Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тапшылығы шаруаларға қиын

Су тапшылығы шаруаларға қиын

Өткен жылды Сыр диқандары су тапшы­лығына байланысты әупірімдеп өткізіп еді. Енді биыл шаруалар бұл мәселеге тағы да тап келетіні анық. Егінге қажетті су болмаса, аймақ экономикасы құлдырайтыны белгілі. Сондықтан бұл мәселе бүгінде мемлекетаралық деңгейде өз шешімін табуы тиіс.

Сырдария өзенінің төменгі сағасына судың мол келуі көршілес мемлекеттерге тікелей бай­ланысты. Оның ішінде бұл мәселеге келгенде өзбек ағайындарға тәуелді екеніміз рас. Осыған байланысты жақында Ташкент­те ҚР Экология, геология және табиғи ресурс­­тар министрі Серікқали Брекешев Өзбек­стан Республикасының Су шаруашылығы ми­нистрі Шавкат Хамраевпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы су шаруашылығы жағ­дайын жақсарту бойынша бірлескен шаралар талқыланды. Атап айтқанда, талқылау қоры­тын­дысы бойынша Шардара су қоймасына су ағынын ұлғайту және мемлекетаралық «Дос­тық» каналы арқылы суды тұрақты беру бо­йынша бірлескен іс-шаралар қабылдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Екі тарап келісімінің шаруаларға жағымды жаңалық болғаны анық. Десе де дария суы көбеймейінше оларда күдік жоқ емес. Ал су тапшылығы тағы сезілсе, онда күріш көлемі азая­ды. Оның шаруашылықтағы жұмысшыларға оңай тимесі анық.

– Биыл 16 мың гектарға егін көлемі қыс­қартылады деген әңгіме бар. Мәселен 5000 гектар жерге күріш ексек, оған 1000-ға тарта адамды жұмыспен қамтимыз. Ал егістік көлемі азайса шаруашылықтағы 20 пайыз, яғни 200 адам жұмыссыз қалады деген сөз. Ең қиыны сол, – дейді ұлттық арнаға берген сұхбатында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев.

Мемлекетаралық мәмілеге сәйкес су келемін дегенше жергілікті билік те қарап қалмауы қажет. Бұл ретте су арналарын механикалық тазалау жұ­мыстарына аса мән берген жөн. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл­ғы егін науқанына 12 гидробекет, 6 су тартатын қондырғы жөнделген. Қазіргі таңда су арна­ларын механикалық тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда.

– Биыл облыстық табиғи ресурстар және та­биғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы аудандағы 5 каналды механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Атап айт­қан­да, Іңкәрдария ауылындағы «Ақтам», Аман­келді ауылындағы «Қосапан», Жетікөл ауылын­дағы «Жыңғылдыкөл», «Хозцентр», Айдарлы ауы­лындағы «Ақтам» каналдары тазартылса, егін­ге жақсы жағдай жасалады. Жалпы бүгінде «Шардара» су қоймасындағы су көлемі 3 млрд 698 млн текшеметрді құрады. Ал «Көксарай» су реттегішіне жиналған су көлемі – 24 млн текшеметр. Су қоймаларында 3 млрд 722 млн текшеметр су жиналып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 млрд 41 млн текшеметрге кем. Осыған байланысты елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету үшін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 19 дана насос қондырғысы қажеттілігі жөнінде ұсы­ныс берілді. Шаруашылық құрылымдарында 54 насос қондырғысы каналдар мен қашыртқыларға орналастырып, егіске су алынатын болады, – дейді аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков.

Қазірдің өзінде шаруалар егін науқанына да­йындықты бастап кетті. Су тапшылығы мәселесі өз шешімін таппаса, олар шығынға ұшырайтыны белгілі. Дарияның бойын мекен еткен елдің жағ­дайы осыған тікелей байланысты. Сондықтан «Су бергеннің сауабы бар» деп көрші мемлекетпен келіссөздің нәтижесін күтеміз. Ал жеткен суды мұрап сақтайды.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 
15 ақпан 2022 ж. 544 0