Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тауарды таңбалау тұтынушы қалтасына қалай әсер етеді?

Тауарды таңбалау тұтынушы қалтасына қалай әсер етеді?

Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан сияқты бес елдің басын қосқан Еуразиялық эко­но­микалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде электронды таңбалау мен өнімдер­ді міндетті қадағалау жүйесін енгізу идеясы өзекті әрі даулы мәселе болып отыр. Одаққа мүше ел ретінде бұл ереже елімізді де айналып өт­песі анық. Осыған байланысты Қа­зақстанда тауарларды міндетті таң­балау жүйесі енгізілмек. Себебі, ұлттық таңбалау жүйесі Одақ кө­лемінде тауар алмасудың көзіне айналады. 2022 жылдан бастап Еу­роодақ көлеміндегі бес елде таң­баланбаған тауарларды саудаға шы­ғаруға қатаң түрде тыйым салынады. бүгін осы мәселе туралы зерттеп, зерделеп көрмекпіз.

Тауарды таңбалау деген не?

Тауарды таңбалау – өнімнің барлық сау­да тізбегі бойынша жүріп өтетін жолын ба­қылауға мүмкіндік беретін ақпараттық жү­йе. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл өнімді өндірушіден бастап тұтынушыға дейін қадағалау арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қорғаныс коды, яғни таңба – қара және ақ өрістерден тұратын DataMatrix фор­матындағы шаршы немесе тікбұрышты матри­цалық штрих-код түріндегі кескін.

Таңбалаудың басты мақсаты – халықты жалған өнімдерден қор­ғау және көлеңкелі биз­нес пен контра­фактіні болдырмау. Атал­ған код тауарды қабылдау мен жөнел­ту кезін­­де өте ыңғайлы әрі қауіпсіз. Крип­то­графиялық шифрлануына байланысты жүйені бұзу немесе таңбаны қолдан жасау мүмкін емес. DataMatrix коды – бір жағы­нан тауарлардың сәйкестендіру нөмері, атауы, өндіріл­ген күні мен жарамдылық мерзімі, өндіруші ел мен компания туралы мәлімет бере алатын ақпарат көзі болса, екінші жағынан белгіні көшіріп алудан қорғайды. Арнайы штрих-кодпен таңбалаудың кон­трафактіліктен қорғау дәрежесі акциздік мар­калаудан әлдеқайда жо­ғары.

DataMatrix-тің акциздік маркалардан та­ғы бір артықшылығы – қалпына келтірудің қолжетімділігі. Яғни, кодты кездейсоқ немесе әдейі бұзса, деректер жойылып кетпейді. Тіпті, таңбаның үштен екі бөлігі өшіріліп қал­са да, арнайы жабдық оны жазбай тани алады. Мұндай таңбаларда өнім бірлігі туралы 2 КБ-ға дейін ақпарат сақталады, бұл – DataMatrix кодының әдеттегі QR кодтан бас­ты артықшылықтарының бірі.
Тауар жеткізілетін әр нүктеде бақылау жүйесінің екінші 2Д сканері болуы қажет. Штрих код сканері орнатылған сауда орталықтары DataMatrix екі өлшемді таңба­сын «оқи алатын» NaqtySauda мобильді қо­сым­шасын қолдана алады.

Жүйе қалай жұмыс істейді?

Таңбалауды жүзеге асыру бірнеше сатыдан тұратын қызметті талап етеді. Әуелі, таңбалау және қадағалау жүйесі әрбір өнім үшін екі өлшемді кодты жасайды. Өндіруші DataMatrix-тің бірегей кодын түсіреді де, оны бас дистрибьюторға жібереді. Үлестіруші топ­таманы қабылдап, оны арнайы сканерден өткізеді де, алынған нәтижені дүкендер мен сауда орталықтарына жібереді.
Бір айта кетерлігі, өндіріс процесі кодты орамның дизайн элементі ретінде жасауға мүмкіндік береді. Яғни, таңба тауардан бөлек емес, өнімнің сыртқы бетіндегі орамда көрсетіліп тұрады. Ал жаңа топтама дүкенге келіп түскен уақытта сауда орындары тауар таңбасын арнайы құрылғымен «оқуға» дайын болуы керек. Тұтынушы өнімді сатып алу үшін сатушының көмегімен тауарды кассадағы арнайы құрылғыдан өткізеді. Нәтижесінде, код айналымнан шығарылады. Яғни, тауар оны сатып алған тұлғаға тиесілі.

Сәйкестендіру белгілері өндірілген өнімнің бар­лығында болады. Сатып алушы кассаға жетпей тұрып, өнім турасында ақпарат ала алады. Ол да аталған таңба арқылы жүзеге асады. Тұтынушы қолындағы смартфонның көмегімен кодты тексеріп, өнімнің қайдан және қашан шыққанын, тіпті бағасы қанша екенін анықтай алады. Тек ұялы телефонда арнайы қосымша қондырылған болса болғаны. Демек, қаптамада көрсетілген код арқылы өндірушіден көтерме сатушыға дейін, одан бөлшек саудаға дейін, ең ақыры тұтынушы қолына түскенге дейінгі қозғалысты бақылап отыруға болады. Тауардың бір жерден екінші жерге жөнелтілуімен қатар, олардың құнының өзгеруі, яғни барлық өзгеріс тауарлардың қадағалануының бірыңғай ұлттық жүйесінде тіркеліп отырады.

Таңбалау жүйесін енгізу тәжірибесі көп елде кө­леңкелі сауда айналымының төмендеуіне әкелген. Тауар айналымын қадағалаудың толық циклі жүзеге асырылған ел бюджетіне түсетін түсім көлемі ұлғая түспек. Мысалы, Бразилия мен Түркияда алкогольді және алкогольсіз сусындар саудасынан жиналатын салық көлемі 142%-ға өскен. Міндетті таңбалау ен­гізілгеннен кейін Түркияда темекі өнімдерін заңсыз сату көлемі 11%-ға төмендеген. Цифрлық қадағалау жүйесі бес жыл ішінде жалпы Еуропалық Одақ ел­деріндегі контрабандалық өнім айналымын 30%-ға азайтуға ықпал еткен.
Электронды таңбалауды қолдану Қазақстан үшін де көлеңке саудамен күресуде өз пайдасын тигізуде. Елімізде алғаш пилоттық таңбалау жүйесі 2017 жыл­дың қарашасынан басталған. Пилоттық жобаның нәтижесінде 2018 жылы теріден жасалған өнімдерді импорттаушылар саны 30 па­йызға артқан.

ЕАЭО елдерінде таңбасыз тауарға тыйым салынады
Міндетті таңбалауды ен­гізіп, «жалған» өнімдерді азай­ту заңды бизнестен тү­сетін кіріс көзін 2021 жылдан 2025 жылға дейін 337 млрд теңгеге дейін арттыра алады. Бұл дегеніміз, контрабанда мен көлеңкелі сауданың көші тыйылып, «адал» кәсіпкерлердің күні туады дегенді білдіреді.

Тауарды таңбалаудың тағы бір ұтымды жағы – белгілі бір тауарға сұраныс туралы жедел ақпа­рат алуға қауқарлылығы. Бұл бизнеске тиімді логис­тикалық схемалар құруға мүмкіндік береді.
Ең маңыздысы – цифрлық таңбалау қазақстандық өнімдердің ЕАЭО елдерінің сауда сөрелерінен табылуына мүмкіндік береді. Міндетті таңбалау туралы Заң 100 пайыз күшіне енгеннен кейін таңбаланбаған өнім күмән туғызып, сұраныстың азаюына әкеледі. Сондықтан елімізде тауарды ұлттық таңбалау мен оны қадағалау жүйесін енгізу қазақстандық өнеркәсіптің болашағы үшін жасалып жатыр деуге негіз бар.

Тұтынып отырған өніміңіз бен тағамыңызға тал­ғаммен қарасаңыз, таңбалау жүйесінің жағымды жағы көп. Тауарды таңбалау жүйесінің енгізілуі тұтынушы үшін ұтымды әрі ыңғайлы. Дүкенге барғанда қажет өніміңіздің таңбасын телефонға «оқытумен» керек ақпаратқа түгел тұшынасыз. Көңіліңізден шықса, ақысын төлесеңіз жетіп жатыр. Таңбаланған та­уар­ды таңдауда сатып алушы өнімнің сапасы мен заң­дылығына күмән келтірмесе болады.

ТҮЙІН

ҚР Үкіметі таңбалау жүйесінің тұтынушылар құ­қы­ғын қорғауға қауқарлы екеніне баса тоқталды. Яғни, бірегей заттаңба өнімнің өндірушісінен сақтау мерзіміне дейін ақпарат бере алады. Арнайы код сатып алушы мүддесін қорғауда бұлтартпас дәлел базасы болып табылады. Тауар сапасыз болып шыққан жағдайда кез келген тұлға шағым түсіріп, заңды түр­де дәлелдер ұсына алады. Бұл, әсіресе, тамақ және дәрілік өнімдерді сатып алуда өте маңызды.
Мәселенің бір ұшы, әлбетте, қаржыға тірелмек. Себебі, аталған жүйенің шығыны шаш етектен бол­ғалы тұр. Бүгінгі қымбатшылықтың бір себебі осы таңбалауға да байланысты. Тәуелсіз сарапшылар мен бизнес өкілдері таңбалау кодтарын қолдану бойынша барлық талапты орындау үшін көп қаржының қажеттігін айтады. Нәтижесі қымбатшылыққа апаруы бек мүмкін. Өйткені, жұмсалған қаржыны қайтарудың бірден-бір жолы – өнім бағасын көтеру.

Аружан Мұханбетқали
21 желтоқсан 2021 ж. 416 0