Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тектілік қанмен тарайды

Тектілік қанмен тарайды

Қазақ дүниетанымында текті­лік ұғымы ерте кезден қа­лыптас­қан. Ұлт үшін аса маңызды қасиет хақында ұлы ойшыл­дар­дың келтірген тұжы­рым­да­­­масы ел аузында жатталып қалған. тектілік – адам бойындағы асыл да, ізгі қасиет­тердің ата-бабасының қаны арқылы берілуімен тікелей байланысты. Адамның сана-сезімі мен түй­сігінде тектілік қалпынан айнымау қағидасы бар. Атадан балаға дарыған тектілік белгілері нағыз құндылық бастауы. Демек, сан мыңдаған жылдар тоғысында қаза­қылықтан айнымаған ұлттың ұлағатты ұрпағы тектілік турасында біраз дүниеге қанық болуға тиісті.

Ата-бабамыз жылдар бойы қан тазалығына аса мән берген. Анығын айтқанда, қазақта жеті атаға дейінгі туыстық байланыс үзілмейді. Қазақ отбасында орын алатын барлық салт-жоралғы, әдет-ғұрыптың түпкілікті бағыты тектілік қасиетті сақтап қалуды меңзейді. Тегіне тартып туған текті ұрпақтың жеті атаға дейінгі жүріп өткен жолы тағылымды тарихынан хабар береді. Барынша ұлтты жатқа таныту үшін өскелең ұрпақ текті, саналы болуы тиіс. Ұрпақ үшін отбасындағы тағылым мен тәрбие өмірлік азық. Өткеннен ғибрат алған ұлттың тектілік сипатын әріден қозғауға болады. Тектіліктің өн бойында бірнеше қазақы болмыс топтасқан.

Шындығында дарақылықтан бойын ада ұстаған қазақ халқының кісіге ізгілік көрсетуі керемет. Ізгілік пен игілік жоқ жерде әсемдікте жоғалатындығын жақсы білеміз. Еш уақытта адам бойындағы ізгілік пен әділдік өлмейді. Шындыққа тура қараған жанның көкейінде өзгеге ізгілік көрсету амалы тұрады. Қазақы тектіліктің бастауында ізгілік көрініс табады. Көпшілікке ізгі амалдары арқылы танылып, тектілігін көрсеткен адам өз ортасында сыйлы болатыны рас. Бұрыннан үлкендер өзгеге қарата «Бәле іздеп келме, ізгілік іздеп кел» деп айтқаны мәлім. Сондықтан ізгі амалдарымызды өз мінезімізбен ұштастырған абзал. Ал адамның текті екенін хабардар ететін мінезінің көркемдігі – айналасын нұрлы шуаққа бөлейді.

Тектілік қазақ болмысының қазығы десек, өскелең ұрпақ оның мәнін салмақтай түседі. Өз кезегінде барлық жағынан ілім іздеген қазақ ойшылдары тектілікті ұлт пен ұрпақтың мызғамас бөлшегі санайды. Генетикалық зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар қазақ ұлтының таза­лығына көңіл бөлген. Парасаттылықтың рухани сабақтастығы – ділдік, діни, психо­логиялық тұрғыдан адами құндылықтар қалыптасады. Адамның әлеуметтік ортада өзін жақсы жа­ғынан көрсете білуге ұмтылуы қоғамдық дә­ре­жеге жетуге ықпал жасаған. Нағыз тектілік сыпайылылық, кешірім, мейірім секілді асыл қасиеттердің жиынтығы саналады.

«Тектілік» деп аталатын бірауыз сөздің адамға артар жүгі зор. Рухани құндылықты берік ұстанған қара шаңырақта келешегінен зор үміт күттіретін тағылымды ұрпақ тәрбиеленіп шығады. Үлкеннің алдында имене сөйлеген жастың түйсігінде тектілік феномені түбіремен қазық қағады. Сонымен бірге тегіне қарап қыз алған қазақ жетімін жылатпай, жесірін жоқтатпаған. Сан қилы замана тоғысында өз ұлтының қадір-қасиетін қасиетін ұғына алмаған тексіз ұлдың туылуы қоғам үшін қасірет. Бірде Шалкиіз жырау: «Жақсының жақсылығы сол болар – жаманменен бас қосып, сөйлемекке ар етер; Жаманның жамандығы сол болар – сөйлесе, дәйім бетін қара етер; Бір жақсыға басың қосып сөз айтсаң, сол жаман сырың сақтамай, әрдайым дұшпаныңа әр ісіңді қор етер» – деген екен. Өмірдің заңдылығы шығар, кейде бар асыл қасиетті бойына сіңірген текті адамнан жақсы да, жаман да туады.

Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров дүние есігін ашқан сәбиге тәрбие мен өмірдің болмысын бейнелеп, ұғындыратын ана тілі деген болатын. Асылында тілі мен ділін қатар ұстанған қазақ ұлтының тектілігін бүкіл әлем мойындайды. Сәбиін дәретсіз емізбеген текті анадан туған ұрпақтың келешегі келісті боларына сенеміз. Қазақ қанының тазалығы тектіліктен тамыр жаяды. Тектіліктің құрылымына қазақы мінез-құлық пен әдет-ғұрыптың барлық жиынтығы кіретінін ескерсек, ең ізгі қасиет ұлт өмірінен ажырамайды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
12 қыркүйек 2020 ж. 1 050 0