Қызылордалық ғалымдар ауыл шаруашылық қалдықтарын пайдаланудың тиімді әдісін жасады
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхананың ғылыми қызметкері Рахметулла Жаппарбергенов профессор-зерттеуші Нұрбол Аппазовтың жетекшілігімен ауыл шаруашылық қалдықтарын органикалық биотыңайтқыш ретінде пайдаланудың оңтайлы әдісін жасады. Бұл ғылыми жаңалықты жас ғалым Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Қызылорда облысында жылына 500 мың тоннадан астам күріш жиналады. Дақыл өңделгеннен кейін шамамен 100 мың тонна күріш қауызы қалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын күріш қауызын қала сыртындағы полигонда өртейтін. Бұл облыс тұрғындарының денсаулығына, қоршаған ортаның химиялық ластануына әкеп соғады. Сол себепті кейінгі уақытта күріш қауызын өртеуге тыйым салынды.
- Күріш қауызы мен сабаны өте баяу шіритін болғандықтан, оны утилизациялау да қиынға соғады. Қазіргі кезде бұл қалдықтарды майдалап, шаруалар мал азығына араластырып пайдаланып жүр. Бірақ күріш қауызында ешқандай қоректік заттар жоқ. Осы қалдықтарды оңтайлы пайдалану мақсатында әлі де зерттеу жұмыстарын жүргізудемін. Зерттеу жұмысының мақсаты аталған қалдықтарды тез шіріту арқылы органикалық жер өңдеу үшін тиімді биотыңайтқыш алу. Оларды тез шіріту мақсатында кеуектерінде микроағзалардың жылдам дамуы үшін биокөмір және күйіс қайыратын малдардан алынған целлюлозолитті микроағзалар қолданылады. Біз аталған қалдықтарды 3 айда шірітіп, тиімділігі жоғары жаңа Терра Прета биотыңайтқышын алдық. Өткен жылы бұл жоба бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ректорының жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсына қатысып, 2500000 теңге грант иегері атандым, – деді Рахметулла Өмірбекұлы.
Алдағы уақытта осы өнімге патент алуға өтініш жолданбақ.
Сондай-ақ, университетте студенттер де ауыл шаруашылығы саласы бойынша зерттеу жүргізуде. Брифинг барысында "Органикалық заттардың химиялық технологиясы" мамандығының 3-курс студенті Сәкен Қанжар күріш қауызынан кремний диоксидін және аморфты кремний алу технологиясын алу бойынша жұмыс атқарғанын атап өтті.
Кремний диоксиді кварц шынысын, оптоталшық, кремний өндіруде құнды шикізат болып саналады. Студенттің ғылыми жетекшісі – профессор Нұрбол Аппазов.
– Зерттеу барысында ауылшаруашылық қалдықтарын, атап айтқанда күріш қалдықтарын утилизациялау проблемалары, қазіргі өңдеу әдістері, қолдану салаларын қарастырдық. Күріш қауызынан аморфты кремний диоксидін алу үшін күріш қауызы ұнтақталып, тұз қышқылымен микротолқындық сәулелендіру арқылы өңделеді. Өңделген өнім жоғары температурада муфельді пеште күйдіріліп, аморфты кремний диоксиді алынды, – деді жас зерттеуші.
Айта кету керек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 2021 жылы оқытушыларды ғылыми-зерттеу қызметіне көбірек тарту мақсатында жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының конкурсы өткізілді. Байқау нәтижесінде жалпы сомасы 10 млн теңгелік 4 жоба университет грантын иеленді. Қазіргі уақытта ғалымдар зерттеу жұмыстарын жалғастыруда.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің
медиа орталығы