет жасаған.

Атамыз «Жеті атаны біліп, санаға тоқып, тегіңді кейінгі ұрпаққа жалғастыру сендердің міндеттерің» – деп ұл-қыз деп бөлмей үйретті. Ес біліп, мектеп табалдырығын аттаған сәті­мізден бастап жеті атаны жаттатқызды. Немереден барын аямаған атам бала күнімізде «Ата ақша беріңізші» десек, – «Жеті атаңды айтсаң беремін» – дейтін. «Нұрлыбек, Маухан, Дос­тан, Досжан, Сырлыбай, Қазанбай, Жүзжасар, Қарақұл, Қоңақбай» – деп тақылдай жөнелеміз. «Жарайсың балам» – деп маңдаймыздан иіскеп, 20 теңгесін ұсынатын. Ол кезде ойын баласы біздерге 20 теңге әрине біраз ақша болатын. Кейін есейіп, ес білгенде санада жатталған жеті атаны ұмыту әсте мүмкін емес. Жәй айтса, мүмкін есте қалмаста, жаттамаста едік. Еркелете отырып, есіртпей, ата-ана мейріміне бөлей отырып, жеті атаны үйретіп, тәрбиелеудің оңайда, жеңіл әдіс-тәсілін ұстанған атама мың алғыс! Тектілік пен қазақы болмыс, адамгершілік құндылықтарды бойымызға сіңіріп кетті. Бұл күнде жасымыз қаншаға келседе, бала тәрбиелеп отырған біздерге нағыз бағасы жоқ байлық – тектілікті үйретудің жақсы жолын атамыздың тәрбиесімен бойымызға сіңіре алдық.

Қазіргі күнде жастар дейміз, кей қарт­тарымызда, орта жастағы кісілерде жеті атасын білмей сасқанда қынжыласың. «Әй, кезінде Кеңес Одағы болды, үлкендер үйретпеген ғой» деп сылтау айтатындарында да естіп жүрміз. Себеп пен сылтау іздеп, жеті атасы мен үш жұртын білмей, алыс ағайынмен жақынды ұрпақ сабақтастығы үзілгенде бармақ тістеп, тектіліктен жұрдай болмайық.

«Отбасы – шағын мемлекет» демекші шағын мемлекетімізде ұрпақ тәрбиелеп, ұрпақ жалғастырып отырған әр отбасы тегі­мізді ұмытпай, ұрпақ тәрбиелесек, мемлекет билейтін адал ұл, өзге ұлттың етегінен ұстамайтын жеті атасын жетік білген қыз тәрбие­лесек, Мәңгілік елдің тұғыры биік болары хақ. Осы ойымды өзімнің сүйікті газетім – «Тіршілік тынысына» ұсынуды жөн санадым. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Талшын ДОСТАНОВА,
аудандық газеттің тұрақты оқырманы
05 қаңтар 2021 ж. 665 0