Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағатты ұстазыма бас иемін!

Ұлағатты ұстазыма бас иемін!

Бұл мақаланың менің миымда «жазыл­ғанына» біраз уақыт болса да, қағаз бетіне түсірудің сәті бүгін түсіпті. «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қа­рыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деп жазады Александр Македонский өзінің ұстазы туралы. Сол айтпақшы менің өміріме азық боларлық тәлім мен тәрбие үйреткен Жадыра Әкімтаеваның мен үшін орны бөлек.

Мектеп бітіргенімізге бірнеше жыл өткенде Нұр-Сұлтан қаласынан дәм тартып, жолым түс­ті. Күннен-күнге жасарып, жайнап келе жатқан алып шаһарда оқып жүрген сыныптасым күтіп алды. Жолай жөн сұрасып болған соң барар жеріме асығып уақыттың неше болғанын сұрадым. Сыныптасым қолындағы сағатқа қа­рап түс ауып кеткенін айтты да, мектеп ке­зіндегі бір оқиға есіне түсіп, әңгімені жалғап кетті.

– Есіңде ме, қазақ тілі мен әдебиеті са­бағынан берген Жадыра апайымыз «Біреу са­ғат сұрағанда телефоннан қарап айтқан мә­дениетке жатпайды. Қазір көшеде біреуден жөн сұрасаң, ұялысына үңіле қалады. Бұл дұрыс емес. Қол сағат тағып жүру бір жағынан сән болса, екіншіден адамның мәдениеттілігінен хабар береді» деп айтқан еді ғой. Сол сөзі есімнен кетпейді. Содан бері сағат тағып жүре­тін болдым, – деді.

Жадыра апай бұл туралы біздің кішкентай кезімізде айтқан. Бұл сөз сағат тақпай шыққан күні біреу уақыт сұрай қалса, өз-өзіммен ұяла-ұяла ұялы телефонға қарап жауап беретін менің ғана ойымда қалған болар дейтінмін. Бірақ ұстаздың ұлағатты тәрбиесі көпшілігіміздің кө­кейімізде жатталыпты.

Иә, ұстаз – білім ғана емес, ата-анадан кейінгі тәрбие беруші тұлға. Бесінші сыныптан бастап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, он бірінші сыныпқа дейін бізді білімге қа­нықтырған Жадыра апайымыз туралы ойға оралып тұрған оқиға көп. Ол маған сөзімен де, ісімен де үлгі болған жан.

Өзім мектеп кезінен тіл біліміне, әдебиетке өте жақын болдым. Қанмен берілген қабілетімді Жадыра апай көзімнен байқап, мені осы са­лаға бағыттады. Бесінші сыныптан бастап түрлі байқауларға өзі жетектеп апарып жүрді. Апайдың сыныптан тыс уақытта да арнайы уақытын бөліп дайындаған еңбегі бар, тақым қысып, тілеуімді тілейтіні бар, сол жарыстың көбінен жүлдегер атанып, мерейім артып қай­татын. Сонда Жадыра апай ақ сөйлеп, турасын айтуымды талап ететін. «Нық-нық сөйле, тура осылай деп айт» деп жігерімді жанып отыратын.

Апай екеуіміз бірлесе жұмыс істеп, кіш­кентай кезден бастап олимпиада мен бай­қауларды жібермейтін болдық. Ерен еңбектің нәтижесінде жоғарғы сыныптарда екі жыл қа­тарынан республикалық деңгейде жүлдегер атандық. Бұның бәрі бір пәннен ғана емес, маған өмірлік сабақ берген Жадыра апайдың ең­бегінің арқасы еді.

Жадыра Әбділхамитқызы сабақты сөзбен түсіндірсе, тәрбиені ісімен көрсетеді. Бесінші сыныпта оқитын кезім. Кезекті байқаудың біріне дайындалу үшін демалыс күні кездесуіміз керек болды. Мектепте жолығу мүмкін болмаған соң апай үйіне шақырды. Бірнеше сағатқа созылған кездесуден мен өмірлік үлкен сабақ алып қайттым. Жұмысымыз аяқталған соң үйге қайтуға бет алдым. Кіргеннен бар жақсысын алдыма тос­қанымен балалық қой, ауыз тиюге ұялдым. Кетерімде апай: «Қазақта «Қуыс үйден құр шықпа» деген бар. Мә, мыналарды алып ал, жолай жейсің» деп уысыма өзі жасаған құрт пен тәттіні толтырып берді. Оған дейін де ата-анамыз үйге келген кісіге дәмнен ауыз ти­гізбей шығармайтынын көріп жүргеніммен, әлгі мақалды бірінші рет естіген менің ойымнан сол сөз бен ұстаздың әрекеті шықпай қойды. Міне, бұл да апайдың біздің бойымызға тәрбие мен ұлттық құндылықты қатар дарытқаны. Сол оқиғадан кейін үлкендер болмаса да үйге келген кісіге нан ауыз тигізбей жібермейтін болдым. Қазір көрші балалар үйімізге бас сұға қалса, «Қуыс үйден құр шықпа» деп қалтасына тәтті толтырып жіберуді әдетке айналдырдым. Сондағым – қазақтың осы бір мейірімділік пен қонақжайлылыққа тәрбиелейтін дәстүрі бірінің болмаса бірінің ойында қалса екен деймін.

Жадыра апай демалыс басталса-ақ оқылуы тиіс кітаптардың тізімін беретін. Біз болсақ, балалық қызығушылықпен ойынға алданып, демалыс­та кітап оқуды құп көрмейміз. Бірақ тапсырма болған соң жауапкершілік бар, ұстаз сенімін ақтайық деп балалар кітапханасынан алып, кітап оқитын едік. Қызыға-қызыға, кітап оқу сүйікті ісіме айналды. Сол кезде кітап оқудың ең жақсы демалыс екенін біл­меппіз. Жадыра апай оқуға баулып қана қоймай, шығарма, өлең жазуға да үйретті. Қазір жемісін көріп жүрген тілшілік қызметке келуіме де Жадыра апай ықпал еткен. Мектепте өткен іс-шараларды жазып, оны аудандық газетке беруімді талап ететін. Бастапқыда апайдың тапсырмасынан «құтылу» үшін ғана жазатын мен бір-екі мақалам газет бетіне шыққаннан кейін тілшіліктің «қызығына» түсіп алдым. Бірнеше жылда аудандық газеттің «штаттан тыс тілшісі» атандым. Бұл менің журналистикаға деген қызығушылығымды арт­тыра түсті. Ең алғаш республикалық балалар журналына ертегім шыққанда «Менің қызымның шығармасы Қадыр Мырзалиевтің өлеңімен қатар тұр» деп мектепке мақтанып келгені әлі күнге есімде.

Жақында газет редакциясына қызметке орналасқаныма шын жүректен қуанған Жадыра апайды көшеде кезіктірдім. Сөмкесіне «Тіршілік тынысы» газетінің бірнеше данасын салып алыпты. «Газеттің әр санын асыға күтемін. Өзіңнің тарихы терең аудан айнасына қызметке орналасқаныңды мақтан тұтамын. Міне, мақалаларыңды оқушыларға оқып беріп, марқайып келе жатқан бетім еді» деп батасын беріп жатты.

Шәкірттің міндеті – ұстаздың еңбегін ақтау болса, ұстаздың мерейі – шәкіртін биіктен көру. Жадыра апай маған білімді де, тәрбиені де үйрете білген жан. Менің өмірлік жолымды, бағытымды айқындап, өзімнің сүйікті ісімді табуыма жәрдем еткен ұстазыма деген алғысым шексіз. Өмірлік ұстазым, қашан да маған ақылшы болған аяулы жан қандай да болсын құрметке лайық. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластық пен махаббатқа куә болған мектеп мұғалімдері әлі күнге мені «Жадыраның қызы» деп атайды екен. Бұл ұстаздың шәкіртіне деген ыстық сезімінен хабар берсе, шәкірттің ұс­тазға деген ықыласын аңғартып тұратындай.

Бірде үлкен бір сайысқа дайындалып жат­тық. Сын сағат таяғанда қорқа-соқ­тап тұ­р­­­­ғ­а­ным­ды байқаған Жадыра апай «Бәрі де сен сияқ­ты адам ғой» дегені бар еді. Бұл жай ғана күнделікті айтып жүрген сөз секілді болып көрінуі мүмкін. Бірақ апайдың сол сәтте қанат бітіру үшін айтқаны менің өмірлік ұс­танымымдай болып қалды. Бойыма бір күш-қайрат бітірген сол сөз қанша жыл өтсе де есімде. Әлі күнге қандай болмасын сынға тү­сер сәтте «Бәрі өзіңдей адам ғой» деген ұстаздың сөзі ойыма еріксіз оралып тұрады...

Мектеп бітіргенімізге қанша уақыт өтсе де, мектеп мұғалімдерімен байланысып, хабар алысып тұрамыз. Әлі күнге білмеген тұ­сымды аяулы ұстаздарыммен ақылдасып, сұ­рап отырамын. Жадыра апай да менің әрбір жетістігімді біліп, тілектестігін білдіріп отырады. «Сенің тілеуіңді өзімнің баламмен бірдей тілеп жүремін» дейді Жадыра апай ағынан жарылып. Иә, адамның өзі үшін жасағаны сияқты біреудің өзге біреу үшін дұғада болуы, тілеулес болуы адам өміріне үлкен әсер етеді. Қарғыс алғанның жолы болмайтыны рас болса, алғыс алып, шынайы тілек, бата алу да адамның өмірін өзгертіп жіберуі мүмкін. Осы ретте бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің ұшар шыңында тілеуімізді тілеп жүрген ата-анамыз бен ұстаздарымыз, жақындарымыз тұрғаны анық.

Білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан қа­рашаңырақ мектебіме бүгінде маман ре­тінде жиі барамын. Аяулы ұстаздарым ерекше ілтипатпен күтіп алып, мерейімді арттырып жатады. Ұстаздың ұлылығын уақыт өт­кен сайын тереңірек түсінеді екенсің. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген. Бір әріп қана емес, өмірді жақсы сүруді үйреткен ардақты ұстаздарыма қалай алғыс айтсам да жарасады. Ел баласын бауырына басып, тәрбиелеп, шынықтырып, биіктерге самғататын ұлы есім иелеріне шексіз алғыс, мың тағзым!

Аружан Мұханбетқали
01 наурыз 2022 ж. 717 0