Қарапайымдылықтың құдыреті
Әдекең ауылда тұрады. Бұл оның кемшілігі емес, артықшылығы. Себебі бірнеше ғасырлар бедерінде қазақылықтың, елдіктің іргесін сөгіп алмай ұлттың рухани ұйысуына ұйытқы болып келе жатқан – ауыл. Бүгін міне, Сырдария ауданына қарасты А.Тоқмағамбетов ауылында туып-өскен Әділбек Әбілдаев асқаралы 60 жасқа толды. Оның ауыл қазағына тән қасиеті – қарапайымдылығы. Ауылдағылардың көпшілігі сондай. Соған қарағанда қарапайымдылық деп аталатын қасиеттің өзі Құдай сүйген құдірет секілді.
Әйтеуір, ауылда туып, қалада тұратындардың барлығы дерлік ауылды аңсап отырады. «...Ауылға барам, бәрі де туыс ол жақта, аңқылдайды олар, қарамайды олар бар-жоққа» деп әсем әнде айтылатындай, көбіміздің ауылға аңсарымыздың ауып тұратыны рас. Бәлкім, бізді ол жаққа қарай тартып тұратын Әдекеңдей қарапайым жандардың ақеден көңілі, жомарт жүрегі, ыстық ықыласы шығар?!
Әруақты ақын Шаһизада Әбдікәрімовтің «Күн сайын адам болып өмір сүрген» атты эсселер кітабында ел ағаларының бірі Нәжімадин Мұсабаев айтты деген бір әңгіме бар. Ол былай: «Баяғы заманда Найманның қабырғалы азаматының асында ел жақсылары оның тірісіндегі тағылымды істерін, ізгі қасиеттерін тергіштеп, болыс болса да, «орыс» болмағанын, биліктің буына піспегенін ризашылықпен айтып отырады. Сонда Абай «қара басын алып жүрген кісі болды ғой» деп қалады. Ақынның сөзіне тіксінген төбе басыларының бірі «Абайжан-ау, ол не дегенің? Жәннатта жұпар бұйырғыр бауырымыз жамағаттың ардақтысы болды» дегенде, адамзаттың ойшылы әріден толғап: «Иықтағы бастың тұйыққа тірейтін кездері бар. Мансаптың мінбесінде тұрсаң басың айналады, халықтың қошеметіне апиындай елтисің, есіңді жоғалтасың, мақтау мен марапатқа марқайсаң, көзің мен көңіліңді шел басып, астамсып, абыройсыз істерге ұрынарсың. Құдай берген қара басты алып жүру оңай ма? Бұл адам пендешіліктен бойын аулақ салып, бесіктегі болмысынан айнымай, басын биік ұстаған екен дегенім ғой» деп түйіндепті. Алпыс жасқа келген арда азаматтың өмірінің мәні, осы әңгімеде айтылғандай, пендешіліктен бойын аулақ салуы, туабітті қалыптасқан кісілік келбетін жоғалтпауы және соның арқасында адамдардың алдында жүзінің ашық болуы деп ойлаймын.
Әдекең көпшілікке кісілік тұрпатымен, қарекет-қылығымен, бейнетімен жақты. Бейнетшілдігін айтқанда, оның қандай жұмысты болмасын күн ұзақ аттан түспей жүріп, сұрап тамақ ішпей жүріп атқаратын тыңдырымды істеріне таң қалмасқа болмайды. «Бұзау шапса – сабанға дейін, сәйгүлік шапса өкпесі күйгенше» дегенді атам қазақ осындай жандарға қаратып айтқан болар. Расында, күніне бес уақыт намазға жығылмаса да мен оны пиғылы мен ниетіне, қам-қарекетіне қарап нағыз мұсылман деп есептеймін. Ахмад Муснад деген ғұлама «нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген адам» дейді. Қасиетті Құранда «Уа, Мұхаммед! Біз сені күллі әлемге (күллі жаратылысқа) теңдесі жоқ рахым ретінде жібердік» делінген. (Әнбия сүресі. 107-аят). Уақытында замандастары «Алла жерге енді отызыншы пайғамбарды жіберсе, ол Имам Ғазали болар» деп мойындаған осы ғұлама да «Мұсылман адам қоғамның әдепті азаматы: жұмыс орнында әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста, тұрмыс-тіршілікте көршісімен жақсы мәміледе болып, маңайындағыларды ізгілікке баулиды... Ол өзінің бұзық әрекеттерімен, теріс пиғылымен қоғамға ауыртпалық түсірмейді» деген.
Имандылығының арқасында Әдекең аймағына аты әйгілі көкпаршы, алапат күш иесі болған палуан Тәттібай атасының әулетін болашаққа жарасымды жалғап келеді. Ол жақсыларға жұғысып жүретін, табан ет-маңдай терімен тапқан адал несібесін қанағат етіп келе жатқан еңбекқор жан. Алпысқа келсе де әлі аттан түспей, шаруасын өзі дөңгелетіп келеді. Мансап қуып, көңілдері масайрап жүретіндердің жоғары шенділер мен бай-бағландардың алдында төңкерілген қазан астында жүргендей пүшәйман халде жүріп тапқанынан қарапайым еңбек адамының бейнетпен тапқан нәпақасының берекесі артық болмаса кем емес.
Ә.Әбдібаев бүгінде ұзақ жылдар бірнеше шаруашылықтарды басқарған тәжірибелі маман, білікті басшы атанған. Әлі енші бөліспеген інісі Р.Мырзабеков екеуі заманның ағымына қарай жеке шаруашылық құрып, фермерлікпен шұғылдануда. Ағайынды қос азаматтың бір-біріне деген жанашырлығын, шынайы пейілдерін көргенде іргелі әулеттің ынтымағын берік ұстап келе жатқан берекелі бірлігіне, тындырымды тірлігіне көңілің марқаяды.
Адуынды ақын Махамбеттің:
«Біз бір енеден бір едік,
Бір енеден екі едік.
Екеуіміз жүргенде,
Бір-бірімізге ес едік.
Бір енеден үш едік
Үшеуіміз жүргенде,
Толып жатқан күш едік.
Бір енеден бес едік
Бесеуіміз жүргенде,
Алашқа болман деуші едік.
Өтемістен туған он едік
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік» дегені осы қос азаматқа қаратып айтылғандай.
Күнделікті адами қарым-қатынаста озық дәстүрлердің алтын тінін үзбей еңбегімен ер атанудың рахатын бүгінгі ортасына үлгі етіп келе жатқан да қатары қалың осындай қарапайым азаматтар.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық даналығы. Әдекең мен Клараның ерлі-зайыпты өмірдегі басты жетістіктері саналы ұрпақ тәрбиелеп, өсіргенінде дер едік. Үлкен баласы мемлекеттік жауапты қызметте. Екінші ұлы аудандық құқық қорғау саласында абыройлы еңбек етіп келеді. 3 ұлдың ішіндегі дәрігер қыздары тұрмыста. Кенже ұлы да болашақ денсаулық сақтау саласының маманы. Шүкіршілік, төртеуі де өз ортасына сыйлы, мәдениетті, ибалы азаматтар болып қалыптасқан. Бұларға қарап, пенденің төрт құбыласының түгелденуі деген осы шығар деп те ойлаймын.
Д.Досжанның 2003 жылы жарық көрген «Әуезов тағдыры» деген кітабында кемеңгер М.Омарханұлының өмірінің соңғы жылдары Қожа Ахмет Яссауи мазарына зиярат жасағаны баяндалады. Сол сапарында Яссауи бабамыз жазушыға аян беріп, кейінгілерге «Тезек дүниені тере бермесін, жар сүйсін, перзент сүйсін, пендеге ықылас-мейірімін бөліп берсін, тіршілік қызығынан бөлінбесін» деген өсиет айтқанын жазады. Бүгінде алпысты алқымдаған Әділбай ағамыз – сопылықтың бастауында тұрған және өз заманында тұтас түркі жұртын жат діни ағымнан арашалап алып қалған пірәдардың осы өсиетін мүлтіксіз орындап келе жатқан арда азаматтың бірі. Мемлекеттің басты байлығы да ар-ожданды ту еткен ақылды адамдар.
Мақаламның соңын ақын Амантай Шәріптің «Құбыла» атты жинағындағы өлеңінің «...Шиырып найзағаймен қол қойдым да, Мөр бастым алтын күннен келісті ғып..» деген бірауыз шумағымен аяқтайын.
Н.МЫҢЖАС,
ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері,
«Құрмет» орденінің иегері