«Цифрлық Қазақстан»: Электронды құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетеді
Бүгінде жергілікті халықтың басым көпшілігі сан түрлі құжат дайындау үшін арнайы мекеме мамандарының қызметіне жүгінеді. Нарық заманында құжат айналымын сапалы әрі тиімді жүргізу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Күн сайын жүзге жуық адамға қызмет ететін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалына қарасты аудандық бөлімнің мамандарының жұмысы қауырт. Сала мамандары тынымсыз еңбектің арқасында тұрғындардың өтініш-тілектерін қанағаттандыруда. Өз кезегінде өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде бөлім басшысы, аудандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергеновпен сұхбаттасқан едік.
– Жұмабек Әшімұлы, Сіз басқаратын бөлім қай кезде де жергілікті халықпен тығыз байланыста. Сұхбатымызды саладағы құрылымдық өзгерістерден бастасақ.
– Иә, біздің кәсіби мамандарымыз күнделікті тұрғындардың құжаттарын дайындаумен айналысып ғана қоймай, олардың мәселелерін шешу жолдарын қарастырады. Әрбір маман алдына келген кісінің түйткілді мәселесін саралайды. Одан кейін құжаттарын рәсімдеуге кіріседі. Жалпы, «Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттікқызметтердің тізілімін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің №983 Қаулысына сай бөлімде есепті мерзімде барлық сала бойынша 21 966 өтініш қабылданған. Нәтижесінде, 20 960 өтініш азаматтарға табысталған. Құрылымдық жұмыстар арнайы заң шеңберінде жүзеге асырылады. Былтыр бірыңғай байланыс орталығына 124 өтініш келіп түскен. 1414 нөміріне хабарласқан тұрғындардың барлық мәселесі қанағаттандырылған.
Өткен жылы белгілі бір себептерге байланысты 99 құжат бас тартылса, 54 құжатқа мерзімі бұзылғаны үшін акт жасалған. Біздің бөлімде өзін-өзі қызмет көрсету секторы бар. Мұндай қызмет түрі бойынша 37 500 адамға кеңес берілсе, 37 000 жеке және заңды тұлғаға қызмет көрсетілді.
– Сала мамандарының имиджін көтеру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қазіргі уақытта бөлімде 15 адам жұмыс жасайды. Халыққа қызмет көрсетуге арналған 8 қызметкер жасақталған. 4 маман азаматтардың құжаттарын қабылдаса, 1 маман дайын құжаттарды беру және ХТҚ яғни жеке куәлік, төлқұжат берумен айналысады. 4 қызметкер «Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында», 1 қызметкер «Құжаттандыру және тіркеу тіркелімі» бөлімшесінде еңбек етеді. Айта кетейік, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және оған теңестірілген азаматтарға кезектен тыс 1 маман қызмет көрсетеді. Сонымен бірге құжаттандыру саласы бойынша бөлім «Халықты құжаттандыру және тіркеу пункті» ақпараттық жүйесі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметке аудандық полиция бөлімінің Көші-қон полициясы тобының жауапты 1 қызметкерімен, қызмет алушылармен мемлекеттік қызметтер бойынша төлем төлеу үшін «Қазпошта» АҚ-ның Сырдария бөлімінің кассасымен қамтамасыз етілген.
Ұжымда іскерлік этиканы қалыптастыру жолға қойылған. Күнделікті жұмысқа келген қызметкерлерімізбен семинар-тренинг ұйымдастырамыз. Сала мамандары үйдегі эмоцияны, жағымсыз энергияны ойынан шығарады. Тек жұмысқа ынта қойып, халыққа сапалы қызмет көрсетуге міндеттенеді.
Сонымен бірге сала мамандарының қызметіне жүгінген тұрғындар оларды электронды түрде бағалай алады. Жақсы бағаға ие болған сала мамандарының суреті мен аты-жөні ай сайын құрмет тақтасына ілініп отырады. Бұл олардың жұмысты ынтамен, жауапкершілікпен атқаруға оң әсер етеді.
Сала мамандарының имиджін көтеру тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Атаулы күндерде қызметкерлерімізді ынталандырып отырамыз. Кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында республикалық деңгейдегі мекемелер жұмыс жасайтын әріптестерімізбен тәжірибе алмасып тұрамыз. Ал халыққа қызмет көрсету саласының имиджін көтеру бағытында аудан тұрғындарының «Электронды Үкімет» порталын пайдаланудағы компьютерлік сауаттылығын арттыру және Е-gov» бұрышының жұмысын жоғары деңгейге көтеру үшін іс-шаралар жоспары жасалған.
– Электронды қызмет сапасын арттыру бойынша жасалған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– «Мобильдік ХҚКО» бойынша 1371 құжат қабылданып, 1362 дайын құжат өтініш иелеріне табысталды. «Мобильдік ХҚКО» жұмысын насихаттау, елді мекендерге қызмет көрсету кестесі ай сайын жергілікті әкімдік сайтына жарияланады. Бөлімде есепті мерзімде оқыту жоспарына сай «Электронды Үкімет» порталын пайдалану, КРІ жүйесі, «Электронды құжат айналымы» нұсқаулығы бойынша семинар-сабақтар өткізіліп тұрады. Мұнан бөлек, жаңадан жұмысқа қосылған қызметкерлермен жеке оқыту сабағы өткізіліп, сынақ қабылданады. Бөлімнің өткізілетін іс-шаралар жоспары бойынша бөлім қызметкерлерінің жұмыс сапасын жақсарту, біліктілігін арттыру мақсатында жергілікті уәкілетті органдармен байланыс орнатамыз.
– Пандемия уақытында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалына қарасты аудандық бөлімінің жұмысы тежегенін жақсы білеміз. Мұндай уақытта халықпен қарым-қатынас орнату қиындық соқтырмады ма?
– Есепті кезеңде мемлекеттік қызмет сапасына байланысты келіп түскен арыз шағымдарғакелетін болсақ, жеке және заңды тұлғалардан арыз-шағым келіп түскен жоқ. Дегенмен, қашықтықтан қызмет көрсету кезінде қиындық соқтырғаны рас. Шаруасы уақытылы біткенін қалайтын жергілікті халық арасында түсініспеушілік туындап жатады. Кезектілік бойынша кіретін азаматтар ара-қашықтық сақтауға құлық танытпайды. Коронавирус инфекциясы қайта өршіген жағдайда онлайн қызмет жасауға міндеттіміз. Негізі тұрғындарға «Е-gov» порталы арқылы онлайн қызмет жүйесін пайдалану тиімді.
– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында электронды қызмет түрлері артты. Мемлекеттік маңызы бар құрылымдарда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Сыбайлас-жемқорлыққа төзбеушілік көзқарас танытуымыз керек. Қазір кейбір азаматтар барлық мәселе пара берумен шешіледі деп ойлайды. Бұл дұрыс емес, қате пікір. Шын мәнінде, электронды үкімет порталы жекелеген адамдардың құжаттамалық өтініштерін автоматты түрде шешуге атсалысады. Барлық саланы электронды форматқа көшіру арқылы қағазбастылықтан арылу міндеті тұр. Мәселен, тұрғындар қажеттілігіне орай маманның кеңесі арқылы өз құжаттарын электронды түрде рәсімдей алады. Бұл ретте, заңды және жеке тұлғалар электронды қызметті пайдалана отырып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының игілігін көрмек. Әрине, білім, медицина, мемлекеттік қызмет секілді бірнеше құрылымдық мекемелер «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына көшкен. Электронды порталдардың мүмкіндіктерін жетілдіру мақсатында тиісті іс-шаралар қабылдана бермек. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі екенін айтқан болатын. Ұлттық бәсекеге қабілетті болудың негізгі құралы – цифрландыру екенін білеміз. Алдағы жылдары осы саланы дамыту үшін мол инвестиция құйыла бермек. Негізінде электронды қызметті жандыра алсақ сыбайлас жемқорлық фактілерін азайта аламыз. Бұл ретте, бөлім мамандары мен мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас-жемқорлықты алдын алуға байланысты семинар-тренингтер өткізіледі.
– Электронды қызмет түрлерінің негізгі артықшылықтарын айтып берсеңіз?
– Жергілікті тұрғындар мемлекеттік қызмет көрсету үшін БАЖ төлемдерін QR-код арқылы төлеу мүмкіндігі бар. Электронды қызмет түрлеріне алынатын төлемдер жекелеген банктердің қосымшалары арқылы алынады. Сонымен бірге «Е-нәтиже» бағдарламасы бойынша елді мекендердегі әкімдіктерден өтініштер келіп түсіп, толықтай жауап берілді.
– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалына қарасты аудандық бөлімнің ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіле ме?
– Биыл әріптестерімізді қуантатын жаңалығымыз бар. Біз отырған ғимарат 2007 жылы пайдалануға берілді. Арада 15 жыл өтті. Бұған дейін ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Айта кетейік, күрделі жөндеу жұмыстары кезінде ғимараттың кескіндік келбеті жаңарып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ғимарат ішінен әжетхана салынбақ.
Сұхбаттасқан Б.ОРДАБЕКОВ