Қоғамдық кеңестің құзіреті немесе «белсенділердің» белсенділігі неге байқалмайды?
Халық пен билік арасына дәнекер болатын Қоғамдық кеңестерді құру Сырдария ауданынан басталғаны белгілі. Бұл республика бойынша тұңғыш рет 2013 жылы жүзеге асқан жүйелі жұмыс еді. Аз уақыттың ішінде өз тиімділігін дәлелдеген Қоғамдық кеңес жұмысы «Ұлт жоспары. 100 нақты қадамда» да нақты көрініс тапты. Кейін облыстық, республикалық атқарушы органдар жанынан Қоғамдық кеңестер құрылып, ашықтық, жариялылық қағидаты негізінде жұмыс істей бастады.
Елімізде 2015 жылғы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданды. Заңға сәйкес министрліктер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, жергілікті мемлекеттік басқару органдары, квазимемлекеттік сектор субъектілері құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар Қоғамдық кеңестер болып табылады. Ақпарат үшін мысал келтірер болсақ, қазіргі таңда республикада 251 қоғамдық кеңес жұмыс істейді екен. Оның ішінде республикалық деңгейде – 35, жергілікті деңгейде – 216 қоғамдық кеңес бар. Ресми мәліметтер еліміздегі Қоғамдық кеңестер құрамында 3801 адам, ал республикалық деңгейде 402 мүше және өңірлік деңгейде 3399 мүше бар екенін айғақтайды. Тағы да бір атап өтетін жайт, 2021 жылдан бастап Қоғамдық кеңестер квазимемлекеттік сектордың 12 субъектісі жанынан да құрылды.
Бір әкімнің кезінде маңызды саяси құралға айналған кеңес келесі бір әкімнің кезінде керексіз болып қалғанын да көз көрді. Оның басты себебін Қоғамдық кеңес құзіретінің кең болмауымен, оған тиісті биліктің, сөз бостандығының берілмеуімен байланыстыратындар жетерлік. Әсіресе, кеңеске мүше «белсенділердің» белсенділігін байқау қиын. Өйткені, кеңес мүшелері көбінесе тиісті өңір, аудан басшылығының әрекеттеріне ниеттестігін білдіретін бұрынғы мемлекеттік қызметшілер, бұрынғы әкімдер, мекеме басшылары мен қызметкерлер болып табылады. Бұл кеңес құрамында жергілікті биліктің ұстанымдарына қарсы келетін көзқарастағы жұртшылық өкілдері бола бермейтінін білдіреді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, азаматтық қоғамның қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша пікірін білдіру Қоғамдық кеңестер қызметінің басты әрі негізгі мақсаты болып табылады. Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктеріне бюджеттік бағдарламалардың, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту, тіпті мемлекеттік бағдарламалардың жобаларын талқылау жатады. Мұнан бөлек кеңес мүшелері қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларын талқылау, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін тыңдау, жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша жергілікті мемлекеттік басқару органдарының жұмысына қатысу мүмкіндігіне ие. Бұдан басқа, қолданыстағы заңда қоғамдық бақылаудың әртүрлі нысандары мен тетіктері көзделген. Онда қоғамдық тыңдау, мониторинг, сараптама, мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелері туралы есептерді тыңдау секілді жұмыстар қамтылған.
Қоғамдық кеңестердің ұсынымдары заңнамада көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарауы үшін міндетті болып табылады. Бұл Заңның 1-бабының 8-тармағында анық жазылған. Осы орайда Президент Әкімшілігі қоғамдық кеңестердің жұмысына талдау жүргізген және нәтижесінде қоғамдық кеңестердің қызметіне халықтың көңілі толмайтыны анықталған. Расында да қоғамдық кеңестердің сапалық құрамы азаматтардың наразылығын тудырады, осыған байланысты олардың билікпен диалог жүргізуге арналған нақты алаңдары жоқ. Сарапшылар «2016 жылдан бастап жергілікті мемлекеттік органдар жанында жұмыс істейтін қоғамдық кеңестер мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде халықтың пікірін ескерудің және қоғамдық бақылаудың тиімді институттары бола алмады. Осыған байланысты қоғамдық кеңестердің қызметін қайта қарауды талап ететін бірқатар жағымсыз үрдістер бар» дегенді алға тартады. Бұл туралы жақында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде белгілі жазушы-журналист Жақсыбай Самрат «Бюрократиядан арылмай, алға жылжу жоқ» атты мақаласында кеңінен жазды.
«Жасыратыны жоқ, кеңес құрамын қалыптастыру кезінде транспаренттіліктің болмауы қоғамды демократияландыруға кері әсер етуде. Жұртшылық арасында осы органдардың құрамын айқындау рәсімінің ашықтығының, құрамның автономдығы мен дербестігінің жеткіліксіздігі туралы көп пікір бар.
Қоғамдық кеңестер құрамында азаматтық сектор лимитінің ресми сақталуына қарамастан, олар көбінесе өңір басшылығының әрекеттеріне ниеттестігін білдіретін бұрынғы мемлекеттік қызметшілер, бұрынғы әкімдер, мекеме басшылары мен қызметкерлері болып табылады. Яғни кеңестердің құрамында жергілікті биліктің ұстанымдарына қарсы келетін көзқарастағы жұртшылық өкілдері жоқтың қасы. Ал мемлекеттік мекеме ұстанымымен ниеттес ҮЕҰ мен белсенділерді таңдау тәжірибесі қоғамдық кеңестерді құру мен олардың қызметі мәнінің «жоғалуына» алып келуде. Қоғамдық кеңестерде балама пікірлері бар ірі сарапшылар мен ғалымдар, жергілікті оппозиция өкілдері мен қоғамдық пікірдің нақты көшбасшылары жоқ десек те болады» дейді ардагер М.Шілдебаев.
Президент қаңтар айындағы өз үндеулерінде, сұхбатында атап өткендей, қоғамдық кеңестердің жұмысы наразылықты азайтуға бағытталмауда. Бұл қоғамның оппозициялық және сыншыл өкілдері өз талаптарын «қызу түрде» айтуға және билікпен бірге көтерілген проблемалардың шешімін іздестіріп табуға арналған алаңдар жергілікті деңгейде жоқ екенін білдіреді. Елде болған соңғы ахуалдар мұндай диалог алаңдарының болмауы халықтың өз наразылығын көшелерде білдіріп, жаппай тәртіпсіздіктерге әкеліп соқтыратынын көрсетті. Бұған тағы да көп мысал келтіруге болады. Мұндай жағдай Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына қайшы келеді және қоғамдық тұрақсыздық қауіпін ұлғайта түседі. Сондықтан кеңес құрамына шындық деп шырылдап жүрген қоғам белсенділерін көбірек тарту қажет. Сонда ұсыныс-пікір, мәселе алаңда айтылмайды, арнайы жиналыстарда айтылып, шешіледі.
Жасыратыны жоқ, заңда құзірет берілгенімен әлі күнге қоғамдық кеңестер қызметінің тиімділігі төмен. Мысалы, Заңның 23-бабына сәйкес қоғамдық кеңес мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының есептерін тыңдауды өткізе алады, оның нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі ұсынымдармен бірге олардың қызметіне баға беріледі. Іс жүзінде бұл жұмыс уақытылы үйлестіріліп жатқанымен, сапалы емес. Мұны отандық сарапшылар да растайды. Күні кеше аудан әкімінің Тереңөзек кенті тұрғындарымен кездесуінде де осы мәселе айтылды.
«Халықтың пікірінше, қоғамдық кеңес мүшелері жылына бірнеше рет формальды түрде жиналып, әкімдердің өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есептерін тыңдайды. Бұл ретте, олар өз тарапынан өңірлердің проблемалық мәселелерін көтермейді және оларды шешу жолдарын ұсынбайды. Осыған байланысты қоғамдық кеңестерді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі іспетті халықтың нақты мәселелерін шешуге және осы институттың ашықтығын, дербестігі мен транспаренттілігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауға бағыттау маңызды» деді кенттің белсенді тұрғындары.
Елде орын алған соңғы жағдайлардан соң халықтың қоғамдық кеңестер қызметіне сенімін арттыру және сын айту мен ұсыныстар жасау үшін нақты алаң қалыптастыру мақсатында Үкіметке нақты шаралар қабылдау қажеттілігі туындауда. Ең алдымен, қоғамдық кеңестердің жаңа құрамдарын қалыптастыру кезінде саяси партиялар, ҮЕҰ, азаматтық белсенділер, бейбіт митингтерге қатысушылар және т.б. қатарынан сындарлы оппозиция өкілдерін барынша тартуды қамтамасыз ету керек. Мұнан соң қоғамдық кеңестер құрамындағы мемлекеттік атқарушы және өкілді органдар өкілдерінің санын барынша азайтқан дұрыс. Мемлекеттік органдардың ұсынымдарды қарау нәтижелерін БАҚ-та міндетті түрде жариялай отырып, оларды жария талқылауға шығарып, қоғамдық кеңестердің отырыстарын өткізудің тұрақты кестесін белгілеу де маңызға ие. Қоғамдық бақылаудың әртүрлі нысандарын сапалы және тұрақты пайдалануға тұрақты негізде ықпал ету де күн тәртібіндегі мәселе. Ал қоғамдық кеңестердің отырыстарына келмегені және олардың ұсынымдарын елемегені үшін лауазымды адамдардың жауаптылығын арттыру жөнінде шаралар заңмен белгіленіп, міндетті түрде орындалуы қамтамасыз етілуі қажет.
Биылғы жылдың наурыз айында қоғамдық кеңестер мүшелерінің 3 жылдық өкілеттік мерзімі аяқталады. Осыған байланысты консультативтік-кеңесші органдардың жаңа құрамын ұсынылған тәсілдерге сәйкес қалыптастыруға басымдық берілетіні сөзсіз. Бұл ретте, Заңның 9-бабына сәйкес қоғамдық кеңестердің жаңа құрамын қалыптастыру рәсімі жұмыс істеп тұрған құрамның өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі ай бұрын басталатынын айта кеткеніміз жөн. Осыған байланысты тиісті рәсімдерді БАҚ-та кеңінен жариялай отырып, қоғамдық кеңестердің жаңа құрамын жаңа үлгі бойынша қалыптастыруға ерекше мән берілгені дұрыс.
А.СЕЙІЛОВ