Қанағат
Сыр бойына белгілі қаламгер Оразбек Мақсұтұлының шығармашылығын насихаттап жүрген тектінің тұяғы Берік Оразбекұлы жақында әлеуметтік желідегі жеке парақшасына «Қанағат» атты портреттік эссе жариялады. Көзге оттай басылған туындыға ауданымыздың тумасы, Сыр руханиятының абызы атанған Ахат Жанаевтың өмірі мен өнегелі істері арқау болыпты. Сонау 2009 жылы жазылған туындыны оқып, тұлғалардың тағылымды тағдыр жолын насихаттамақ ниетте оқырман қауым назарына ұсынуды жөн көрдік.
Кей-кейде өз ойыңмен оңаша отырып, өткен-кеткен күндерді, шуақты шақтарыңды жүрегінің жылуын аямаған ағалардың аялы алақанын аңсайсың. Бәрі де күні кешегідей еді. Артыңа қайырылып қарасаң, жылдар легі ұзап барады. Қаншама адаммен таныс-біліс, тұздас-дәмдес, қызметтес, әріптес болғаның жадыңда жаңғырса, аса бір аяулы сезіммен сүйсініс білдіресің.
Әрбір басқан қадамынан, әрбір лебізінен өзіңе әрі өзіне деген құрметін сездіретін Ахаң – Ахат Жанаевпен осыдан 30 жыл бұрын жүздескен екенбіз. Ол кісі республикалық радионың аймақтағы меншік тілшісі, қарымды қаламгер болса, мен Сырдария аудандық радио хабарын ұйымдастырушы қызметіне енді кіріскен едім. Аптасына екі мәрте облыстық радиокомитеттің студиясына келіп, жарты сағаттық хабар дайындаймын. Сол арада Ахаң мені баласынбай-ақ бөлмесіне шақырып, пікір бөлісетін, кеңес беретін. Құймақұлақ болмасақ та, әңгіме ауанында айтыла беретін ақыл-кеңестің дені өмір соқпақтарында әжетке жарады. Ол кісі «Радио нәзік жанр ғой» дегенді жиі қайталайтын. Көп ұзамай менің әріптес болатынымды тап басқандай еді.
1984 жылы аяқ астынан радио журналист болып шыға келдім. Ақын Қази Данабаев екеуміз бір күнде комитеттің төрағасы Жақсылық Бекхожаевтың қабылдауында болып, қызметке орналастық. Қай жұмыстың болмасын алғашында қызығы мен шыжығы қатарласып жатады. Көбіне орыс тіліне шорқақтығымыз тобықтан шалады. Кеңестік дәуірде лездеме көбіне орысша өтеді. Одан әрі айлық, тоқсандық, жылдық жоспарлар осылайша даярланады. Қызмет қызметімен, бізді қинайтыны осы жайлар болды. Көбіне Ахаңа жүгінеміз, бөлмесінен шықпаймыз. Ағамыз да жайма-шуақ, шаршамайтын кісі ғой. Тәптіштеп түсіндіріп, жалықпай үйретеді. Орысшасына құрық бойламайды екен деп жүрсек, ол кісі екі тілді журналист болып шықты. Арасында әзіл-қалжыңнан да құр алақан емес. Көбіне Қазимен сөзі де, әзілі де жарасады.
Өзіміздің Қазекең,
Хабарына мәз екен.
Қазақшасы жетерлік,
Орысшасы аз екен, – деген шумақ та осы жылдары өрілген еді. Мұндай бірқақпайлар көптеп кездеседі. Ахаңның назарына түсіп қалмайын дегендер аяғын аулақ салады. Радиокомитетке Батырбай деген жүргізуші жаңадан жұмысқа тұра қалды. Көлігі де ескі, өзі де мәнді маман болмаса керек. Күндердің күнінде ағамыздың «қаһарына» ұшырады.
Әй, Батырбай, Батырбай,
Бұтыңдағы шалбарың ақ шатырдай.
Көлігіңе көк жөтел тиіп,
Жетекке ермей қатырды-ай.
Бұл арнаудан кейін батырың дәлізбен абайлап өтетін болды. Көзге түспеудің амалы ғой.
Сол бір күндерде біріміз аға, біріміз іні болып, алаңсыз жүре берген екенбіз. Бүгінде біз елуді еңсеріп тастасақ, Ахаң жетпіс беске, қарттықтың қия шыңына қадам басыпты. Таныстық басталғалы отыз жыл отыз күндей болмай өте шығыпты. Мәйін мінезінен, тумысындағы қанағатшылдығынан ешкімнің алдына бара бермейді, мазасын ала бермейді. Ұмыттырмайтын ағайындармен жиі жүздескенімізбен, адамгершілігін, асыл қасиеттерін бәрінен биік қойған жанның жаратылысы жүрегіңе жылы бір шуақ құятынын сәт сайын сезінесің.
Кейінірек біліп жүрміз, журналист Ахат Жанаевтың өмір жолы тақтайдай тегіс емес екен. Сонау 1937 жылдың зобалаңында, үш жасында әкеден тірідей айырылған. Түстік облыстарда өндіріс жетекшісі қызметін атқарған Әбжаппар Жанаев Әулие ата қаласында ет комбинатының директоры болып жүргенінде қуғын-сүргінге ұшырап, қамауға алынады. Көп ұзамай соғыс басталып кетеді. Жетімдіктің зарын тартып жүргенде, 1942 жылдың мамырында «Вололаг» лагерінде әкесі қайтыс болады. Анасы Айткүл осы күйіктен сырқатты болып, 1948 жылы дүниеден өтеді. Екеуі де 39 жасында бақилыққа аттанған. Тетелес ағасы Нұрхан екеуі ғана қалады. Ол кісі қазірде Алматыда тұрады, қазақтың белгілі ақыны.
– «Көргеніңнен көрмегенің көп екен» дегендей, ащы-тұщыны татып жүргенде 1957 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірдім, – деп еске алады Ахаң. – Үш-төрт жыл Тереңөзекте ұстаздық еттім. Тіл маманымын. 1961 жылдан облыстық радиокомитетте редактор болып, бір жылдан кейін Алматы жоғары партия мектебінде оқыдым. Менің республикалық радиоға меншікті тілші болуыма қазақтың зиялыларының бірі әрі бірегейі, «Ленин жолы» газетінің сол кездегі редакторы Ұзақ Бағаев ықпал жасады. Сол тұста радиокомитет басшыларының аймақтық кеңесі өтіп, оған республикалық комитеттің төрағасы Кенжеболат Шалабаев қатысты. Ұзекеңмен сыйлас жан екен. Әңгіме арасында қазақ радиосына жергілікті жігіттерден екі тілді жетік меңгерген тілші қажет екендігі айтылады. Ұзекең ойланбастан мені ұсынады. Сөйтіп, сол сапарында Кенжеболат Шалабаев мені Алматыға ала кетті. Осылайша жүрек жылуы мол, асыл ағаның бірауыз лебізі менің тағдырыма өзгеше әсер етті. Мен ардақты ағаның сенімін ақтауға бар күш-жігерімді жұмсадым. Өмірімнің өзегіне айналды десем де болады.
Ахат ағаның бөлмесіне қай кезде барсаң да, магнитафонмен жұмыс істеп отырады. Фонотекасында Сыр өңіріндегі даңқты еңбеккерлердің барлығының дауысы жинақталған. Қажетіңіздің бәрі табылады. Радиожурналистерді шаршататын «жанды дауыстар» екенін осы саланың майын ішкендер жақсы біледі. Кімнің дауысын сұрай барсаң да ол кісі бәлсініп жатпайды. Тіптен өзі көшіріп те береді. Осы «жанды дауысқа» қатысты небір әзілге бергісіз әңгімелерді естіп жататынбыз. Соның бірін Ахаң өзі айтып отыратын. Облыстық радиода кейіннен белгілі жазушы болған Сейітқұл Оспанов қызмет істейді. Мал төлдету маусымынан репортаж дайындау керек болып, Жақсылық Бекхожаев тілшісін Қазалыға аттандырады. Сейітқұл еңкілдеп жетіп келсе, малды ауыл жайлауға көшіп кеткен. Ол мамандардың дауысын жазып алғанымен, жаңа туған қозылардың у-шуын қайдан аларын білмей кідірістейді. Қызылордадағы жігіттер «Міндетті түрде керек» деп шегелей түседі. Сонан бір күндері Сейітқұл да сапардан оралады. Келгесін Ахаң «Құдай-ау, қозылардың дауысын менен-ақ жазып алмадың ба?» десе, інісі «Төраға біліп қоятын шығар деп ойладым», деп қарап тұр. Күлесің бе, жылайсың ба?
Қаламгер аға Сыр еліндегі небір саңлақтарды республика тыңдарманына таныстырған мен едім, Сыр термелерін еліміз радиосының алтын қорына жаздырдым деп мақтангершілік жасамайды. Ал енді қобызшы Соқыр Нышаннан Қорқыттың 12 күйін жазып алуы ерлікке бара-бар. Ахаң бұрыннан бұл кісімен таныстығы болса да, Қорқыт күйлерін білетінін естіп, қайран қалады. Бірақ көп уақыты қобыз іздеумен өтеді. Ақыры фольклоршы ғалым Мардан Байділдаевқа сауын айтуға тура келеді. Сонан музыка зерттеушісі Болат Сарыбаевтан көне қобыз сұрап әкеліп, бабаның «Желмаяның желісі», «Әупбай, Әупбай», «Ұшардың ұлуы», «Бәшбай», тағы басқа күйлерін үн таспаға түсіреді. Қазір бұл асыл қазыналар Ұлттық академияның алтын қорында сақтаулы.
1994 жылы зейнеткерлік жасқа толса да, қызметін жалғастыра берер ме еді, телерадиокорпорацияның жаңа басшысы Ләйла Бекетова коммерциялық хабарлар дайындауға тапсырма береді. Ахаң 35 жылдан бері аралас-құралас жүрген ауылдағы ағайындардың қайсысына алақан жаяйын деген оймен өзі өтініш беріп, зейнетке шығады.
Асыл мінезді ағамыз партия мектебінде оқып жүргенде, 1964 жылдың көктемінде Мәскеуде бүкілодақтық радиода өндірістік практикадан өткенін үлкен әсермен ойға алады. Әйгілі дикторлар Юрий Левитан, Ольга Высоцкая, тікелей эфирдің хас шеберлері Константин Ретинский, Юрий Арди, Михаил Трегубовтардан дәріс алғанын мақтан тұтады. Бұдан әрі тілшілік қызмет барысында республиканың бірінші басшысынан қарапайым шаруаға дейінгі жандар жайлы хабарлар әзірлегені, көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болғаны өмір жолындағы белестер. Зейнетке шыққаннан кейін қол қусырып отырмай, «Сыр мектебі», «Ақмешіт апталығы» газеттерінде қалам қарымын байқатты. «Бұқарбай батыр», «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат», «Арысы едің Алаштың» кітаптарының авторы. Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақ радиосы мен теледидарының үздігі.
«Ынсап етсең, береке жауады», деп отыратын атам әрдайым. Ахаңмен жүздескен сайын осы бір асыл сөз ойға орала береді. Шығармашылығымен қатар ұлды ұяға, қызды қияға ұшырып, немерелерін сүйіп отырған ағамыз өте қанағатшыл жан. Қай кезде көрсең де аспайды, таспайды, бір жүрісінен танған емес. «Қанағат» деген бір ауыз сөздің өзі азаматтың ажарын ашады екен-ау...
Оразбек Мақсұтұлы,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,
24.06.2009 жыл.