«Әйел бақыты. Әсияның әңгімелері» кітабының авторы Әсия Нұрлыбаева: Ана да, бала да дамуы керек
«Әйел бақыты. Әсияның әңгімелері». Иә, осыдай атаумен ойлы оқырманға жаңа кітап жол тартты. Қыз-келіншектерге арналған туындының авторы – Тереңөзектің түлегі Әсия Нұрлыбаева. Бұл кітап нәзік жандылардың ішкі сырына үніліп, жас аналаларға ерекше мотивация беруді көздейді. Еңдеше, «QYZYLORDA» облыстық телеарнасының тілшісі, «Әйел бақыты. Әсияның әңгімелері». кітабының авторы Әсия Қайратқызымен сұхбаттасқан едік.
– Әсия Қайратқызы, «Әйел бақыты. Әсияның әңгімері» атты авторлық кітабыңыз ойлы оқырманға жол тартқанына қуаныштымыз. Қыз-келіншектерге арналған кітапты жазуға, ең алдымен, не түрткі болды?
– Құттықтауыңызға рахмет! «Әйел бақыты. Әсияның әңгімелері» атты тырнақалды туындымның жарыққа шығуына өзімнің тұңғышым Халида қызым себепкер болды. Ал кітапты жазуыма өзімнің тағдырым түрткі болды дер едім.
Жалпы кітап жас қыз-келіншектерге арналған. Өзімнің аяғым ауыр кезде, Ана статусын иеленгеннен кейін қазақ аудиториясына арналған мазмұнды ақпараттарды таппай, біраз әлекке түскенім бар. Иә, ғаламтор бетін ақтарсаңыз, ақпарат толып-ақ тұр. Бірақ нақты, ұғынықты тілде жазылған мағлұматтарды іздеп таппаймыз.
Жалпы, кез-келген қыз баланың өмірі әр түрлі кезеңдерден тұрады емес пе?! Өмірге келгеннен кейінгі сәбилік шағы, тілашар, мектеп бітіру сәті, жасөспірімдік шақ, ұзатылуы, жүктілік кезеңі, Ана статусын иеленуі. Әр кезеңнің өзінің жүктейтін жауапкершілігі де зор. Өйткені табиғаттың заңдылығы сол, құрсағына сәби біткеннен бастап болашақ Ана өзін үлкен өмірге дайындай бастайды. Бұл жүктілік кезең – Ананың өміріндегі ең маңызды, ұмытылмас кезең. Өйткені Ана өзі үшін ғана емес, сәбиі үшін де екі есе жауапты. Мінеки, мен өзімнің жүктілігімді асыға күткендіктен болар, сол кезеңге ерекше мән бердім. Біраз кітап беттерін парақтап, сәбиіме сол сәттен бастап күнделік арнадым. Босанғаннан кейін де бала күтіміне, физиологиялық дамуына аса мән бердім. Медицина мамандарымен де пікір алмасып, олардың тарапынан айтылған мағлұматтарды көкейімде түйіп жүрдім. Өйткені Ана болу, сәбиге дұрыс күтім жасай білу де үлкен еңбекті, мол ізденісті талап ететініне өзім Ана болғаннан кейін көз жеткіздім.
Осы жүктілік кезеңінің маңызы мен жауапкершілігін, Ана атанғаннан кейінгі жауапты сәттің қызығы мен қиындығын қағаз бетіне түсірдім. 7 айға жуық уақыт ізденісте болдым. Осылайша бұл туынды дүниеге келді.
Қазіргі күні қоғамда көкек аналардың көбейіп бара жатқандығы мені қынжылтады. Статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша әрбір оныншы отбасының біреуі бала сүйе алмай жүрген болса, жас жеткіншектердің қателікпен жүкті болып, баласын қоқысқа, айдалаға тастап кетуі жүрегіме қатты батады. Ал бала сүйе алмай жүрген жас отбасыларды көре тұра, жеткіншектердің мұндай қадамға баруы қоғам үшін үлкен проблема. Бұл олқылықтардың алдын алып, жас Аналар мен жеткіншек қыз балаларға дұрыс ақпарат ұсына білмесек, безбүйрек аналардың көбеюі ғажап емес.
Бұл еңбекті сол жас аналарға сабақ болсын деген ниетпен де жазған жайым бар. Осы бақытқа қол жеткізу біреуге ерте, біреуге кеш, енді біріне мүлдем бұйырмауы мүмкін. Бәрі де Жаратқанның қолында. Дегенмен, нағыз әйел бақыты – Ана бақыты екенін түсінсе екен деймін жас бойжеткендеріміз.
– Қазақта «Әйел қырық жанды» деген тәмсіл бар. Нәзік жандыларға арналған кітапта қандай мәселелер көтерілді?
– Кітап қазақ тілді қыз-келіншектер аудиториясына арналған. Бұл туындының ерекшелігі сол, шығармашылық топ кітаптың дизайнын жасау, ішкі беттерін әзірлеу барысында жас қыз-келіншектерге үнемі өзімен бірге ала жүруіне ыңғайлы шағын ғана күнделік-кітап ретінде ұсынылуына мән берілді.
Олай дейтінім, «Жүктіліктің 40 аптасы. Даму. Сезім» атты тарауда барша жүктілікті жоспарлап немесе жүкті аналарға өзінің жүктілігі мен дамуы, әсері мен сезімін де жаза жүрсін деп мақсатпен бос жолақ қалдырдық. Осы арқылы оқырмандарыммен жақынырақ болып, олармен тілдескендей әсер сыйлағым келді. Кітап тілі ұғынықты, түсінікті, оқуға жеңіл. Байқасаңыз, медицина тілінде ақпараттардың көбі түсініксіз әрі қабылдауға қиындық тудырып жатады. Ал бұл туындымды кез-келген оқырман ұға алатындай жеңіл тілмен жазып шықтым.
Көп жас отбасыларды алаңдататыны – бедеулік мәселесі. Медицинада 1 жылға дейін арада бала болмаса, ол отбасы «бедеу» отбасы саналады. Мұны өзім зерттей келе білдім. Және осы тақырыптағы мәселелерде үнемі ізденісте болуыма өзімнің басымдағы жайт сеп болды дер едім. 2 жыл дегенде тұңғышымды жарық дүниеге әкелдім. Алдымен, Жаратқанның қалауымен, сонан соң өзімнің ізденісім мен дәрігерлердің біліктілігінің нәтижесі деуге әбден болады. Менімен тағдырлас қаншама қыз-келіншектер бар, 2 жыл емес, 5-10 жылдап бала сүйе алмай жүрген. Әйел өзі ізденіп, өзі жан-жақты болуы керек. Кез-келген адам медицинадан да аз-кем хабардар болып, үнемі ізденісте болса ғана дертті де, басқа түскен қиындықты да жеңіп шыға алады. Мінеки, бедеулік проблемасымен кезіккен қаншама жанұяларға ақпараттық тұрғыда көмек болсын деген мақсатта жазылды бұл туынды. Мазмұнын тарқатып айтсам, мұнда жүктілікті жоспарлау, бедеуліктің салдары, оны жеңу, жүктілік кезеңі, босану процесі, Ана бақытына ие болу сәті, 1 жасқа дейінгі баланың физиологиялық дамуы сипатталған. Мұнда ақпараттар тек медициналық тұрғыда тарқатылмаған, өзімнің өмірлік тәжірибеммен сабақтастыра отыра жазылған. Әйелдің нағыз бақыты – Ана болу емес пе? Сол себепті туындының атауы – «Әйел бақыты. Әсияның әңгімелері».
– Шын мәнінде әйелдер психологиясында өзекті дүниелер көп. Күйбең тірліктен бас алмайтын қыз-келіншектердің сырын тереңнен ұғынудың мәні неде?
– Әйелдің күйін тек әйел ғана түсінеді деген рас. Отбасын құрып, аяулы жар атанған әрбір келіншек қана әйелдің сырын өзі сол өмірді бастан кешіп, сол жолдармен жүргеннен кейін барып ұғына алады. Әйелдің күйбең тіршіліктегі рөлі мен бағыты әу-бастан белгілі. Отбасы, бала-шағасы үшін жанын беруге даяр тұратын біздер, ең алдымен, өзімізді емес, жанұямызды алғашқы орынға қоямыз. Әрине, бұл табиғаттың заңдылығы. Дей тұрғанмен, әйел отбасына сыйлы, отағасына аяулы болмақ үшін өзін де сыйлай білуі тиіс деп ойлаймын. Өзінің сүйікті ісінен қол үзбей, күйбең тіршілікпен қатар, сүйікті тірлігін тастамаса игі. Көбіміз күнделікті бітпейтін сан алуан тіршілікпен жүріп, өзімізді дамытуды, өзімізге мән беруді ұмытып кетіп жатамыз. Содан рухани құлдыраймыз, қоғамнан тысқары қалып жатамыз. Ал шындығына келгенде, біздер, нәзікжандар, гүл секілдіміз ғой. Үнемі күтімді, ерекше бапты қажет етеді. Сол себепті, тәуліктің бірер сағатын өзіміз үшін аямасақ, сүйікті ісімізге арнасақ, отбасында ыдыс-аяқтың сылдыры да естілмес еді.
Бұл жайтпен өзім де таныспын. Өйткені үй шаруасында отырған әйел өзінің нағыз бет-бейнесін тани бастайды. Ашуға мініп, өзін қоғам үшін еш пайдасы жоқ жан секілді сезінетін сәттер де жоқ емес. Ал ақиқатында, әйелдер қоғамның болашағын тәрбиелеп, ең маңызды іспен айналысып отырғанымызды өзіміз ұмытып кетеміз. Менің де қоғамға бір пайдам тисін деп әрі өзімнің сүйікті ісім болғаннан кейін декреттік демалысымда қаламымнан қол үзгем жоқ.
– Кітапта әйелдердің денсаулығына байланысты толық мәлімет келтірілген. І дәрежелі акушер-гинекологпен жасалған жұмыс сәтті шыққан секілді.
– Иә, бұл кітаптағы ақпараттың барлығы өзімнің тарапымнан ғана жазылмаған. Акушер-гинеколог мамандармен ақылдасып, пікірін тыңдай келе бұл қадамға бардым. Кітап жазу туралы ой болмаған сәттің өзінде бұл тақырып маған таңсық емес еді. Өйткені телеарнада қызмет етіп жүрген сәтте өзім «Ұлт саулығы» медициналық телехабарын тікелей эфирде тізгіндедім. Бедеулікпен бетпе-бет келген қаншама әйелдерді кезіктірдім. Осылайша әйелдердің репродуктивті денсаулығы қатты қызықтырды. Үнемі дәрігерлермен тығыз байланыста жұмыс жасағандықтан, бұл тақырыпта ұзақ уақыт ізденісте болдым. Нәтижесі мінекей, оқырманға жол тартқан туындым.
– Бала күтімі ана үшін басты орында. Өз кезегінде қызыңыз Халиданың күнделігінен үзінділер келтіріпсіз. Осы тақырып бойынша жас аналарға айтарыңыз бар шығар.
– Әр баланың дамуы әр түрлі. Жас аналарға ақыл-кеңес айтатын мен тәжірибелі немесе көпбалалы ана емеспін, психолог та емеспін және. Дегенмен медициналық тұрғыда баланың физиологиялық дамуына аса мән беремін. Өйткені менің сәбиім мерзімінен бұрын жарық дүниеге келді. Ерте туған шақалақтар ерекше күтім мен үнемі мейірімді, сәт сайынғы бақылауды талап етеді. Өзімен қатарластарына ілесіп кетуі үшін уақыт пен шыдамдылық керек-ақ. Алғашқы сәбиім болғандықтан, менде тәжірибе де аз, бала күтіміне қатысты ақпараттардан да хабардар емес едім. Біраз әбігерге түсіп, қиналғаным есімде. Мұндай жағдайда отбасының қолдауы, жарының көмегі аса маңызды рөл атқарады. Өйткені кеше ғана босанған жас Ана мұндайда стресстік жағдайға түсіп кетуі әбден мүмкін. Қоғамда орын алып жатқан ана мен баланың өлімі, баласына Анасының өзі қол сұғуы сынды жаға ұстатарлық оқиғалар жиілеп кетті. Мұның бәрі де босанғаннан кейінгі орын алатын депрессияның салдарынан болса керек. Отбасынан қолдау, жарынан жылулық көрмеген әйел дұрыс шешім деп бұрыс жолды таңдай кетеді. Сол себепті әр жас Ананың қиналғанда отбасынан қолдау күтіп, көмек сұрауы еш айып емес. Бұл орайда сәбиімнің қатарластары секілді аяққа тұрып кетуі үшін отбасымның, жарымның, ата-анамның қолдауы зор болды. Осы сәтті пайдалана отырып, отбасыма, отағасыма алғысымды білдіргім келеді.
– Жалпы, әйел затының табиғатын түсіну арқылы жан-жақты мінездеме келтіресіз. Өзіңіз секілді қыз-келіншектерге отбасында бақытты болудың құпиясын ашсаңыз.
– «Бақыт – дегенің жарыңның жанарында». Бұл қанатты сөз әрбір қазақтың отбасында ұранға айналуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені бақыттың бастауы, отбасының үйлесімділігі ер мен әйелдің бір-бірін сөзсіз түсініп, жанары мен қабағынан-ақ ұғынуы дер едім. Кез келген жетістікке жеткен ер адамның артында дана әйел тұратыны секілді, отбасымен қатар шығармашылық, рухани тұрғыда дамып, жетілген келіншектің артында жолдасының қолдауы мен жарына сенімі тұрады.
Отбасылық өмірде жиған тәжірибем де көп емес. Дегенмен өмірдің өзі тәрбиелеп, бір сүрініп, бір құлап, қайта тұруымызға сабақ болып келеді. Отбасылық өмірдің қиындығы да, жауапкершілігі де жоқ емес. Бастысы, екі жартының бір-біріне деген сенімі мен сыйластығы, армандарының ортақ болуы бақытқа жетелейді деп ойлаймын. Сонда ғана отбасында үйлесімділік, сыйластық пен шексіз махаббат мәңгі тұрақтайтыны сөзсіз.
– Ер азаматтың күтімін жасауда, көңілін табуда қандай қағидаттарды ескерген жөн?
– Дана халқымыз екі нәрсені таңдауда қателікке бой алдырмауды айтады. Мен екі таңдаудан да сүрінбей өткен бақытты жанмын. Мамандығыма деген құрметім қандай шексіз болса, жарыма деген сыйластығым да шексіз әрі мәңгі.
Ер азамат – үлкен бәйтерек секілді асқар таудай. Қаншалықты ауа райы жайма-шуақ, дауылсыз болған сайын тамырын кеңге жайып, жапырақтары жайқалып өсе береді. Ерлерімізге керегі де сол, үнемі жылы қабақ танытып, жанұяңызда жайма-шуақ көңіл-күй орнатып, айрандай ұйытып отырсаңыз онан асқан бақыттың да, байлықтың да қажеті жоқ.
Бірақ тағы да қайталап айтудан жалықпаймын, әйел өзіне де күтім жасауды ұмытпауы керек. Үйдегі атмосфера жарқын, өзіңіз ажарлана түскен сайын еріңіздің де махаббаты ашыла түсетіні анық.
Біздер ерімізді қаншалықты құрметтеп, сыйластығымызды жиі көрсете білген сайын олардың да қабырғасына деген сүйіспеншілігі арта түседі. Менің кітабымның алғашқы оқырманы да, қолдаушым да – жолдасым. Шыны керек, ол кісі бұл бастаманы алғаш қолға аламын дегенде қолдай қойған жоқ, рұқсатын да берген жоқ. Күйеуінің разылығын алмай жаңа іске бел бумаған қазақтың қыз-келіншектері емеспіз бе?! Жарайды деп іштей армандадым да қоя салдым. Бірақ біраз уақыт өте келе жолдасым қолдайтынын айтып, рұқсатын берді. Сол сәттен бастап арманыма бір қадам жақындағандай болдым. Өйткені екінші жартыңның өзі қолдап, демеу болуы – бәрінен де маңызды.
– Отбасыңыз, туған жеріңіз туралы айта кетсеңіз.
– Мен Сырда туып, Сырда өскен қазақтың қалам ұстаған ерке қызымын. Балалығымның бал дәурені Тереңөзекте өтті. Сонда алғаш мектеп табалдырығын аттадым, сонда қолыма алғаш қалам ұстап, сонда білім нәрімен сусындадым. Сондықтан маған туған жерім өз Анамдай аяулы, сәбиімдей тәтті әрі ыстық. Ауылыммен мақтанамын қашан да. Кіндік қаным тамған жерде талай қызық та тәтті кезеңдердің куәсі болдым. Білім беріп, көңіл көкжиегімді кеңейткен алғашқы ұстаздарым да әркез жүрегімде. Туған жердің самал желіне, жұпар иісіне, тау-тасы мен топырағына ештеңе жетпейді. Туған жерімде жылыстап өткен әр жылдарыма шексіз қарыздармын.
Қарапайым отбасында Нұрлыбай әулетінде дүниеге келдім. Қазақы ата-дәстүрімізді құлағымызға құйып, даналық өсиеттерімен әркез әдепке баулып өсірген ата-әжемнің тұңғыш немересі, алғашқы көз қуанышымын. Менің жетістікке жетуіме, қандай да бір белестерді бағындыруыма сол кісілер себепкер. Жастайымнан қай жолда да сүрінбей, тек алға талпыныс жасауға баулып, мақсатыма жетуге итермеледі. Сол аяулы жандардың тәлім-тәрбиесінің арқасында бүгін мен осы күнгі жетістіктеріме жетіп отырмын.
Ата-анам кішкентайымнан оқу-білімге ден қойып, зерек оқушы болып ғана қоймай, Абайша айтсақ толық адам болуыма бар маңдай-тері төгілгенше еңбек етті. Сондықтан олардың әрқайсысына шын қарыздармын. Артымнан ерген екі інімнің үлгі тұтар әпкесіне, қайын жұртымның ибалы келініне айналдым бүгінде. Алла нәсіп етіп аяулы жар, асыл Ана статусына да иеленгеніме мың тәуба! Әрбір әйел заты үшін шын бақыт осы емей немене?! Сондықтан мен өзімді нағыз әйел бақытына кенелген жанмын деп айта аламын.
Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ