Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тегін дәрі-дәрмек: Кімдерге, қалай беріледі?

Тегін дәрі-дәрмек: Кімдерге, қалай беріледі?

Еліміздің әрбір азаматы тегін медициналық көмек алуға, дәрілік заттармен медициналық мақ­сат­тағы бұйымдармен қамтамасыз етілуге құқылы. Алайда тегін көмек бәріне берілмейді. Әрбір аза­маттың дәрілерді тегін және жеңілдікпен алуға мүмкіндігі бар. Мемлекет тарапынан бөлі­нетін тегін дәрі-дәрмектер диспансерлік есепте тұратын науқастарға беріледі. Осы ретте көпті толған­дыратын сауалдарға аудандық аурухананың дәріхана меңгерушісі, провизор Бақыт Шакирова мен аудандық емхананың жалпы тәжірибелік  бөлімі  меңгерушісі, дәрігер Азиза Қозбағаровамен сұх­бат­тасқан едік.

– Бақыт Аманкелдіқызы,  ауданда тегін дәрі-дәрмек ала­тын науқастар үшін нақты ақпарат қажет. Жалпы, науқас­тарға қандай аурулары бойынша тегін  дәрі беріледі?

– Аудандық емханада тегін медициналық көмектің кепілден­ді­рілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тегін дәрі-дәрмекті жекелеген аурулары және жай-күйлері бар диспансерлік есепте тұратын науқастар алады. Оларға жыл бойына дәрігердің тағайындауымен тегін дәрі-дәр­мек мемлекет тарапынан беріледі. Атап айтар болсақ, қан айналым жүйесі ауруларына, ас қорыту, қант диабеті, сүйек-бұлшық ет жүйесінің және дәнекер тін аурулары, жүйке жүйесінің аурулары, мінез-құлық және психика жүйесіндегі ауытқулары бар науқастарға және паллиативтік көмекпен тегін дәрі-дәрмектер қаралған. Сонымен қатар жұқпалы және паразиттік аурулардың кейбір түрлері, ісіктер, тыныс алу органдарында кездесетін аурулар, ағзалар мен тіндерді ауыстыру операциясынан кейін несеп-жыныс жолдарында кездесетін аурулар алады. Қант диабетімен ауыратын науқастарға қосымша медициналық мақсаттағы бұйымдар: қалам-шприцке ар­нал­ған инелер, нәжістегі кетондық денелерге арналған тест жо­лақ­шалар, инсулинге арналған таңбаланған бір реттік шприцтер, қандағы глюкоза мөлшерін анықтайтын тест жолақтары тегін бе­ріледі.

– Азиза Әділбекқызы, дәрі-дәрмекті қалай тегін алуға болады?

–  Белгілі бір ауруға шалдығуына байланысты диспансерлік есепте тұратын азаматтар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Ең алдымен, науқас емханаға тіркелу керек. Содан соң анализдер тап­сырып, диагнозы расталған соң диспансерлік есепке тұрады. Нау­қасты емдейтін аймақтық дәрігер науқасқа тағайындалған дәрі­лік затқа рецепт береді. Рецепт арқылы, науқас жеке басын куәлан­дыратын құжатын көрсетіп, емханада тегін дәрілік заттар босататын дәріханадан алып, қамтамасыз етіледі. Айта кету керек, амбулаторлық деңгейде қамтамасыз етуге берілетін тегін дәрілер халықаралық патенттелмеген атаулармен сатып алынады. Мысалы, халықаралық патенттелмеген атауы – ацетилсалицил қышқылы болса, тауарлық атаулары – тромбопол немесе ас-тромбин.
– Бақыт Аманкелдіқызы, ауданда амбулаторлық дең­гейде науқастарды дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз ету мақсатында қызмет көрсету жүйесі қалай қалыптасқан?

– Жыл сайын үшінші тоқсанда аудан науқастарын уақытылы дә­рілік заттармен қамтамасыз ету мақсатында дәрілік заттарға алдын ала өтінімдер жинаймыз. Жауапты дәрігерлермен науқастардың жекелеген аурулары және жай-күйлері  бойынша бір жылға  әзірленген науқастардың дәрілік заттарына қажеттілік көлемдері бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС-нің  ЕФИС порталына салынады. Біздің ауданға 2022 жылға 272 миллион 977 мың теңге көлемінде лимит берілді. Осы қаржы көлеміне сәйкес бірыңғай дистрибьютор «СК Фармация» ЖШС-на тапсырыс берілді. Қазір өте тиімді бірыңғай дистрибьютордың ЕФИС деп аталатын бағдарлама арқылы жұмыс істейміз. Дәрілер ай сайын кестеге сәйкес жеткізіледі. Келген дәрілер уақытылы қабылданады, ол арнайы емхана жанындағы дәріханадан босатылады. Аудандық емхананың кіреберісінен бастап арнайы бағдарлы белгімен дәріханаға баратын жол көрсетілген. Сол арқылы науқас дәріхананы жылдам тауып бара алады. Емхана ғимаратының бірінші қабатында халыққа көрінетін жерде тегін босатылатын дәрілік заттардың тізімі ілінген. Қаңтар айының 19 жұлдызынан бастап емхана дәріханасына нақты сатып алынған дәрілер жеткізіліп, науқастар дәрілерімен қамтамасыз етілуде.
  Айта кететін жағдай «СК Фармацияның» бағдарламасына сәй­кес жаңадан тіркелген науқастардың ауру түрлеріне байланыс­ты науқастарға дәрілер қажет болған жағдайларда, науқастардың жа­ңадан тіркелгендігі туралы мәліметтер, дәрігерлік тағайындаулары облыстық денсаулық сақтау басқармасы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жолданады. Қосымша өтінімдерге келісім алысымен, тез арада дәрілік заттарға тапсырыстар порталға енгізіліп, көп ұзамай дәрілер жеткізіліп, науқастар уақытында қам­тамасыз етіледі.

– Азиза Әділбекқызы, елімізде эпидахуалға байланыс­ты дәрілер тізімінде өзгерістер бар ма? Коронавируспен нау­қастанғандар тегін дәрі-дәрмек ала алады ма?

– Қазіргі таңда коронавирусқа байланысты дәрі-дәрмектер тегін беріледі. «Ковид–19» атауымен босатылатын дәрілердің 4-5 түрі бар. Олар стационарда емделген, реабилитациядан ем алғандарға рецептімен тегін беріледі.

Эпидахуалға байланысты емхана жанынан мобильді топ құ­рылған. Науқастарды үй жағдайында барып көреді. Ауруханаға жат­қызу қажет болса жатқызылады, орташа, жеңіл дәрежелі, симптомы жоқтар үйде емделеді. Симптомына байланысты дәрі алу керек болса, дәрі тегін босатылады.

– Бақыт Аманкелдіқызы, биыл арнайы дәрі-дәрмекке ар­налған тізімде өзгерістер бар ма?

– Осы уақытқа дейін науқастарға дәрілік заттар ҚР ДСМ №666 бұйрығының тізбесіне сәйкес берілсе, 2021 жылдың 5 тамызында бұйрық № 75 болып өзгеріп, дәрілер тізіміне өзгерістер енгізіліп, сирек кездесетін орфандық ауруларға берілетін дәрілер енді. Сирек кездесетін аурулар бойынша науқастар қажетті дәрілерін сатып алмайды. Жыл сайын диспансерлік есепте тұратын сирек кездесетін аурулары бар аудандағы 5-6 науқасқа, қажетті дәрілеріне облыстық денсаулық сақтау басқармасына алдын-ала тапсырыстар жолданып, ай сайын науқастардың қамтамасыз етілуіне жағдай жасалған.

Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ

29 қаңтар 2022 ж. 847 0