ҰБТ тапсыруда жаңашылдық енді
Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов биыл ҰБТ-ны тапсыру кезінде енгізілетін жаңа тетік туралы айтты, деп хабарлайды baq.kz.
Бұл - жыл сайын дәстүрлі форматта өткізілетін тестілеу. Биыл оны ақпан айының соңына дейін жалғастырамыз. Өтініш білдірген барлық азамат осы тестіні тапсырып үлгеруі керек. Бұл міндетті грантты алуға бағытталған тест емес, оны кейбір азаматтарымыз дайындық ретінде қарайды. Басқалары университетке ақылы түрде түсу үшін таңдайды. Қалай десек те, бұл тестілеу түлектеріміз үшін маңызды. Сол себепті осы жұмысты тиісті деңгейде жүргізуіміз керек. ҰБТ-ны биыл да электронды форматта өткізуіміз қажет, - деді бас ұстаз.
Министр ҰБТ-ны өткізу кезінде ашықтық пен әділдік қағидаттарының сақталуы маңызды міндет екенін атап өтті.
Биыл жаңа тетіктер енгізіледі. Оның ішінде қосымша камера болады. Енді бір тестіленушіге бір камера емес, 2 камера қойылады. Бір камера талапкердің тест тапсыру барысын қадағаласа, екінші камера тестіленушінің отырғанын не отырмағанын суретке түсіріп, анықтайды. Тестілеудің басынан аяғына дейін басқа адам емес, тесті тапсырушының өзі отырғанын бақылайды. Яғни Face ID функциясы бар арнайы камера болады. Сондықтан осы жоспарларды тиісті деңгейде орындау қажет, - деп тапсырма берді министр Асхат Аймағамбетов.