Сансызбай СӘДУАҚАСОВ, ҚР «Білім беру ісінің үздігі», «Мәдениет саласының үздігі», «Сырдария ауданының құрметті азаматы»: Бақыттың кілті – еңбекте
«Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез» екенін дана халқымыз дәріптеп кеткен. Өмір қағидаттары арқылы дұрыс бағытта жүре білген адам ешқашан жаңылыс баспайды. Айналасындағы сан түрлі оқиғадан сабақ алып, адами болмысты түзейді. Жалпы, тұлғаның дара қасиеттері айналысына өнеге мен тағылым береді. Бұл ретте, басылымның «Пруст сауалнамасы» айдары бойынша мәдениет саласының майталманы Сансызбай Сәдуақасовпен сұхбаттасқан едік.
– Сансызбай аға, адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Шын мәнінде, адамның басты қасиетеріне еңбекқорлық, ізденімпаздық, адамгершілік, мәдениеттілік, әсіресе кішіпейілділікті жатқызамыз. Қазақтың «Ұлық болсаң, кішік бол» деген даналығын естен шығармаған абзал. Кей кісілер қызметте көтеріліп немесе жоғарғы дәрежеден көрінген жағдайда кеудесін керіп, менсінбеушілікпен қарайды. Мұндайда мақтанқұмарлықтың шегі болуы керек секілді. Адами қасиеттердің ішінде кішіге қамқор болуды, бағыт-бағдар беру жоғары бағалаймын.
– Ер азаматтың басты қасиеті не?
– Біз «Отан – отбасынан басталатындығын» естен шығармауымыз керек. Әрбір азамат отбасына ие болуға тікелей міндетті. Бала-шағасының тәрбиесіне баса назар аудару бірінші кезекте тұрады. Отбасына қамқор болған ер азамат жақындарының қорғаны саналады. Негізінен, елжандылық пен патриоттылық ерлер үшін бойтұмар болып табылады. Ер азаматқа қойылатын талап та, міндет те көп. Еркек қай кезде өз тұғырынан түспегені жөн. Ер мінезділік қызметте, отбасында, көпшілік арасында сыналады. Турашылдықты айта отырып, менің бауырларым өз айналасына қайсарлығы мен қайраттылығын көрсетуі тиіс. Сөз тасығыштық пен жағымпаздық ер азаматқа тән емес қасиет. Жан-жақтылық, еңбексүйгіштік кез келген ерді алға қарай сүйрейді.
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– Біз бала кезімізден батырлар жырын, эпостар, аңыз-әңгімелерді жаттап өстік. Сондағы батырлардың образын сомдап, ержүрек болуға тырыстық. Малшы ауылдың балалары кешқұрым үлкендерге «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Рүстем-Дастан», «Манас» жырларын оқып береміз. Кейіннен Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романының кейіпкері Бауыржан Момшұлының қасиеттерін бойымызға сіңіре білдік. Қасым Қайсеновтың өшпес ерліктерін оқығанда рухымыз көтерілді. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының кейіпкерлері әлі де жадымызда. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы Еламан бейнесі көз алдымызда. Есейе келе негізгі мамандық мәдениет саласының әлемдік деңгейдегі майталмандарын оқығанда кәсіби тұрғыдан қызметімізге дағдыландық. Олар өмірлік азығымыз болды.
– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Бақыт дегеніміз – ауқымы кең ұғым. Еліміздің тыныштығын, отбасы мүшелерінің амандығын әркез тілейміз. Көзге көрінген балалардың бар жақсылығына ортақтасу керек. Ұрпақтарыңның мерейіңді тасытып, өмірде өз жолдарын таба білгені –нағыз бақыт. Өз мамандығың бойынша бір жетістікке қол жеткізудің өзі – зор абырой. Ұстаз ретінде мен оқытқан, тәлім берген шәкірттерім кәсібін шын ықыласпен қалап, биік белестерді бағындырса, ол да мен үшін бақыттың бір бөлшегі. Қолда барды бағалап, бақыттың кілті еңбекте екенін ұмытпайық.
– Ең басты кемшілігіңіз?
– Менің кемшілігім – көңілшіктігім. Көп жағдайда кісінің көңіліне қарап, әрекет етемін. Бұның жақсы жағы да бар. Көңіліне қарап, көмектескің келген кейбір адам сенім үдесінен шықпай жатады. Сондайда барлығына кешіріммен қараймын. Негізінде, кісіге артық сөз айтып немесе байқаусызда ренжітіп алған жағдайлар ойымнан біраз уақытқа дейін шықпайды. Өзіме қатысы жоқ болып, өзге біреулер бір-біріне қырын қарап жатса да көңіліме қатты әсер етеді. Болмашы дүниелерден туындайтын ұсақ-түйек мәселелердің шешімін ойша таба алмай қиналатыным да бар.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бос уақытымда ең алдымен балаларымның, немерелерімнің тәрбиесіне жеті көңіл бөлемін. Көпшілік Сәдуақасовтар әулетін аудан мәдениет саласының ажырамас бөлігі ретінде біледі. Сондықтан өнер жолында жүрген жақындарымның бойында жақсы қасиет пен мінезді қалыптастырсам игі.
Негізгі қызметімізден бөлек, ауыл шаруашылығымен айналысамыз. Өзім малшы ауылда ер жеткеннен кейін төрт-түлікті қолға ұстап, ата кәсіпті жандандырып келеміз. Балалардың несібесіне орай азды-көпті егін егіп, қыстық азығымызды жинап аламыз. Әке-шешем өте еңбекқор жандар еді. Үлкен кісілер салған жолмен адаспай жүріп келеміз. Бұдан бөлек, аудан көлемінде қоғамдық іс-шаралардың басы-қасынан табылып, кейінгі жастарға ақылымызды, өмірден түйгенімізді айтып отырамыз. Мұның өзі үлкендіктің белгісі болса керек-ті.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
– «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген даналық сөз бар. Мен өз мамандығымды нақты жаңылмай тапқан адаммын. Жас күнімнен жеті нотаның құдіретіне байландым. Әуенмен, әуезбен өмірімді байланыстырдым. Сондықтан өмірге екінші рет келсем де, музыкант, өнер адамы болуды қалайтын едім. Себебі, кішкентайымда ата-анама еріп, техника мамандығын қалағаныммен, тағдырым мені ән әлемімен тоғыстырды. Қайтадан өмір есігін ашсам, музыка саласын кең көлемде дамытуға күш салар едім.
– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Негізінен, сөзге шешен болуды қалаймын. Сол үшін ақыл кені – кітапты жан азығым санаймын. Біз секілді өнер адамдары үшін есте сақтау қабілетінің жүйріктігі маңызды рөл ойнайды. Айтылған дүниені есте сақтап, оны келесі бір адамға ұғынықты тілде, нақты жеткізе білуіміз керек. Осы жолда өнер адамына кітап жан серігі болуы тиіс.
– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
– Әрине, «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары». Туған жерімнің гүлденуі, дамығыны, ерекше қуаныш сыйлайды. Мен үшін туған жерім қымбат, бәрінен ыстық көрінеді. Мен ешқандай шетелде тұруды армандамаймын. Қайта туған өлкемнің өркендеуіне өз үлесімді қоссам бақыттымын. Ең бастысы, елдегі туындаған қиындықтарды еңсеріп, егемендігімізді сақтап қалу жолында ел болып жұмыла білейік.
– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Иә, көзіме кей уақытта жас аламын. Оңаша жалғыз қалғанда әке-шешемнің естеліктері, жарқын істері есіме түседі. Балалық шағымның керемет кездері көңілімді құлазытады. Уақытты кейінге шегере алмаймыз. Былтыр Мұратымнан қапияда айырылып қалдым. Перзентімнің көзі тірісінде жасаған іс-әрекеттері, кейбір қылықтары, азаматтық болмысы жадымнан кетпейді.
– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?
– Бәріміз қиял-ғажайыпқа беріліп, армандайтынымыз рас. Адамның ойы жүйрік. Алдын-ала тосыннан дүниелердің орындалуын қалаймыз. Кейде ойлаған нәрсеміз болмай жатады. Сондықтан ғайыпқа сене бермеймін.
– Егер өнертапқыш болсаңыз, нені ойлап табар едіңіз?
– Біздің бала кезімізде мүмкін емес жағдайлар орын алады десе, бәлкім сенбейтін едік. Күн өткен сайын әлем түрленіп, алысты жақындататын, теріскейдегі ағайынмен хабар алмасатын халге жеттік. Бұның барлығы өнертапқыштардың еңбегі. Кейде бір іспен шұғылданған кезде оңай шешімін табуға арналған ғажайып дүние тапсам деген ой көкейімізде тұрады. Дегенмен, өнертапқыштардың жұмысы мүлдем бөлек нәрсе.
– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Көптен бері қолға алу керек болған іспен айналысқан кезімде бойымда сенімсіздік пайда болады. Себебі, сенімсіздік тұрған жерде ісіңнен нәтиже күтпе. Түбегейлі барлығын зерттеп, зерделеп барып, жұмысқа зейін қойған дұрыс.
– Не нәрседен жиіркенесіз?
– Менің жиіркенетінім – адамдардың жағымпаздануы. Бір дүниеге қол жеткізу үшін біреуге жағымпаздану әбестік. Немесе қызметі бар лауазымды кісіні мақтап, мадақтап, алдында зыр жүгіретін адамдардан жиіркенемін. Сол мақтау сөздерді жүрекпен айтқысы келіп тұрған жоқ. Әйтеуір пайда тапсам деген ниетте айтады. Екіншіден, қызғаншақтық адамдардың арасына от салады. Қандай жағдай болмасын жетістікке қол жеткізген кісілерді көреалмаушылық – нағыз пасықтық. Үшіншіден, жақынына сатқындық жасаған адам оңбайды. Мұндай жандар өз абыройына нұқсан келтіреді. Таза ниетіне кір шалады. Мұның бәрі – адамдыққа жат қасиеттер.
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– Жиі айтатын сөзім адам өзіне қай уақытта сенімді болуы керек. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының:
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деген өлең жолдарын еш уақытта ұмытпаймын. Жанымдағы серіктеріме, жақындарыма, балаларыма әркез адам өзіне ғана сену керектігін айтып отырамын.
– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?
– Хакім Абайдан алатын үлгі-өнегеміз көп. Үнемі қара сөздерін оқып, адами қасиетке баулитын, мән-мағынасы зор сөздерін тереңнен ұғынамын. Қай сөзін алсақ та нағыз пәлсапалық ұғым бар. Мен оның барлық еңбектерін бөліп-жарып ала алмаймын. Оның өшпес мұрасын жоғары бағалаймын. Адамды тәрбиеге жетелейтін оның құндылықтары мәңгі өшпейді.
– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?
– Мектеп қабырғасында көп ақын-жазушылардың еңбегін оқыған болатынбыз. Ілияс Жансүгіровтің поэмаларын, Сәкен Сейфуллиннің, Қадыр Мырзалиевтің, Әбділда Тәжібаевтың өлеңдерімен сусындадық. Өзіміздің жерлес ақынымыз Асқар Тоқмағамбетовтің сатираларын сахналадық. Мұқағали Мақатаевтың шығармалары адамды тәнті етпей қоймайды. Қазіргі таңда Ұларбек Нұрғалым деген жазушының кітабын, Дүйсенбек Аяшұлының өлеңдерін оқып жүрмін. Қазіргі заманның ақын-жазушылардың барлығы мықты, қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздары.
– Қазіргі жастардың басты қателігі қандай?
– Кейбір жастар бір жетістікке жеткен жағдайда бір орында тоқтап қалады. Биік белестерді бағындырғаннан кейін әрі қарай іздене білу керек. Қабілетін тереңнен дамыта білуі қажет. Белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін тұралап қалмауы тиіс.
– Кісіге мүсіркеп қарауды қалай түсінесіз?
– Расында мүсіркеу деген сөздің өзі біреуді аяу, аянышты халіне төзе алмаушылық танытудан шығады. Шын мұқтаж адамға көмектескен дұрыс. Бірақ он екі мүшесі сау азаматтардың көпшілікке қол жайып, көмектесуін сұрауын аса құптамаймын.
– Сырдария ауданы Сіз үшін несімен қымбат?
– Алыптарға алтын бесік болған киелі Сырдария аудынында туып-өстім. Туған жерімнің табиғаты, әрбір талы, бұтасы, бір тамшы суы да қымбат. Киелі мекеннен ұлы тұлғалар шықты. Ауданымыздың қол жеткізген жетістіктерімен мақтанамыз. Жамандық атаулыға төзбейміз. Тек туған жер атын жақсы жағынан шығаруға тырысамыз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ