Кәсіптің көзін тапқан
Жұмыстан кешке қайтқанда жолшыбай кезіккен көліктерге мінемін. Содан кеш болса батып кетті, далада қаңтар өзім қатты тоңып қалдым. Көптеген көліктер тоқтамай өтіп кетті. Арасында үлкен жүк көліктері өткенде жолдың жиегінде тұрған мені ұшырып әкететіндей көрінеді. Бір кезде жүйткіп өтіп жатқан көліктердің бірі келіп тоқтады. автоКөлікке мініп, күре жолмен ауылға қарай бет алдық.
Өзін Қоғалыкөл ауылының тұрғыны деп таныстырған жас жігіт жеке кәсіппен айналысатынын айтты. Айналысып отырған кәсібі туралы айтып бергенде «ішімнен бәрекелді» деп қуанып қалдым. Осылайша, мен діттеген жеріме жетіп, жолай түсіп қалдым.
Елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік мол екені белгілі. Сол себепті де өз шаруасымен айналысып жүрген қоғалыкөлдік жас кәсіпкердің жұмысын насихаттауды жөн көрдім. Содан Қоғалыкөл ауылдық әкімдігі арқылы жас жігітпен байланысқа шықтым.
Жұмыс жоқ деп масыл болғанша қолдан келетін кәсіппен айналысу табысқа жетелейді. Кәсіптің көзін тапқан Жәнібек Алтынбеков осыған мысал бола алады. Ол ерекше кісіпке ден қойған. Мұндай кәсіп ауыл тұрмақ ауданда жоқ әлі. «Ветеринариялық қызмет көрсету орталығын ашу» жобасы арқылы кәсібін дөңгелетіп отыр.
Ж.Алтынбеков – Қоғалыкөл ауылындағы Сабырбек Құрманбаев пен Бакарам Тамабаеваның тұла бойы тұңғышы. Отбасында өзінен кейін інісі Әлібек бар. Ауылдың құмында асыр салып ойнаған жас жігіт болашақта кәсіпкер боламын деп те ойламаған. №44 орта мектептен білім алған ол тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін Қызылорда қалалық жоғары медициналық колледжінде білім алады. Колледжді тіс дәрігері мамандығы бойынша тәмамдаған болашақ кәсіпкер аудандық емханада жастар практикасымен жұмыс жасағанын да жасырмады. Бірақ білімі жоғары болмаған соң жұмыс табуда қиынға соғарын біліп, өзіне қыр-сыры мәлім мал бордақылаумен айналысуды жөн көрген.
– Біз кішкентай кезімізден мал бағумен айналысып келеміз. Бала күнімізде үйде уақ мал ұстайтынбыз. Кейін уақ малдың басын көбейткен соң оларды сатып орнына ірі қара алдық. Оларды өсіріп бағып, семіртіп сойып сатып, ақшасына базардан тай алып бағып осылай кішігірім кәсіппен айналыстық. Адам бірден кәсіп бастап кәсіпкер болып кетпейді. Бұл жолда маған үлкендердің қолдауы көп болды. Бірі кәсіптің көзін үйретсе, енді бірі жаңа іске баулыды. Сол кісілерге алғысымды айтамын, – дейді Жәнібек Сабырбекұлы.
Жас кәсіпкер 2017 жылдан бастап мал бордақылаумен айналысып келеді. Осы кәсібін әрі қарай жандандыру үшін өткен жылы «Бизнес бастау» жобасы аясында мемлекеттен 583400 теңге көлемінде грант ұтып алып, кәсібін кеңейте түскен. Ол өзінің ізденімпаздығының арқасында 2021 жылдың қыркүйек айында тағы бір жас кәсіпкерлерді қолдау, кіші кәсіпкерлікті дамыту және өндірісті арттыру мақсатында жасалған инновациялық жобаға қатысып, онда ұсынған жобасы бірауыздан мақұлданады. Жобаның қаржыландырылуы 2-5 миллион аралығында болған. «Ветеринариялық қызмет көрсету орталығын ашу» және өз қаражатынан ветеринариялық дәріхана ашу жобасымен өзі білетін салаға ден қойған. Аталған жоба комиссия мүшелерінің көңілінен шығып, қолдауға ие болады. Талабы таудай жігіттің жобасына 3 млн 400 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, өзі 340 мың теңге қосымша қаражат қосып, жұмысқа білек сыбанып кірісіп кетеді.
– Негізінен, менің мамандығым – тіс дәрігері. Інім Әлібек Алтынбековтің мамандығы – мал дәрігері. Бұл жобаға қатыспас бұрын ініміз екеуміз үлкендермен көп ақылдасып, бірігіп жұмыс жасаудың кілтін таптық. Әуелі інім екеуміз есік алдына кәсіпкерлік мақсаттағы екі бөлмелі нысан салдық. Оның ішін қажетті саймандарымен жабдықтап, жан-жануарлар дәріханасын ашуға дайындадық. Ауылда барлығының қорасында дерлік мал бар. Ірілі-ұсақты мал бағумен айналысатын ауыл халқына енді аудан, облыс орталықтарына барып малға қажетті дәрі-дәрмек түрлерін алудың еш қажеті жоқ. Керекті дәрілер біздің ветеринарлық дәріхананың сөрелерінен табылады. Онымен қоса, қазір жоба аясында ультрадыбыстық зерттеу және рентген аппараттары мен қажетті құрал-саймандарымды алып жұмыс жасаудамыз. Аппараттарды көршілес Қытай елінен арнайы алдырдық. Ауылда бұрын-соңды мұндай аппарат болмағандықтан малдың буаз екенін білмей, көбісі ет бағытында сойылып кететін. Көбіне өзіміз қаралу үшін ультрадыбыстық тексеруге ауданға, облыс орталығына баратынымыз белгілі. Енді сондай құрылғының жан-жануарларға арналған түрінің ауылға келгені көпшіліктің таңданысын тудырғаны рас. Малдың буаз екенін білмей сойып ішінен баласы шыққанда көбіміз «қап, әттеген-ай» деп қаламыз. Сол «қап, әттеген-айдың» алдын алу үшін осы жобаны ұсындым. Қазір ауыл халқы малды бордақыламас бұрын алдын ала буаз емес пе деп тексертіп алатын болды. Бұл қажеттіліктен туындаған жоба, – дейді жас кәсіпкер.
Қазіргі уақытта қоғалыкөлдік кәсіпкердің жасап жатқан кәсібі көпшілік көңілінен шығуда. Ол өзінің бұл саламен тоқтап қалмайтынын, болашақта кәсіптің басқа да салаларын бағдарлап, қолдан келгенше айналысып көретінін айтты. Мұндай ерекше жобалар, тыңнан ашылған кәсіптер бірден қолдау табатыны айқын. Сондықтан да жас кәсіпкер кәсібіне береке берсін деп тілейміз.
Айдана ҚАЛИЕВА