Кент әкімі болуға кім лайық?
Күні ертең Тереңөзек кентінің әкімін сайлаймыз. Иә, кент, ауыл әкімдерін бұрынғыдай мәслихат депутаттары емес, қазір халық сайлап алады. Осыған байланысты аудан орталығында тұратын 7190 сайлаушы 20 ақпанда таңдау жасап, Тереңөзектің дамуына тынымсыз еңбек ететін әкімді сайламақ. Кент тұрғындарының сеніміне ие болу үшін бүгінгі күнге дейін 3 үміткер өз бағдарламаларын ұсынып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Бейресми ақпаратқа сүйенсек, әкім болуға 6 үміткер құжат ұсынған. Солардың үшеуінің құжаттары дұрыс болмай, үміткерліктен бас тартса, үш үміткер тіркелген. Олардың қатарында «Қазақстан Халық» партиясынан Бақытжан Сәрсенов, «Nur Otan» партиясынан Ержан Бахтияров және өзін-өзі ұсынушы үміткер Иранбек Мақаш бар.
Үш үміткер де аудан жұртшылығына жақсы таныс. Б.Сәрсенов ұзақ жылдар бойына ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға атсалысып келеді. Еңбек жолында Тереңөзек кенті әкімінің орынбасары, Қоғалыкөл ауылының әкімі лауазымдарында болған. Демек әкімдік жұмысын үйлестіруде тәжірибесі жеткілікті деген сөз. Десе де келер жылы Б.Сәрсенов құрметті зейнет демалысына шығады.
«Nur Otan» партиясынан үміткер Ержан Бахтияровтың да бұл салада тәжірибесі мол. 2016 жылдан осы күнге дейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін атқарып келе жатқан білікті маманның еңбек жолы аудан әкімдігінде басталған. Бес жыл кент әкімінің орынбасары қызметін де атқарған. Яғни Тереңөзек кентінің әлеуетін біледі деген сөз.
Ал өзін-өзі ұсынушы И.Мақаш аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде сектор меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Қаржы саласында біліктілігі жоғары екенін еңбек жолының аудандық қаржы бөлімінен басталып, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде маман, бас маман, сектор меңгерушісі болып, қызметінің сатылап жоғарылағанынан анық аңғаруға болады. Әрине әкім болу үшін есеп-қисапқа жүйрік болу керек. Дегенмен әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін экономикамен қатар әлеуметтік, қоғамдық-саяси жағынан да тәжірибенің болғаны дұрыс.
Кент әкімі болуға үш үміткердің өмір жолы мен сайлауалды бағдарламасы газетіміздің өткен санында жарияланды. Әр үміткердің өзіндік ұстанымдары бар. Сол ұстанымдары бойынша тереңөзектіктердің әл-ауқатын арттыру бағытындағы сайлауалды бағдарламасын түсіндіру үшін ақпан айының 10 мен 18 аралығында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Біздің байқағанымыз, үгіт-насихат жұмыстарында үш үміткердің арасында Е.Бахтияров белсенді болды. Ол «Есіктен-есікке» акциясы аясында кент тұрғындарының үйлеріне арнайы барып насихат жұмыстарын жүргізді. Оған қоса әр сала өкілдері және кент тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Ал Б.Сәрсенов пен И.Мақаштың халықпен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырғанын байқамадық. Мұның өзі халық таңдауына кері әсер ететіні белгілі.
Осы тұста кент әкімі болған Нұржан Бисембаев ауқымды жобаларды жүзеге асырып, Тереңөзектің дамуына өзіндік үлес қоса білді. Осындай еңбегіне халықтың айтар алғысы мол. Алдағы қызметіне біз де сәттілік тілейміз.
Жалпы кент әкіміне жүктелер жауапкершілік жоғары. Сондықтан аудан орталығын көркейтуге қызмет ететін лауазымды тұлғаны сайлап алу құқығы тұрғындар еркінде. Бұл істе де тереңөзектіктер жауаптылық таныту қажет.
Е.БЕРКІНБАЕВ