Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты мақсат – қылмыспен күрес тиімділігін арттыру

Басты мақсат – қылмыспен күрес тиімділігін арттыру

Елімізде прокуратура органдарына мемлекет тарапынан ауқымды міндет пен жауапкершілік жүктеледі. Мемлекет басшысының қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу туралы тапсырмасы аясында прокуратура органдары азаматтардың құқықтарын қорғаудың және сотқа дейінгі іс жүргізудің сапасын арттыруға ерекше мән беруде. Сондай-ақ қадағалаушы орган криминогендік жағдайды, құқық қорғау органдарының қылмыспен күрестегі профилактикалық жұмыстардың тиімділігін, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды басты назарда ұстайды. Осы ретте жоғарыда аталған маңызды міндеттер мен органның алдағы жоспарлары туралы аудан прокуроры Асқар Кемаловпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Құрметті Асқар Жәметұлы, ең алдымен аудандық газетке сұхбат беруге келісім бергеніңізге рақмет. Бүгінгі сұхбатымызды аудандағы криминогендік ахуалдан бастасақ.

– Әрине, аудандық газет – аудандағы ресми ақпарат тарататын, халық әр нөмірін асыға күтетін өзіндік орны бар басылым. Сондықтан жергілікті басылымға сұхбат беріп, өткен жылы атқарылған жұмыстар төңірегінде өзіңізбен әңгімелесу орынды әрі құптарлық іс деп білемін. Ал алғашқы сұрағыңызға келетін болсақ, жалпы ауданда криминогендік ахуал тұрақты. Аудандық прокуратура қылмыстық ахуалға, құқық қорғау органдарының қылмыспен күрестегі профилактикалық жұмыстарының тиімділігіне, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға күнделікті талдау жасап отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы аудан көлеміндегі қылмыстылық деңгей 2020 жылмен салыстырғанда 144тен 109-ға немесе 24,3%-ға төмендеді. Осы орайда қылмыстардың төмендеу динамикасына құқық бұзушылық профилактикасы аясында жүргізілген кешенді іс-шаралар оң әсерін тигізгенін атап өткеніміз орынды. Алайда ауданда жекелеген қылмыс түрлері бойынша өсім бар. Оның ішінде денсаулыққа ауыр зиян келтіру, зорлау, алаяқтық және ауырлығы орташа санаттағы қылмыстар саны артқан. Бүгінде аталған қылмыс түрлерінің өсуі мен одан бөлек мал ұрлығы, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылық, жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияда бірнеше рет қаралып, тиісті жұмыстар қолға алынды.

– Саны артқан қылмыстар туралы толығырақ айтсаңыз.

– Нақтырақ айтар болсақ, денсаулыққа ауыр зиян келтіру қылмысы 50%-ға көбейген. Бұл бойынша ауданда 2020 жылы 1 қылмыс тіркелсе, былтыр 2 қылмыс анықталып отыр. Ал зорлау бойынша 2020 жылы бірде-бір қылмыс тіркелмесе, өткен жылы 1 оқиға анықталды. Мұнан бөлек алаяқтық қылмыстарының саны 1-ден 5-ке көбейсе, ауырлығы орташа санаттағы қылмыстар 75%-ға артқан. Бүгінде аудандық прокуратураның бастамасымен қылмысқа бейім азаматтар тәуекел топтарына жіктеліп, олар негізінен үш санатқа бөлінген және тәуекел дәрежесіне қарай тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алаяқтық, мал ұрлығы, есірткінің заңсыз айналымы қылмыстарының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарды қылмыстық құқық бұзушылықтан қорғау мақсатында аудан көшелерінде билбордтар ілініп, түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде.

– Өсімі артқан қылмыстар туралы жекелей ақпарат берсеңіз. Нақты қандай оқиғалар бойынша қылмыстар орын алғанына, қылмыскерлер жауапкершілігіне тоқталсаңыз.

– Жекеленген ауыр, аса ауыр қылмыстарға тоқталатын болсам, ауданда қару қолдану арқылы Н.Ілиясов ауылында ауыр қылмыс орын алды. Ауыл көшелерінің бірінде М.Сауқынбаев аңшы мылтығымен Е.Кутыбаевқа оқ атып, қазаға ұшыратқан. Сот үкімімен М.Сауқанбаев ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 11 (он бір) жыл мерзімге бас бостандығы еркінен айырылды. Оған жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу жазасы белгіленді. Тағы бір мысал, сот үкімімен Г.Куттыбаев ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен 17 (он жеті) жыл мерзімге бас бостандығы еркінен айыруға, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленді. Сот үкімімен Г.Куттыбаев өткен жылдың ақпан айында спирт ішімдігін ішкен мас күйінде, асхана пышағымен қаруланып, болмашы сылтауларды себеп етіп, жәбірленуші Г.Ж.-ның денесінің әртүрлі бөліктеріне бағыттап 19 (он тоғыз) жерден пышақтап, аса қатыгездік танытып, баласының көз алдында адамды азаптап қазаға ұшыратқан. Аталған жағдайларда қылмыскерлер спирт ішімдігін ішкен.

Денсаулыққа ауыр зиян келтіру қылмысы Бесарық ауылдық округінде орын алды. Уәкілетті органдар тарапынан қылмысқа бейім азамат назардан тыс қалып, 31.11.2021 жылы осы ауыл тұрғыны Е.Жорабеков спирт ішімдігін ішкен. Ол мас күйінде пышақ қолдану арқылы жұбайы А.Б-ның денсаулығына ауыр дәрежелі жарақат салып, сот үкімімен кінәлі тиісті жазаға тартылды. Тергеп-тексеру барысында және сот анықтағандай, Е.Жорабеков ішкілікке салынып, үнемі отбасында жанжал шығаратын болған. Өкінішке қарай, құқық бұзушылықты алдын алу бағытында отбасылық жанжал шығаратын отбасы дер кезінде уәкілетті органмен анықталмаған және ішімдікке салынған қылмыскер тәуекел тобының есебіне алынбаған, бір сөзбен айтқанда профилактикалық жұмыстар жүргізілмеген. Жол-көлік қылмыстарының салдарынан да азаматтар зардап шегуде. Өткен жылы аудан көлемінде 24 жол көлік оқиғасы орын алып, одан 45 азамат зардап шеккен, оның ішінде 4 (төрт) жасы кәмелетке толмағандар бар. Осы оқиғалар салдарынан өкінішке қарай 13 азамат қаза болды. Ал спирт ішімдігін ішкен мас күйінде автокөлік басқарған 27 жүргізуші анықталып, олардың барлығына қамау түріндегі әкімшілік жазалар қолданылып, ұзақ мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Мысалы, 30.12.2021 жылы сағат 18.00-де Ж.Е. есімді азамат масаң күйде өзінің басқаруындағы «Daеwoo nexia» маркалы автокөлігімен И.Тоқтыбаев көшесінің бойында жаяу жүргінші Р.Ж.-ны қағып, алған дене жарақатынан жәбірленуші ауруханада қайтыс болды. Бұл жол көлік оқиғалары бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтарды болдырмау және жүргізушілердің жекелеген жауапкершілігін арттыру бағытында әлі де белсенді жұмыс жүргізілу қажеттігін білдіреді.

– Соңғы кезде тұрғындар арам ниетті алаяқтардың алдауына түсіп, қолдағы құнды дүниелерінен айырылып қалуда. Аудандағы алаяқтық қылмыстар туралы ақпарат берсеңіз.

– Дұрыс айтасыз, азаматтардың қаржыларын, мүліктерін алаяқтық жолмен иемдену қылмыстары біздің ауданда да көбейгені алаңдатады. Өкініштісі, халықты алдау арқылы оңай олжа табуды көздеген алаяқтар саны күн санап өсуде. Алаяқтар әр түрлі айла-тәсілдер ойластырып, оның ішінде төмендетілген пайызбен немесе тиімді жағдаймен «несие алып беру», «ұялы телефонды қоңырау шалу үшін сұрап алу», «жер учаскесін рәсімдеп беру», «жұмысқа орналастыру», «қосалқы бөлшектерді сату», «интернет-саудамен заттар жеткізіп беру» секілді құйтырқы әрекеттермен байланысты болса, енді бір түрі «кезектен тыс пәтер алып беремін» деп алдау қылмыстары тамырын кеңге жайған. Біздің мақсат – өсім алған қылмыстармен  күресіп, олардың зардаптарын жою ғана емес, алдағы уақытта осы қылмыстарды болдырмау үшін нақты іс-шаралар белгілеу. Сондықтан аудандық прокуратура аудан тұрғындарымен кездесіп, алаяқтардың арбауына түспеуі үшін профилактикалық ісшараларды ұйымдастыруға басымдық беруде. Атап айтқанда, мемлекеттік мекеме ғимараттарының жанында алаяқтықтан сақ болу тақырыбында жадынамалар жабыстырылып, аудан тұрғындарына таратылды. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде мақалалар жарияланып, кент орталығында билболд ілінді. Осы орайда аудан тұрғындарын тек ресми органдардың ақпаратына сенуге, алаяқтардың арбауынан сақ болуға шақырамын.

– Енді сала жұмысындағы жаңашылдықтарды, басым бағыттарды білсек.

– Өзіңізге белгілі, прокуратура органдарының жұмысы өте ауқымды. Мемлекет басшысының қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу туралы тапсырмасы аясында өткен жылы Бас Прокурор Ғизат Нұрдәулетов пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қызылорда облысына келіп, прокуратура және полиция органдарының басшыларымен кеңес өткізді. Жиында жаңа форматтағы жұмыстың аралық нәтижелері айтылды. Атап айтқанда, бүгінде прокурорлардың күдікті деп тану, іс-әрекетті саралау, мерзімдерді үзу және қылмыстық істі тоқтату туралы заңсыз шешімдерге ден қоюының жеделдігі артты. Жалпы қылмыстық процестің үш буынды моделінің басты міндеті – азаматтардың құқықтарын қорғаудың және сотқа дейінгі іс жүргізудің сапасын арттыру болып табылады.

Өткен жылдың басынан қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту бағытында полиция, прокуратура және сот органдары арасында өкілеттіктерді нақты бөле отырып, қылмыстық процестің үш буынды моделі қолданысқа енгізілді. Енді прокурор қылмыстық процестегі негізгі шешімдерді келіседі немесе бекітеді және прокурордың келісімінсіз немесе бекітуінсіз шешімдердің заңды күші болмайды. Мұндай шешімдердің қатарына адамды күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, сондай-ақ қылмыстық істі, қылмыстық қудалауды толық көлемде немесе бір бөлігінде тоқтату туралы процестік шешімдерді бекіту, қылмыстық теріс қылық туралы хаттама және бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы жатады. Негізгі шешімдерді прокурорлардың келісуі және бекітуі тергеу процесін ашық етіп, ол бойынша нақты мерзім ішінде тиісті шешім қабылдануына оң ықпал етеді. Өз кезегінде бұл процесс азаматтардың қылмыстық істер бойынша сергелдеңге салынып, әуре-сарсаңға түсуінің алдын алса, сәйкесінше олардан түсетін арыз-шағымдарды болдырмауға септігін тигізеді. Қылмыстық процестегі бұл жаңа жүйе тараптардың тең құқықтылығын, олардың қылмыстық процестегі жарыспалылығын, сондай-ақ азаматтардың қылмыстық іс жүргізу жүйесіне сенім деңгейін арттырады.

Бүгінде аудандық прокуратура пробация есебіндегі және қылмыс жасауға бейім адамдардың тізімін жасақтап, олармен үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Қылмыстық істердің тергеп-тексеруін электронды нысанда жүргізу де өз тиімділігін көрсетуде. Бұл барынша ашықтықты қамтамасыз етіп, тергеушінің, прокурордың және соттың жұмысын бағалауға мүмкіндік бере отырып, дәлелдемелерді бұрмалау, заңсыз шешімдер шығарудың жолын кеседі. Электронды жүйені дамыту мақсатында іске асырылып келе жатқан «Электронды қылмыстық іс жүргізу» институтының Сырдария ауданы полиция бөлімінде қалыпты жұмыс істеуіне бірлескен кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта электронды істердің тергеп-тексерілуі 100%ды құрайды.

– Прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижесін білсек.

– Ауданда прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижесінде мемлекет пайдасына 21 млн теңге өндірілсе, барлығы 11 123 адамның құқықтары, оның ішінде 2780 тұлғаның конституциялық құқықтары қорғалды. Қазақстан Республикасының Президенті жергілікті әкімдіктермен жайылымдық жерлерді тұлғаларға табыстау, заңнаманы бұза отырып табысталған жерлердің заңдылығын және пайдаланылмайтын жайылымдарды анықтап, мемлекетке кері қайтару арқылы жаңа шаруашылық қызметке тарту жөніндегі нақты тапсырмалар берді. Осы бағытта игерілмей жатқан жалпы көлемі 4656 га құрайтын 26 жайылымдық жер учаскелері мемлекетке кері қайтарылды. Соның негізінде 86 га құрайтын 665 жер учаскелері бойынша оларды иеленушілер тарапынан тиісті мал сандары тіркеліп, азаматтар жерді мақсатты игеруге кіріскен.

– Сұхбатымызды елде қаңтар айында орын алған оқиғалар туралы ойыңызбен қорытындыласақ.

– Отанымыздың әрбір азаматы үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Қаңтар айындағы оқиғалар барысында Президент батыл әрі сындарлы шешімдер қабылдады. Қазір елімізде Президенттің «Жаңа Қазақстан құру» бастамасы іс жүзінде жүргізілуде. Ал жаппай тәртіпсіздіктерге, ғимараттардың бүлінуіне, адамдардың өліміне әкеліп соққан оқиғалар бойынша әлі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондықтан қорытындысын күтеміз. Ең бастысы, прокуратура органдары қылмыспен күрес тиімділігін арттыру және азаматтардың конституциялық құқығын қорғау мақсатында жұмысты жалғастыра береді.

– Сұхбатыңызға рақмет, жұмыстарыңызға жеміс тілеймін!


Сұхбаттасқан
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
05 ақпан 2022 ж. 621 0