Ауылдың ардақтысы
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметі қоғамдық жұмыс болғанымен елдегі маңызды саяси оқиғаларға белсене атсалысуды талап етеді. Ауыл ардагерлерінің атынан сөз айту, пікір білдіру де оңай іс емес. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «ағалықты алып жүру азаматтыққа сын» деп айтуының да өзіндік мәні мен мағынасы бар екен. Мұны саналы адам үлкейгенде, ақыл тоқтатып, ақсақалдыққа ойысқанда түсініп, түйсінеді екен.
Қоғамдық қызметті қалтқысыз атқарып, халықтың ыстық ықыласына бөленген абзал азаматтың жарқын істері бүгін қолыма қалам, көңілімдегі көркем ойды ақ қағаз бетіне түсіруге түрткі болды. Осылайша, естелік жазуға кірісіп, терең ойға шомдым. Кейін жазған дүниемді өзіміз үзбей оқитын, асыға күтетін аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне ұсынып, ел азаматының еңбегін насихаттауға ниет қылдым. Сөйтіп, Тереңөзекке бет алып, қаламгерлердің қара шаңырағына айналған редакцияға ат басын бұрдым.
Шалғай ауылдан аудан орталығына жетуге бір сағаттан аса уақыт кетеді. Жол-жөнекей тағы да ойға берілдім. Атпал азаматтың жарқын бейнесі көз алдымнан кетпейді. Ол бір әулеттің ғана емес бүтін бір ауылдың ардақты азаматы еді. Сөзі мен ісі үйлескен жігіт ағасының атқарған жұмыстары аудан халқының, әсіресе Іңкәрдария ауылының тұрғындарының есінде деп ойлаймын. Иә, біз сөз еткелі отырған Қуаныш Дабысов сөз бастаса шешен, іс бастаса көсем болатын-ды. Сол ептілігінің, тектілігінің арқасында емес пе, бір емес екі рет облыстық мәслихаттың депутаты атанып, облыстың дамуына айрықша үлес қосқаны...
Кейіпкеріміз Қуаныш Жұмабекұлы 1961 жылы Ұлы Отан соғысы ардагерінің отбасында дүниеге келген. Тереңөзекте балалық шағы өткен ол жастайынан белсенді, алғыр болып өсіп, адал еңбекпен қанаттанып, қатайды. Мектеп бітіргеннен кейін инженер-құрылысшы және инженер-экономист атанып, қос бірдей жоғары білімді дипломды маман атанды. Қаржыгерлік мамандықты да меңгеріп, жаңа заманның тынысын дөп басқан білікті де білгір азамат болды. Алғашында Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын, кейін Қызылорда инженерлік-экономикалық институтын оқыды. Сондай-ақ, Мәскеу стандарттау, метрология және сертификаттау академиясын бітірді. Іргелі оқу орындарында оқып, бірнеше диплом иеленсе де Қуаныш Дабысов өзінің еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастады. Институтты бітіріп келгеннен кейін өскен ортасы Іңкәрдарияға келіп, құрылыс саласында еңбек етті. Жігерлі жас ізденісі мен еңбеккештігінің арқасында қайратты азаматқа айналып, ауылда бой көтерген ғимараттардың салынуына өзіндік үлесін қосты. Мал фермаларының да салынуында кейіпкеріміздің қолтаңбасы бар.
Ел егемендік алғаннан кейін ауыл түлегі кәсіпкерлік саласын меңгеруге ден қойды. Шағын және орта бизнестің дамуына атсалысып, «Байқоңыр Транзит» ЖШС-нің бас директоры болды. 2005 жылдан бастап «ҚазРос-мұнай», «Азия Транс Центр», «АстанаМоторс-2030», «Астана Логистик» «Астана путь» «ЦентрСтройСнабСервис» және «Қырғи күзет» серіктестіктерінің құрылтайшысы ретінде жаңа жұмыс орындарын ашып, аталған мекемелердің жұмысын жүйеге келтірді. Кәсіпкерлікпен айналыса жүріп облыстың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына үлес қосып, 600-ден астам адамды жұмыспен қамтыды. Мұның бәрі аймақтың зиялы қауым өкілдеріне белгілі деп ойлаймын. 2012 жылы Қуаныш Жұмабекұлының бастамасымен «Азия Транс Центр» ЖШС «Мұнай және мұнай өнімдерін сақтайтын, шығыстайтын қойма» терминалын іске қосты. Терминал сол жылдан бастап әлі күнге облыстың экономикалық әлеуетінің артуына ықпал етуде. Мұнан бөлек, жанашыр азамат Қызылорда қаласындағы №8, 9, 136, 144, 221 орта мектептерінің материалдық-техниалық базасының жақсаруына қолдау көрсетті. Соғыс және тыл ардагерлеріне, көп балалы отбасыларға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық қолдауларын да аяған жоқ. Ең маңыздысы, Іңкәрдария ауылынан қол үзбей, жұртшылықпен байланысып тұрды. Ауыл ақсақалдарының ұсынысына сәйкес елді мекеннен «Ер есімі – ел есінде» деген үлкен жазуы бар мемориалдық ескерткіш орнатып берді. Бұл қан майданда ел қорғаған, Отан үшін от кешкен жауынгерлердің рухына жасалған үлкен тағзым болды. Сондай-ақ, қасиетті Мүлкілән бабамыздың мазарына барар жолға тас жол төсеуге жәрдемдесті.
Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы 2005-2006 жылдары «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Партияның облыстық филиалының Саяси кеңесі мен Саяси кеңес Бюросының мүшесі болды. Облыстық мәслихаттың 1, 2-ші шақырылым депутаты болып сайланып, сайлаушылардың үмітін ақтай білді. Аймағымызға белгілі қайраткер-тұлға Алмагүл Божанова екеуі облыстық мәслихаттың депутаты ретінде Сырдария ауданының дамуына үлкен үлес қосты. Алмагүл Божанқызы әркез Қуаныш Дабысов туралы жақсы пікірлер айтып, еңбегін әділ бағалап жүреді. Бұл халықтың бағасы, ықыласы деп қабылдаймыз.
Мұнан бөлек, былтыр ардақты азамат бақилық сапарға аттанғанда «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев: «Ол қарапайым болатын, өте қарапайым. Кейбіреулер құсап мақтануды да жаны сүймейтін. Біліп тұрған дүниесінің өзін елден бұрын жария қылуға ұмтылмайтын. Жасаған жақсылығының өзін жат көзден жасырып ұстады-ау, жарықтық. Алғаш «Асар» партиясы құрылғанда көрінген, іс-әрекетінен қырық жасында қамал алатын жігіт лебі байқалатын. Кейін «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасының орынбасары қызметін атқарып, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының Саяси кеңесі және Бюросының мүшесі болғанын білеміз. 2007 жылдан бастап, Қызылорда облыстық мәслихатының IV-V шақырылымының депутаты болды. V шақырылымда бірге әріптес болдық. Емеуріннен елге болсынды ұғынатынбыз. Біреуге жамандық жасапты, біреуді ренжітіпті деген әңгіме естімедік. Оның басшылығымен «Азия Транс Центр» ЖШС «Мұнай және мұнай өнімдерін сақтайтын және шығыстайтын қойма» терминалы ашылды. Терминал облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлесін қосты. Ерінбей еңбек етті, әділетсіздікке жаны қас еді. Ұғынысу мен түсінісуде көңіліміз көрші қонды, аға-іні, дос болдық. Туған жеріне, өзін сыйлаған һәм сайлаған ортаға жанашыр болып, жақсылық жасаудан шаршамайтын Дабысов Қуаныш Жұмабекұлының есімі біздің жадымызда сақталады» деп пікір білдірген еді. Бұл оның барша әріптестерінің атынан айтылған баға, ілтипат секілді.
Қызметте абыройлы басшы болған азаматтың еңбегі әр жылдары лайықты бағаланды. ҚР Президентінің үш мәрте «Алғыс хатымен», Партияның «Құрмет Грамотасымен», облыс әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. «Білім меценаты» атағын, Қорқыт ата атындағы Университетінің «Үздік түлегі» төсбелгісін иеленді. Мұнан басқа да «Қызылорда қаласына 190 жыл», «Жалаңтөс Баһадүр», «Бұқарбай батыр Естекұлына 200 жыл», «Слава Казахстана», «Лидер отрасли 2013 года» секілді бірқатар орден-медальдармен марапатталды. Құдай қосқан қосағы Гүлшат екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере сүйіп, ұрпақ өрбітті, ағайын-туысқа сыйлы болды.
Ауылымыздың ардақтысы атанған азаматтың өлшеулі өмірі былтыр қаңтар айында таусылды. Амал нешік, қимасақ та, қиналсақ та Алла ісіне көндігеміз. Бірақ артында өшпес із қалдырған азаматты ұмытпаймыз. Бүгін де сол ағалық ақ ниетімді, пікірімді жазып, ардақты азамат еңбегін қолымнан келгенше дәріптеуге тырыстым. Бұл менің ауыл ардагерлерінің басшысы ретіндегі парызым деп білемін.
Әбдіразақ БАЙМАНОВ,
Іңкәрдария ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
«ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл»
мерекелік медалінің иегері