Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тығырықтан шығарар тәсіл – кезекпен суару

Тығырықтан шығарар тәсіл – кезекпен суару

Ерте көктемде егін науқанына білек сыбана кірісетін егінші қауым қызу еңбек үстінде. «Көктемнің бір күні – жылға азық» дейді дана халқымыз. Ырзық несібесін Жер-Анадан терген диқаншы қауым биыл да мол өнім алуға ниетті.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке сәй­кес, биылғы жылы 32659 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Бүгінде 105 гектар мақсары, 28 гектар соя, 990 гектар жаздық бидай, 84 гектар арпа, 70 гектар дәндік жүгері, 11 гектар қант құмайы (сорго), 2578 гектар жаңа жоңышқа, 835 гектар картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілсе, 7751 гектар ескі жоңышқа тырмаланған.

Жаз мезгілінде ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін 766,57 млн текше метр су лимиті бөлінген. Былтыр лимит 870 млн текше метр болғанын ескерсек, бұл 103,4 млн текше метрге кем.

Осы күні ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін секундына 68,67 текше метр су жіберілуде. Атап айтқанда, Шіркейлі магистралды каналымен – 42,74 текше метр, «Айтек» магистралды каналымен – 13,69 текше метр, «Елтай» каналымен – 3,24 текше метр, «Соркөл» каналымен – 1,50 текше метр, «Жүнісбек» каналымен – 2,50 текше метр, Жаңадария каналымен – 5,0 текшеметр су келуде. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін каналдар арқылы жоспар бойынша алынатын су көлемінен 5,0 текше метрге кем.
Межеленген 20512 гектар Сыр салысы егіліп, суға толығымен бастырылды. Егінді суға бастыру үшін шаруашылық құрылымдары 16 дана су сорғы құралын пайдалануда. Толыққанды суғару жұ­мысына алдағы уақытта тағы 6 насос сатып алынады. Осы күні 1 насос Жетікөл ауылдық округіне жеткізілді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат ала­ңында аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев хабарлады.

– Биыл ауданға ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін 766,57 млн текше метр су лимиті бөлінді. Қазір ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін дарияға секундына 68,67 текше метр су жіберілуде, – деді брифингте аудан әкімінің орынбасары.

Брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және «Казсушар» РМК Кызылорда облыстық филиалының мамандары облыс аумағына келіп жатқан судың көлемі мен су қоймаларындағы мөлшерінен ақпарат берді. Мамандардың айтуынша, Шардара мен Көксарайдағы су көлемі 4465,3 млн текше метрді құрайды. Ал Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 550 текше метр су жіберілуде.

Егін егу науқаны кезінде су тапшылығына байланысты өзен суын тиімді пайдалану мен суды кезектілікпен алу ауданда жүйелі ұйымдастырылып, қатаң бақылауға алынды.

Қалыптасқан жағдайға байланысты егілген егінді суға бас-тыруда шаруашылық құрылымдары егіс алқаптарын кезекпен суаруға көшті.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
15 маусым 2021 ж. 608 0