Баға, қайда барасың?
Газетіміздің №47 санында Б.Ордабековтің «Там салғанның тамтұғы қалмас» тақырыбындағы сараптамасын оқып, бей-жай отыра алмадық. Тілші қазіргі уақыт құрылыс маусымы екенін айта келе, базардағы құрылыс заттарының бағасын есептеп, экономикалық шолу жасаған. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен деген», әрі тартса бері, бері тартса әрі жеткізе алмай отырған халыққа күнделікті азық-түлік өнімдері бағасының да шарықтап кетуі аспаннан жай түскендей әсер етті.
АЙЛЫҚ ӨСТІ ДЕГЕНШЕ, БАҒА ҰШТЫ ДЕСЕЙШІ...
Бұрындары қалтаңда бес мыңдық қызыл қағазың болса, дүкенді емін-еркін аралап, қос-қос сөмкені толтырып, керегіңді алып шығатын едің. Қазір қалтаңдағыға «сенбей», «кассаға барғанда қызарып қалмаймын ба» деп қауіптеніп тұрасың.
Соңғы жаңалықтарға сәйкес, азық-түлік бағасының күрт шарықтап кеткені белгілі. Оның ішінде, сәбіз бен картоп бағасы көпшіліктің шамына тиіп, шамадан тыс қымбаттаған. Ресми мәліметтерге сәйкес, көкөністерді былай қойғанда, жеміс, күнбағыс майы, қант, қарақұмық, құс еті мен жұмыртқа бағасы жыл басынан бері еселеп артқан. Осыдан 5-6 ай бұрын жұмыртқа бағасы жаға ұстатқан. Қазір ол қалыпқа түсті. Бұл өзі бағаны көтерудің логикалық саясаты секілді. Алдымен, өнім бағасы рекордтық көрсеткішке дейін артады, содан кейін ол бағаны түсіріп, бұрынғы бағадан бірнеше теңгеге артық сома қойылады. 2-3 есеге қымбаттағаннан гөрі арзандау болғандықтан, халық сабасына түседі. Осылайша, ең бастапқы бағадан 5-10 теңгеге дейін қымбатқа сатылып жатқанын ешкім аңғармай қалады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен, елімізде 2021 жылы мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері көбейеді. Сондай-ақ мұғалімдердің жалақысы белгіленген Заң жобасына сәйкес артып, студенттердің шәкіртақысы алдағы оқу жылынан бастап 15 пайызға көтерілетін болады. БАҚ беттерінде осындай қуанышты жаңалық тараса, ертеңіне базардағы азық-түлік бағасы мен жанар-жағармай күрт қымбаттайды. Жалақы мен бағаның бітпейтін жарысына ұқсайды бұл. «Жалақыны өсіру жоспарлануда» десе-ақ, базар бағасына ілесіп үлгермейсіз. Екі жақтап өсіп жатқан жалақы мен азық-түлік бағасы «екі түйенің ортасындағы шыбын» – төл теңгеміздің құнсыздануына апара жатқанға ұқсайды.
БАҒАНЫ КІМ БАҚЫЛАЙДЫ?
«Бағаны біреу аспаннан алып қоймайды». Сауда орындарының басшылары мен базардағы саудагерге сауал тастасаңыз, алатын жауабыңыз осындай болады. «Бізге қандай бағамен келеді, сол бағаға сәл ғана қосып сатамыз» деп қысқа қайырады олар.
Аудан орталығындағы ірі азық-түлік дүкеніне бас сұғып, бағанының жай-күйімен танысқан едік. Дәл қазіргі бағам бойынша күнделікті тұтыну өнімдерінің бағасы ұшып тұр. Оның ішінде, бағасы бой бермей тұрған сәбіздің құны келісінен 490 теңге болса, картоптың бағасы – 250 теңгеге барған. Жуа – 105 теңге, өсімдік майы – 650 теңге, құс еті – 820 теңге, тазартылған күріштің 750 граммы – 280 теңге, бір бөлке наныңыз – 70 теңге. Сүт пен айран – 250 теңге, ет өнімдері – 1900-2200 теңгеге саяды. Қантыңыз – 305 теңге болса, сары майды 2700 теңгеден аласыз. Бағасы күнде құбылатын жұмыртқаның қазіргі құны – 21 теңгеден.
Бұл тек 1 түйір немесе 1 келі үшін көрсетілген баға екенін ескерсек, айына отбасындағы адам санына қарай бұл бағаны еселеңіз. Оны айлық табысқа шақсақ, қарапайым тұрмыстағы отбасылардың бірден «минусқа» кіретіні сөзсіз. Статистикалық деректерге сүйенсек, аудан халқының орташа жалақы мөлшері 178 109 теңгені құрайды. Бұл тек орташа есеп екенін есте ұстасақ, оның ішінде 200 мың алатындар да бар, 50 мың ғана кірісі барлар да бар. Десек те, қанша жалақы алса да, келесі айға дейін қалтаның түбі көрінуі көпшілікке таныс жағдай шығар.
Онымен қоса, елдегі коронавирус пен пандемияға сәйкес, қанша халық жұмысынан айрылса, көпшілік несиесін төлей алмай әлек. Содан келгенде, «несиені не үшін алады жұрт» деп жар саламыз. 2020 жылы қазақстандықтардың банктер мен несие ұйымдары алдындағы қарызының еселеп артқанын ескерсек, халықтың күнкөрісі қиындау болып тұрғаны айқын аңғарылады.
«Қолыңнан келсе, қонышынан бас» деген және бар. Қолдан келсе, қосымша табыс көзін тауып, базар бағасын назарға да ілмей өмір сүруге болар еді... «Тамақ ішу үшін өмір сүрме, өмір сүру үшін тамақ іш» дейін десек, дәл бүгін қалтаң қалың болмаса, екеуі де қиын.
СЕБЕП ПЕН САЛДАР
Бағаның күрт өсуінің бірнеше себебі бар. Саудагер ойына келген бағаны қоймайды. Құс тұмауы тарап, тауықтардың қырылуы, субсидиялардың қысқаруы, жем-шөп пен шикізаттың қымбаттауы, коммуналдық қызметтер құнының көтерілуі, егіс алқаптарының қысқару мен әлемдік бағаның өсуі және көкөніс қоймаларының жетіспеушілігі таразының бір басын төмен тартып тұрғаны бар.
Әлеуметтік желіде жарияланған малдың қынадай қырылғаны туралы ақпарат елдің жағасын ұстатты. Арал ауданында орын алған оқиға салдарынан өлкеде төтенше жағдай жарияланған. Өңірдегі топырақтың құнарсыздану мен жем-шөп бағасының аспандап кетуі 500-ден астам малдың қырылуының басты себебі екені дәлелденген. Бір айта кетерлігі, бұл тек аталған өңірде болып жатқан оқиға емес.
Биыл су тапшылығы орын алып, шөптің шығымы төмендеді. Көкке аузы тимеген төрт-түлік көтерем болып, арам өліп жатыр. Су тапшылығы егіннің, дақылдар мен көкөністің қымбаттауына, одан арғысы мал басының азаюына әкеліп соғуда. Ең ақырғысы, азық-түлік, базар бағасының шектен шығуына да осы мәселелер себеп болуда.
Соңғы деректерге сәйкес, Қазақстанға қуаңшылық қаупі төніп тұр. Әсіресе, егіс алқаптарындағы ыстық ауа райы шаруаларды ғана емес, экономика қызметкерлерін де алаңдатып отыр. Құрғақшылық кесірінен егін бітік шықпаса, тұтынушылар үшін де жағдайдың қиындайтыны белгілі. Биыл жауын-шашынның аз түсуі өсімдіктерге ылғал жетіспеушілігін туғызуда. «Төрт-түліктің жаппай қырылуы мен егіннің жетіспеушілігі бағаның тағы қымбаттау қаупін туғызады» деген болжам ұсынады мамандар.
Оның үстіне, барлық өнім өз елімізде өндіріліп жатқан жоқ. Мысалы, Қазақстан қанттың қажетті көлемінің 27 пайызын ғана өндірсе, тауық етінің өндірісі нарықтағы қажеттіліктің жартысынан сәл ғана көбін құрайды. Азық-түлік өз елімізде де өндіріліп жатқанымен, көпшілігі сырттан келеді. Ал пандемия кезінде әлемдегі бағалар 40 пайызға өскенін ескерсек, «неге қымбат?» деген сұрақтың жауабы шыға келеді.
Азық-түлік тасымалында жанармайдың қымбаттауын да «жығылғанға жұдырық» деп, саусағыңызы бүгіп қойыңыз. Елімізде бензин бағасы бір жолға түспей отыр. Құзырлы органдар жағдайды мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарымен байланыстыруда. Аудандағы жанармай құю бекетіндегі бағам бойынша АИ-92 маркадағы жанармай құны – 170 теңге, АИ-95 – 195 теңгені құрап тұр. Бұл көрсеткіш осыдан бір ай бұрын АИ-92 үшін 169 теңгені, АИ-95 үшін 190 теңгені құраған. Көп көліктің газбен жүретінін ескерсек, оның бағасы да көз ілестірмей өсіп кеткенін айта кету керек. Бірден 20 теңгеге қымбаттаған өз жерімізден шығатын өнімнің мұнша қымбаттап, қалтаға ауырлық түсіріп отырғанына көлік жүргізушілері наразы. Ал мамандар мәселені елдегі ірі зауыттардың уақытша жұмысын тоқтатуымен түсіндіреді.
Содан болар, кент ішіндегі такси жүргізушілері де бағаны бір күнде аспаннан бір-ақ шығарды. Бұрын аудан орталығында барар жеріңе 200 теңгемен апаратын көліктер қазір 300 теңге ұстатпасаң, орнынан қозғалмайды. Сұрасаң «бензин қымбат» деген жауап аласың. Түсінуге болады, олар да бала-шағаның қамы үшін жеке көлігімен көпшілікке қызмет етіп жүр. Бірақ, сол таксиге жүгінушілер де қарапайым халық қой...
ТАҢБАЛАУ ЖҮЙЕСІ БАҒА ТҰРАҚСЫЗДЫҒЫНА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?
ЕАЭО шеңберінде электронды таңбалау мен өнімдерді міндетті қадағалау жүйесін енгізу идеясы – өзекті әрі даулы мәселе. Одаққа мүше ел ретінде ереже елімізді айналып өтпесі белгілі. Осыған орай Қазақстанда тауарларды міндетті таңбалау жүйесі енгізілуде. Себебі, ұлттық таңбалау жүйесі Одақ көлемінде тауар алмасудың көзіне айналады.
Тауарды таңбалау – өнімнің барлық сауда тізбегі бойынша жүріп өтетін жолын бақылауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе. Қарапайым тілмен түсіндірсек, өнімді өндірушіден бастап тұтынушыға дейін қадағалау арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қорғаныс коды, яғни таңба – қара және ақ өрістерден тұратын DataMatrix форматындағы шаршы немесе тікбұрышты матрицалық штрих-код түріндегі кескін. Ол сүт, ет, тері өнімдері, жеңіл өнеркәсіп, алкоголь, темекі, жалпы экспорт және импорт өнімдерінің қорапшасында болады.
Таңбалаудың басты мақсаты – халықты жалған өнімдерден қорғау және көлеңкелі бизнес пен контрафактіні болдырмау. Аталған код тауарды қабылдау мен жөнелту кезінде өте ыңғайлы әрі қауіпсіз. Криптографиялық шифрлануына байланысты жүйені бұзу немесе таңбаны қолдан жасау мүмкін емес. DataMatrix-коды – бір жағынан, тауарлардың сәйкестендіру нөмірі, атауы, өндірілген күні мен жарамдылық мерзімі, өндіруші ел мен компания туралы мәлімет бере алатын ақпарат көзі болса, екінші жағынан – белгіні көшіріп алудан қорғайтын тексеру коды. Арнайы штрих-кодпен таңбалаудың контрафактіліктен қорғау дәрежесі акциздік маркалаудан әлдеқайда жоғары.
Тұтынып отырған өніміңіз бен тағамыңызға талғаммен қарасаңыз, таңбалау жүйесінің жағымды жағы көп. Тауарды таңбалау жүйесінің енгізілуі тұтынушы үшін ұтымды әрі ыңғайлы болып көрінеді. Алдымен, қолыңыздағы смартфоныңызға қосымшаны жүктеп аласыз. Дүкенге барғанда қажет өніміңіздің таңбасын телефонға «оқытумен» керек ақпаратқа түгел тұщынасыз, көңіліңізден шықса, ақысын төлесеңіз жетіп жатыр. Таңбаланған тауарды таңдауда сатып алушы өнімнің сапасы мен заңдылығына күмән келтірмесе болады.
ҚР Үкіметі таңбалау жүйесінің тұтынушылар құқығын қорғауға қауқарлы екеніне баса тоқталды. Яғни, бірегей зат таңба өнімнің өндірушісінен сақтау мерзіміне дейін ақпараттандыра алады. Арнайы код сатып алушы мүддесін қорғауда бұлтартпас дәлел базасы болып табылады. Тауар сапасыз болып шыққан жағдайда кез келген тұлға шағым түсіріп, заңды түрде дәлелдер ұсына алады. Бұл әсіресе, тұтынушының өмірі мен денсаулығы өнім сапасына тікелей тәуелді болғанда өте маңызды.
Мәселенің бір ұшы, әлбетте, қаржыға тірелмек. Себебі, аталған жүйенің шығыны шаш етектен болғалы тұр. Тәуелсіз сарапшылар мен бизнес өкілдері таңбалау кодтарын қолдану бойынша барлық талапты орындау үшін көп қаржының қажеттігін айтады. Нәтижесі қымбатшылыққа апаруы бек мүмкін. Өйткені, жұмсалған қаржыны қайтарудың бірден бір жолы – өнім бағасын көтеру.
ТҮЙІН.
Жүйе бар, саясат бар, құрғақшылық пен төрт-түліктің қырылуы бар... Не керек, базар бағасының аспандауына себеп пен салдар көп. Айтпақшы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын кәсіпкерлердің ретсіз өсіруге құқысы жоқ екенін ескертпекпіз. Олай болған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 202-бабына сәйкес азық-түлік тауарларына белгіленген шекті бағаларды арттырғаны үшін – 100 АЕК, жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеті үшін – 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын бақылауға мүмкіндік беретін dosmart.kz сайты іске қосылды. Егер сатып алушы бағаның негізсіз өскенін байқаса, бұл туралы сайт арқылы құзырлы органдарға хабарлай алады. Ол үшін чектің суретін фотоға түсіріп жүктесе немесе арнайы бөлікте ақпаратты толтырса болғаны. Осылайша, сатып алушы бағаны бақылауды жүзеге асырып, өз құқығын қорғай алады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ