Баланың бас ұстазы – ата-ана
Ұрпағына бар асыл қасиетті сіңіріп өсіруді армандамайтын адам жоқ. Ең алғашқы тәрбие баланың өмір сүріп отырған ортасы – отбасында басталады, әрі қарай балабақшада, мектепте, қоғамда қалыптасады. Бұл – өмір заңдылығы. Негізі баланың бас ұстазы – ата-ана деген тәмсіл бұрыннан бар. қазіргі ата-аналар өз міндетіне қаншалықты мән беріп жүр? Бала тәрбиесінде қателіктерге бой бермес үшін осы мәселені зерттеп көрелік.
Сөз жоқ, бұрынғының тәрбиесімен қазіргі заманды салыстыруға келмейді. Ата-ананың орнын әлеуметтік желі, яғни ғаламтор нық басқанын мойындауымыз керек. Осы орын алмасушылықтың кері әсері болса керек, балалардың мінез-құлығы өзгеріп, енжарлық пен немқұрайлық санасын басып барады.
БАЛАНЫҢ ҚҰЛАҒЫНА АНАНЫҢ ДАУЫСЫ СІҢУІ КЕРЕК
Шын мәнінде бала тәрбиесі қателікті кешірмейді. Жауапкершілікті сезіну – үлкендердің міндеті. Бала өсіп келе жатқан жас шыбық. Оны қалай исең, солай өседі, бұғанасы қатқанша ақ пен қараны ажыратуға көмектесу керек. Бұл жайында психолог Мейірбек Маханбетжанов былай дейді:
– Кез келген ата-анамен әңгіме құрсаңыз, бесіктен белі шықпаған баланы жұбату үшін қолына ұялы телефон береміз дейді. Сондағы әуенді тыңдап, тынышталатын баланың бойына қандай қасиет сіңіріп жатқанын ойламайды. Ал осы өзге тілді әуеннен гөрі анасы бесік жырын айтып, баланы жұбатса, одан ұтылмасымыз анық. Бұл көп ретте ата-ана мән бере бермейтін үлкен қателік.
Сонымен қатар әрбір ата-ана баланың көңіл күйін де ескеруі керек. Бала ашуланып, дел-сал күйге түскенде ең алдымен көмекке келетін де оның ата-анасы. Жақсы тіл табысу, түсіністік таныту маңызды. Дауыс көтерудің ешқандай пайдасы болмайтынын біліңіз. Керісінше жағдайды ушықтырып алуыңыз мүмкін. Сондықтан байсалдылық танытсаңыз, балаңыз өзін қорғайтын адамның бар екеніне көзі жетіп, жағымсыз эмоциядан тезірек шығады. Бастысы балаға жақсы дос болсаңыз, сіздің жақсы қасиетіңізді көзімен көріп, өз бойына сіңіруге дағдыланады. Сонымен қатар телефонды шексіз қолданатын балаларда қорқыныш, үрей пайда болуына байланысты невропатолог маманы бақылауға алады. Айта кететін жағдай, телефоннан көретін ойындары тікелей балалардың жүйке жүйесіне, психикасына әсер ететінін ескеруіміз керек.
Психологтың айтуынша, балаңызбен неғұрлым жақын болсаңыз, сіздің айтқан сөздеріңізді сын ретінде емес, кеңес ретінде қабылдайтын болады. Ал телефонға тәуелділіктің соңы жақсылыққа әкелмейтіні мамандар тарапынан дәлелденген. Яғни уақытты оздырмай телефонды қолдануға шектеулі уақыт беру – телефон тәуелділігін алдын алады. Балаңыз көп уақытын телефонмен емес, сізбен өткізуді қалайтындай жағдайға жетуі тәрбиенің жақсы жолға қойылғанының белгісі.
ҚАТАЛДЫҚ – ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ ЕМЕС
Бұрынғының үлкендері баланы «шыбықпен» өсіріп, тәрбиелеген деп айтамыз. Біз де сол ұрпақтың өкіліміз. «Тәк-тәкті», «Ымды» түсініп өстік. Балалықтың қызығына тоймай, бір-бірімізді қуалап ойнаған кездеріміз де күні кешегідей есімізде. Сонда да ата-анамыз кейде қаталдық танытып, шыбықпен тартып жіберсе, көп уақытқа дейін сабақ болатын. Айналып келгенде мұндай тәрбиені қазіргі жастар арасында күш қолдану деп айыптайтындар бар. Дегенмен мұндай әрекетті қаталдық деп қабылдаған жөн.
– Қаталдықты ұрып соғумен шатастыруға болмайды. Күш қолданып, балаға дұрыс тәрбие бере алмайсыз. Қайта бала жүрегінде жек көрушілік, кекшілдік қалыптасады. Ата-анасы теріс әрекетке түсіп, үнемі ұруды жаза ретінде қолдана берсе, бала қорқақ, жасқаншақ, жігерсіз болып өседі. Сондай-ақ өзі де ашушаң әрі жауап қайтарып, агрессияға берілгіш болады. «Өзім білем баламды қалай тәрбиелейтінімді, ұрам ба, соғам ба» дейтіндерге заң да қатаң. Ата-ана міндетін дұрыс атқармаса, мемлекет араласуға мәжбүр болады. Тіпті ата-ана құқығынан айыруға дейін жетсе, мұнан арғы тәрбиені мемлекеттік мекеме беретін болады. Балаға тек қана жақсы тәрбие беру керек. Айту керек, ауданда кәмелетке толмағандар арасында 8 жасөспірім, 5 қолайсыз отбасы есепке алынған. Олардың дені бұзақылық, ұрлық жасағаны үшін есепке қойылды. Ата-ана жауапкершілігіндегі баланың мезгілсіз уақытта қайда жүргенінен бейхабар болғандықтан бала ойына келгенді істейді. Қалталарында ақша болғанын қалап, оны табудың жолы ұрлық жасау деп біледі. Ал ұрлық түбі – қорлық екенін, мұның арты қандай болатынын түсіне бермейді. Сондықтан тәрбиеге келгенде осал болмаған абзал, – дейді ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Айгүл Нұрымбетова.
БАЛАМЕН САНАСУ – ЕРКЕЛІКТІҢ БЕЛГІСІ ЕМЕС
Үйдегі қазыналы қарттарымыз әдетте «мына баланы тым еркелетіп жібердіңдер, ертең өздеріңе қиын болады» деп айтып жатады. Бала сіздікі болғандықтан мұндай сөздерге аса мән бермесеңіз де астарына бір үңіліп көріңіз. Әрине, бала қалауын орындау – ата-анаға байланысты. Табысыңыз бен мүмкіндігіңіз жетсе, баланың арманын орындағанға не жетсін?! Бірақ материалдық жағдайыңыздың үнемі жақсы бола беретініне сіз де кепіл бере алмайсыз. Баламен қатар оның да қалауы өсе береді. Ұсақ-түйек деп көрген затыңыз бірте-бірте қымбат заттармен алмасады. Сол кезде сіздің мұршаңыз келмесе, үнемі айтқаны болып келген бала не күйге түсетінін ойлаңыз. «Енді мені жақсы көрмейдіден» бастап, жағымсыз эмоцияға берілетін баланың психикасы бұзылады. Міне, сондықтан баланы еркелету деген түсініктің салдары сізді қиындыққа тірейді.
– Көпбалалы анамын. Әр бала дүниеге келген сайын ата-ана ретінде жауапкершілігіміз де күшейе түсті. Барлық бала біз үшін бірдей. Әрине, үлкендер кішілерге қамқор болуы тиіс. Бірақ үлкенімізге немесе кенжемізге ерекше көзқарас қалыптастыру деген жоқ. Барлық бала бірдей. Бір-бірінен бөліп қарамаймыз. Барлығын бірдей мейірімге, сүйіспеншілікке бөлейміз. Өзімізді де ата-анамыз солай тәрбиеледі. «Сен үлкенсің сенде бәрі болу керек» немесе «кенже баламыз қартайғанда бізді асырайды» деп ерекше ықылас танытқан жоқ. Бұл дұрыс деп ойлаймын, – дейді Тереңөзек кентінің тұрғыны Айнұр Нағыманова.
АТА-ӘЖЕ МЕКТЕБІ МЕН ТӘРБИЕСІ
Ұлтымызға тән ерекшелік тұңғыш баланы ата-әжесі тәрбиелейді. Бірақ тәрбие мен ұл-қызды табыстау екі бөлек нәрсе деп ұғынған жөн. Жалпы ата-әже тәрбиесі ата-анаға көмек қана болады. Қанша жерден ата-әже немересін мәпелесе де, ата-анасының мейіріміне жетпейді.
Біздің қатарымыздың арасында ата-әжесін әке-шеше деп атағандар көп болды. Туған ата-анасын атымен атап, оларға деген жат қылық көрсету сырт көзге ерсі көрінетін. Ақырында аяулы ата-әжесі дүниеден өткенде далада қалғандай күй кешіп, біразға дейін отбасында бөтен адамдай сезініп, психологиялық соққы алғандарын айтатын.
– Немеренің үлкені болғандықтан ата-әжемнің тәрбиесінде болдым. Әжемнің айтуынша, мені кішкентайымнан бастап өзі бағыпты. Енді есейгенде ата-әжем жанымда жоқ. Қатты қиналдым. Бар жағдайымды жасап, тәрбие берген ата-әжемді қимаймын. Дегенмен адам мәңгі өмір сүрмейді. Бауырларыммен табысу да қиынға соқты. Ата-анамның тілін алу мен үшін өзімді кемсіткенмей бірдей әсерде болдым. Сөзімді сөйлейтін ата-әжем жоқ. Осынша жасқа келгенде ұққаным ата-әженің қолына баланы беру мен тәрбиесін алу екі бөлек нәрсе екен. Өмір көрсеткендей әр бала өз отбасында, өз ата-анасында болу керек. Әрине, ата-әженің көмегі деген болады. Бірақ мүлдем баланы табыстау үлкен қателік, – дейді Дархан есімді азамат.
Қазіргі отбасыларда арагідік болмаса, мұндай жағдай кездесе бермейді. Қазіргі жастар балажан. Бір жағынан бұл да дұрыс. «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше» деген мәтел ескілікке кеткен дегеннің ауылы осы болар.
ҮЛГІ БОЛЫҢЫЗ
Ата-ана өз баласы үшін нағыз үлгі болса, берген тәрбиең де текке кетпейді. Бала көргенін істейді деп жатамыз. Бұл сөздің астарында шындық жатыр. Әке қанша жерден дұрыс тәрбиелеп жатырмын деп өзі баланың көзінше шылым тартып, бей-әдеп сөз сөйлеп, өтірік айтса, бала да айна қатесіз солай жасайды. Оның психологиясында «әкем де солай жасады, маған неге болмасқа» деген саналы ой тұрады. Яғни бала көргенін істейді. Сол себепті дұрыс жол ол – өз ісіңе мұқият болып, теріс әрекет жасамау. Бала өз ата-анасын үлгі тұтып, жетістікке жетудің жолын үлкендерден алу керек. Ал күн сайын балаңыздың немен айналысқаны туралы ашық әңгіме құру, жиі сөйлесу бала үшін маңызды. Әрбір жетістігін мадақтап, бірге қуану бала үшін отбасы ең бақытты мекен екенін сезіндірсе керек.
Шындық пен өтірікті, жақсы мен жаманды ажыратып балаға ұғындыру – ата-анаға қасиетті парыз. Ертеңгі күні өкініш өзегіңізді өртемесін десеңіз, бүгіннен бастап тәрбиеге аса мән беріңіз. Бұл сіздің тарапыңыздан ел болашағына қосқан үлесіңіз екенін ұмытпаңыз.
Бибісара ЖАНӘЛІ