Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде 1 шілдеден бастап дәрілік заттар таңбаланады

Елімізде 1 шілдеден бастап дәрілік заттар таңбаланады

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов тауарларды таңбалаудың маңызына қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақстан Республикасында таңбалау 2017 жылдың 1 қарашасынан бастап 2019 жылдың 31 наурызға дейін тері бұйымдарын таңбалау бойынша пилоттық жоба өтті, оның қорытындысы бойынша бірқатар көрсеткіштердің жақсаруы байқалды.

Біріншіден, тері бұйымдарын таңбалау салық заңнамасын бұзушыларды, яғни жеңілдетілген салық салу үшін арнайы салық режимі бойынша шекті межелік мәнді қолдану мақсатында кірістері төмендетілген салық төлеушілерді анықтауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, патент негізінде қызметті жүзеге асыратын субъектілер саны 13 есеге (243-тен 18-ге дейін) қысқарды.

Екіншіден, 2018 жылы тауарларға декларация ресімдеген импорттаушылардың саны оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 30%-ке өсті, ал олардан импорт бойынша кедендік баждар мен салықтар түсімдерінің өсімі 40%-ті құрады (372,3 млн теңгеден 516,2 млн теңгеге дейін)», деді Әлихан Смайылов.

Осы қызмет бойынша ішкі салықтар түсімдерінің өсімі 1,5 есе (430,8 млн теңгеден 648,6 млн теңгеге дейін) артты. «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау туралы» ҚР Үкіметінің 2020 жылдың 10 қыркүйектегі 568 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» ҚР Үкіметінің 2021 жылдың 31 тамыздағы 588 қаулысына сәйкес, тізбеге тек темекі өнімдері мен аяқ киім тауарлары ғана кіреді. Бұл қаулыда тоқыма өнімдері, су және сусындар жоқ, өйткені олар пилоттық жоба сатысында.

«Дәрілік заттар бойынша реттеушілік әсерді талдаудың оң қорытындысы және Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қорытындысы бар. Дәрілік заттарды таңбалау 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап кезең-кезеңмен енгізу жоспарлануда», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысына сәйкес, пилоттық жобаны аяқтау үшін ішкі нарық үшін сүт өнімдерін таңбалау орынсыз деп айқындалды. Таңбалау бойынша пилоттық жобалар толығымен бірыңғай оператордың қаражаты есебінен жүргізіледі, бұл сүт өнімдерінің қандай да бір қымбаттауына алып келмейді. Сүт өнімдері міндетті таңбалаудан енгізілген жоқ.

Сондай-ақ, Қаржы министрлігінің ұсынысына сәйкес ішімдік өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба алынып тасталды және қолданыстағы бақылау жүйелері жеткілікті деп танылды. Ішімдік өнімінің айналымын қадағалауды және бақылауды қолданыстағы ақпараттық жүйесін жетілдіре отырып, азаматтық және салық бақылауы жолымен жүзеге асыру ұсынылады.

Ә. Смайыловтың айтуынша, көлеңкелі аяқ киім нарығы 48,5% құрап отыр, бұл нарықтағы барлық тауар көлемінің жартысына жуығы. Таңбалау бизнес тарапынан айтарлықтай шығындарды көздемейді, оны енгізу сол аяқ киімнің құнына айтарлықтай әсер етпейді. Бір таңбалау кодының құны 2,68 теңгені құрайды, Data Matrix кодын аяқ киімге жағуға арналған жабдық жоғары ағынды желілерге қарағанда айтарлықтай арзан.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аяқ киім өнімдерін таңбалауға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді қоса алғанда, сәйкестендіру құралдарын салуға арналған жабдықты сатып алуға байланысты жеңіл өнеркәсіп субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеуді енгізу бөлігінде отандық өңделген тауарларды ілгерілету бойынша индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Қағидаларға сәйкес өтеуге ұсынылатын соманың 50% мөлшерінде, бірақ бір субъектіге 10 000 АЕК-тен аспайтын негізделген және құжатпен расталған шығындарды өтеу көзделген», деді Үкімет басшысы.

Тауарларды таңбалаудың және тауарларды қадағалаудың бірыңғай операторы – «Қазақтелеком» АҚ міндетті таңбалауға дайындық аясында Қазақстанға арналған аяқ киім шығаратын 45 шетелдік зауытпен келіссөз жүргізді, олардың көпшілігі бір жарым жыл бойы Ресей нарығына арналған аяқ киімді таңбалайды және Қазақстанның осындай қадамдарына дайын.

«Тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу елдегі көлеңкелі нарықтың көлемін қысқартады және салық салу базасын кеңейтеді, осылайша мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдерді арттырады», деді Премьер-Министр.
20 ақпан 2022 ж. 244 0