Мемлекет басшысын қолдау – азаматтық борышымыз
Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Елбасының рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Еліміз әлемге танылған еңселі елге айналса, бұл Тұңғыш Президенттің қажырлы еңбегімен тікелей байланысты. Кешегі қиын әрі күрделі кезеңде де Н.Назарбаев Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевпен тікелей байланыста болып, бірнеше консультативті кездесулер өткізді.
Апта ағымында ҚР Тұңғыш Президенті Қазақстан халқына Үндеу жасады. Елбасы өз үндеуінде биылғы жылдың халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақпен басталғанын атап өтті.
«2022 жыл халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталды. Баршаңызға мәлім, ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады. Соның салдарынан бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті. Қасіретті оқиға кезінде қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ» деген Елбасы мұндай қиын кезеңде Мемлекет басшысын қолдау – баршамыздың азаматтық борышымыз екенін айтты.
Өз үндеуінде Н.Назарбаев ендігі кезекте осы оқыс оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіс екенімізді атап өтті. Сондай-ақ, Тәуелсіздік жылдарында атқарылған жұмыстарға тоқталып, елдің бірлігінен асқан құндылықтың жоқ екеніне назар аударды.
«Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес. Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды. Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді. Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияда көш бастадық. Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді. Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас» деді Елбасы.
Жасыратыны жоқ, елде орын алған дүрбелең кезінде жұртшылық Елбасының қайда екеніне алаңдаған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де көптеген пікірлер жазылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай алаңдаған жұртшылыққа Елбасының елордада екенін мәлімдеген болатын.
«Елбасы Қазақстан астанасында, Нұр-Сұлтан қаласында. Қасақана жалған және екіұшты ақпарат таратпауды сұраймыз. Елбасы бірнеше консультативті кездесулер өткізіп жатыр және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен тікелей байланыста. Елбасы қазіргі сын-қатерлерді еңсеріп, еліміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін барлығын Қазақстан Президенті маңында жұмылуға шақырады» деп жазды Айдос Үкібай «Тwitter»-дегі парақшасында.
Ал «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бейнебайланыс режимінде өңірлік филиалдармен өткізілген жиналыс барысында Тұңғыш Президенттің ел тарихындағы рөліне арнайы тоқталып, әлеуметтік желілерде партия атына айтылып жатқан сындарға да жауап берді.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Күш – бірлікте!» деп барлығымызды ортақ мақсат жолында топтасуға шақырып отыр. Қазақ «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. «Nur Otan» партиясы ел бірлігі мен ішкі тұрақтылықты сақтау маңызды екенін үнемі айтып келеді. Партия ту еткен осы мәселелердің қаншалықты маңызды екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осындай қиын-қыстау кезде партия жұмысынан мін іздеп, «Парламент таратылсын, партия таратылсын» деген мағынада әңгіме таратып жүргендер бар. Мұны айтушылар – «Nur Otan» партиясы мемлекеттіліктің, елдіктің негізгі қоғамдық-саяси тірегінің бірі екенін мүлдем түсінбейтіндер. «Nur Otan» партиясы құрылғаннан бері Қазақстан мемлекеттілігін сақтау үшін, қоғам бірлігін бекем ету үшін жұмыс істеп келеді. «Ұлы істер үндемей бітеді» демекші, бұл – даңғойлыққа салуға болмайтын, көзге көрінбейтін істер. Сондықтан айтылған қисынды сынды көтере біліп, ал жүйесіз сөзге мән бермей, бел шешіп жұмыс істегеніміз жөн» деді ол.
Оның айтуынша, қазір Тұңғыш Президентіміз туралы да пікір айтушылар көбейген. Тарих безбеніне салсақ, кез келген оқиғаның, не тұлғаның рөліне бірыңғай оң не болмаса тек қана теріс деп баға беруге болмайды. Мысалы, Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік туралы да қарама-қайшы пікірлер көп. Бірақ, ол заманауи түрік мемлекетінің негізін қалаушы тарихи тұлға болып қала бермек.
«Өткенге баға беру әркімнің қолынан келеді, бірақ ақиқат пен жалғанды ажырату әркімнің өз ар-ұятына байланысты. Ең қиын кезеңде, яғни біз мемлекет боламыз ба, болмаймыз ба деген сонау алмағайып 90-жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты, етек-жеңін жиды. Төңірегімен терезесі теңесті. Жалпы, әлемдік қауымдастық мойындады. Елбасы мен сол кездегі аға ұрпақтың 30 жыл бойы мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, шекарасын шегендеп, территориясының тұтастығын сақтауға сіңірген ерен еңбегі ұлт тарихында өз оң бағасын алары сөзсіз. Ал осы жылдары кетеуі кеткен дүниені тезірек түзеуіміз керек. Ол – сөзсіз. Президент жариялаған реформалардың да мәні – осы. Бірақ, Мемлекет басшылығынан кеткен Нұрсұлтан Назарбаевты жата жамандау – елдігімізге, азаматтығымызға сын» деді Б.Байбек.
Партия төрағасының бірінші орынбасары 30 жылға енді толған Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін қазақстандық қоғамда мемлекеттілік дәстүрін, оның ішінде билік сабақтастығын қалыптастыра білуіміз шарт екенін айтты.
«Қазір елдігімізді сақтау, барды ұқсату аса маңызды. Сондықтан Елбасы құрған «Nur Otan» партиясы елдің бірлігі мен қоғамның тұрақтылығына бағытталған жұмысын одан әрі жалғастыруы керек. Қазір алда болатын кезектен тыс съезд жұмысына дайындықты бастап кеттік. Қаңтардың қасіретті күндерінде Елбасы баршамызды Президенттің маңайына топтасып, ел амандығы мен бірлігін сақтап қалу үшін бірге әрекет етуге үндегенін баршаңыз білесіздер. Кім не десе де, «Nur Otan» партиясы – Президент жариялаған реформаларды толық және сапалы жүзеге асыруға әлеуеті толық жететін бірден-бір қоғамдық-саяси күш. Партиямыз Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін – қоғамдық ұйымдарды, депутаттық фракцияларды, түрлі қызметте жүрген 800 мыңға тарта мүшені ортақ мақсатқа жұмылдыруға дайын» деп түйіндеді ол.
Расында да өткенге баға беру оңай. Ал ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосу, қоғам дамуына атсалысу оңай жұмыс емес. Сондықтан мұндай кезеңде, яғни жаңа Қазақстан құру процесі жүргізіліп жатқан тұста сын айтып, мін таққаннан гөрі, білімімізді, біліктілігімізді жақсы істерге бағыттағанымыз абзал. Өйткені елдің күші, қоғамның рухы – бірлік пен ынтымақта.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ