Біржан салдың суреті қалай салынды?
Дәстүрлі қазақ ән өнерінің майталманы, дүлдүл өнерпаз Біржан сал Қожағұлұлының артында суреті сақталмаған. Бірақ Біржан атамыздың көпке мәлім мына бір бейнесін салған қазақ бейнелеу өнерінің ірі қайраткері Әбілхан Қастеев екен. Ол бұл жұмысты 1966 жылы толық тиянақтаған көрінеді.
Әнші бейнесінің өмірге келуіне атсалысқан адам салдың жамағайын туысы Қарта Қаңтарбайұлы деген адам екен. Бұған дәлел жазушы Сәбит Мұқановтың ұлттық мұрағат қорына өткізген дүниелерінің ішінде Қарта Қаңтарбайұлының жазушыға жазған хаты сақталыпты. Сонда былай делінген: «...мен Біржанның суретін салдыруды ойланып, сурет салатын өнерпаздарға ақылдасып, ертеден таныс адам, суретші Қастеев Әбілхан жолдасқа тапсырып едім. Әбілхан жолдас еңбек етіп, уәдесін орындап, салдың суретін салып берді».
Осы орайда, Біржан салдың суреті қалай салынды, нені басшылыққа алды дегенге тоқталсақ, тағы да Қ.Қаңтарбайұлының дерегіне жүгінеміз. Бұл адам өзінің естелігінде Біржан салдың екі ұлы Теміртас пен Қалкен екеуімен бірге өсіп, біте қайнасқаны жайлы айтылады. Салдың үлкен ұлы Теміртас әкесі өлгенде сегіз-тоғыз жастағы бала екен. Әкесі дүниеден өткен бұл шаңырақта бір ат, бір бие, екі сиыр, оншақты қой ғана қалыпты. Теміртас 1916 жылы майданның қара жұмысына алынады.
Жоғарыдағы Қ.Қаңтарбайұлы және Алматыдағы Құрманғазы атындағы концерватория доценті, өнертанушы Хабидолла Тастанов пен зерттеуші Алтын Кетегеновалардың жазғанына қарағанда, Біржанның үлкен ұлы Теміртас нағашы жағына тартқан, дене бітімі ірі, ұзын сида бойлы, кең маңдайлы екен. Білетіндер оны анасы Әпіштен аумайды дейді. Ал салдың әйелі Әпіш ұзын бойлы, ашаң жүзді, кең ойлайтын, ақылды адам болыпты. Біржан сал бір өлеңінде:
Үш кезге бойың жеткен биік аршын,
Үш жүзден таңдап
алған ғашық жарсың,
– дегеніне қарағанда, әйелі ажарлы адам болғаны анық.
Ал салдың екінші ұлы Қалкен орта бойлы, жүзі арайлы, қағылез жігіт болыпты. Қ.Қаңтарбайұлы жазушы С.Мұқановқа жазған хатында: «Қалкенді көрген жұрт «Ойпырым-ай, мына баласы салдың аузынан түсіп қалғандай екен-ау... Дене бітімі, бет ажары, қасы мен қабағы, ерні, мұрны, бойына дейін салдан аумайды», деп таңырқағанын талай естідім», дейді. Соған қарағанда, Қалкен әкесінен аумайтын болған.
Бірақ бұл адам 1930 жылдары дүниеден өткен. Әйелі басқа адамға тұрмысқа шығып кеткен. Бұл әйелді 1962 жылы өнертанушы Хабидолла Тастанов тауып сөйлесіп, атасы Біржан сал туралы көп дүние жазып алған. Осы сапарында Хабидолла ағамыз Теміртастың суретін тауып әкелген. Бұл сурет кейін академик Ахмет Жұбановтың кітабына кірді.
Жоғарыда айтқанымыздай, Қ.Қаңтарбайұлы Біржан салдың суретін салдыру үшін Қалкеннің фотосуретін іздеп, бұрынғы Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданы Степняк ауылына барған. Бұл 1962 жылдың жазы. Қысқасын айтқанда, Қалкеннің суретін көп іздеген. Енді үмітін үзіп, не істерін білмей қиналып тұрғанда сол ауылдың байырғы тұрғыны Евдокия Евсеевна Бирюкова дейтін орыс әйелі 1924 жылы Қалкенмен бірге түскен екі бөлек фотосуретін әкеліп ұстатады.
Осылай фото қолына тиген Қ.Қаңтарбайұлы суретші Қастеевке келеді. Енді суретті салушы Ә.Қастеевтің естелігіне үңілейік: «Біржан салдың суретін салу үшін басты бірнеше шартқа жүгіндім. Біріншіден, салдың бет әлпеті баласы Қалкеннің суретінен аумауы керек. Екіншіден, жасы 35 пен 40-тың арасында болғаны жөн. Бұл уақыт – әншінің дәурені жүріп, селеулі даланы әнімен тербеп тұрған, керемет кезі. Үшіншіден, суретте сал-серінің барлық сипаты көрініп тұруы шарт. Қолында үкілі домбыра, сәні мен салтанаты жарасқан ерекше киім үлгісі дегендей»... («Әбілхан аға» жинақ, Алматы, 1994 жыл, 70-бет).
Ал мұндағы Біржан салдың суретіне қараңыз. Басында үкілі кәмшат бөрік. Қолында үкілі домбыра. Жасы 40-тар шамасында өнері асып-тасып сабасына түскен, әнінің қыры мен сыры қатар толысқан, мүшеленген құр аттай қылпып тұр. Осы суретті салу барысында атақты «Біржан – Сара» айтысында Сараның айтатын:
Кәмшат бөрік,
күлдері белбеуі бар,
Көк торғын шапанды
адам қарсы жүрді,
– деген тіркесті суретке айналырған. Одан кейін Біржан салдың өмірі мен шығармашылығын зерттеген адамдар: «Біржан ән салғанда мойнына ақ торғын орамал орап алатын» дегенді елден естіп, көп жазыпты. Сол себептен, суретте салдың мойнында ақ торғын орамал салынған. Дүлдүл әнші өзі туралы:
Баласы Қожағұлдың
Біржан салмын,
Ешкімге зияным жоқ
жүрген жанмын,
Кісіге өзім деген
бас имеймін,
Өзім әнші, өзім
сал кімге зармын,
– дегеніндей, салдың Сара қызбен айтысы әмбебап туынды ретінде қазақтың өнер тарихына шегеленді. Атақты композитор Мұқан Төлебаев өзінің «Біржан – Сара» операсында әншінің шығармаларын толық пайдаланды. Сондай-ақ 1941 жылы атақты Зиновий Компанеец «Қазақ рапсодиясы» атты халық оркестріне әншінің «Жамбас сипар» әнін арқау етсе, Е.Брусиловский өзі жазған операларына Біржан әндерін пайдаланды. Соңында танымал қылқалам шебері Әбілхан Қастеев әншінің суретін салып, оның бейнесін тірілтті.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,